Кәсіп

БИЗНЕСКЕ ҚАДАМ БАСҚАН ЖАДЫРА

БИЗНЕСКЕ ҚАДАМ БАСҚАН ЖАДЫРА

Тараз қаласындағы Михаил Шолохов атындағы кітапхананың «Коворкинг» білім орталығында жеке кәсіпкер Жадыра Жанаралықызымен кездесу өтті. Оған «Тараз-Ғасыр» колледжінің студентері қатысты.

Жадыра Жанаралықызы бұрынғы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Химия-биология» мамандығын 5 жыл оқып, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің магистратурасын тәмамдаған. Одан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында қызмет атқарады. Осы жерде жұмыс істеп жүріп, химия лобораториясында ғылыми біліктілігін шыңдайды. Химиялық өнімдердің құрамын зерттеп, күнделікті тұрмыста қолданатын әтір сабын, кір сабын, шампунь заттарын өндіретін цех ашуды жоспарлайды. «Кәсіп түбі – береке» демекші, күйеуі екеуі осы кәсіпті ашуға тәуекел жасап, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен келісімшарт жасасады. Осы оқу орнының зертханасында сабын, шампунь, опа-далап өнімдерін өндіріп, бүгінгі таңда сауда дүкендері арқылы кәсібін нарыққа шығарды. Кездесу барысында кітапханашы Назым Қадырбаева мамандық таңдау және кәсіппен айналысу тақырыбына тоқталып, кәсіп етіп, еңбекпен шұғылданудың негізі береке екенін атап өтті. Осы іс-шарада арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, сөз тізгіні жеке кәсіпкердің өзіне берілді. – Көп адамдар «Бұл кәсіпті неге таңдадыңыз? «Мен немен айналысарымды білмей жүрмін? «Қандай бизнес ашсам болады?» «Қандай кәсіпті таңдаса табыс көп болады?» деген сарында сұрақтар қояды. Қазақстанда көптеген адамның таңдаған мамандығы бойынша алған дипломы істеп жүрген жұмысына не кәсібіне сәйкес келмейді. «Мынау осы бизнестен көп ақша тауып жатыр, мен де осының істегенін істеймін» деп немесе «осы мамандықты таңда, осының ақшасы көп болады» деп біреудің айтқанымен жүрудің қажеті жоқ. Адам алдымен өзін зерттеуі керек. «Мен неге қабілеттімін?», «Басқалар мұны жасай алмайды, ал мен сол істі аяғына дейін жеткіземін» деген секілді әркім өзінің мінез-құлқына сәйкес, жүрегіне жақын, сүйіп жасайтын іске мамандануы керек. Қызықты ісің өзіңе көп табыс әкелсе – сол бақыт! Кәсіпті таңдағанда, ең алдымен, өзің жақсы көретін 20 істің тізімін жаз. Содан соң ойланып отырып керек еместерін сызып, онын қалдыр. Сосын жетеуін, одан кейін үшеуін қалдыр. Осылайша идеяның тізімін саралай келе, біреуіне тоқталасың. Мен бала күнімнен химия, физика сияқты жаратылыстануға қатысы бар кітаптарды ақтарып отыратынмын. Оның ішіндегі түсініксіз формулалар мен үшін қызық еді. Үлкендерден «Қиын ба мынау?» деп сұрайтынмын. «Жоғары сыныпқа өткенде көресің» дейтін олар. Мектепте химия пәнінің мұғалімі сыныпқа кіргеннен оқушыларды баурап алып, сабағын өте қызықты өткізетін. Химия сабағын жақсы көргендіктен мамандық таңдауда үлкен септігін тигізді. Негізі өмірде сенің тағдырыңа қатты әсер ететін екі нәрсе болса, соның бірі – мамандық таңдау. Мектепті үздік аяқтағаннан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Химия-биология» мамандығын 5 жыл оқып, үздік дипломмен бітірдім. Өте қызықты кез – студенттік күндер ғой, шіркін! Қайран студенттік күндерім! Сол жылы тұрмыс құрып, Тараз өңірлік университетінде химия мамандығы бойынша магистратурада 2 жыл оқып, үздік диплом алдым. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында химия кафедрасында 15 жылдай оқытушы болып қызмет істедім. Зертханада химиялық заттармен жұмыс істеу дағдыларым қалыптасты. Дегенмен бір айлықақыға қарап отыра беремін бе, өз мамандығыма сәйкес кәсіп ашайын деген мақсат болды, – дейді жас кәсіпкер. Бүгінгі таңда өз кәсібін ашып, жастарға үлгі болып жүрген кәсіпкер өзінен кейінгілерге ақыл-кеңес беруде аянып қалған емес. Мақсаты – қоғамда қолынан іс келетін жастардың кәсіппен айналысуына түрткі болу.

Нұржан ӘЛІШ