Жаңалықтар

"БІЗГЕ ҚУАТТЫ ПРЕЗИДЕНТ, БЕДЕЛДІ ПАРЛАМЕНТ, ТИЯНАҚТЫ ҮКІМЕТ ҚАЖЕТ"

"БІЗГЕ ҚУАТТЫ ПРЕЗИДЕНТ, БЕДЕЛДІ ПАРЛАМЕНТ, ТИЯНАҚТЫ ҮКІМЕТ ҚАЖЕТ"

Тараз қаласының Достық үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Закиржан Кузиев өңірдегі Ассамблея мүшелерімен кездесті. Жиынға облыстағы әр ұлт өкілдерінің этномәдени бірлестігінің басшылары, «Ассамблея жастары» мен «Қоғамдық келісім» қызметкерлері, «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының төрайымы Хамида Турдыева және этносаралық татулықты нығайтуда елеулі еңбегі бар, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Парида Мамедова қатысты. Бас қосу барысында Парида Иманжанқызы өңірлік ҚХА мүшелерін таныстырды. – Қазіргі таңда өздеріңіз біліп отырғандай, дүние шыр айналып тұр. Тіпті кей елдердің тыныштығы бұзылып, тәуелсіздігіне қауіп төніп тұр. Осындай кезеңде біздің еліміз тыныштықтың арқасында алға ілгерілеп, өркендеп келеді. Әрине, ел іші іріткіден аман болып, осында жасап жатқан әртүрлі ұлт пен ұлыстардың ынтымағы берік болса, біздің осы тыныштығымыз мәңгі сақталатынына сенімдімін. Оның үстіне қазір көреген саясаткер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған саяси реформаларының арқасында еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Еліміздің болашағы баянды болу үшін бізге қуатты Президент, беделді Парламент және тиянақты Үкімет қажет. Сондықтан мемлекетіміздің болашағына нық сеніммен қарап, оны гүлдендіруге әр азамат өз үлесін қосуы керек, – деді Закиржан Кузиев.

Шапағат ӘБДІР