Жамбыл жаңалықтары

Жол салу жұмыстары жалғасады

Жол салу жұмыстары жалғасады

Мемлекет ауылды көркейтуге күш салып келеді. Соның нәтижесінде Байзақ ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша былтыр республикалық бюджеттен 959 278 мың, ал аудандық бюджеттен 111 853 мың теңге бөлді.

Бұл қаржыға аудандағы жалпы көлемі 56 шақырымды құрайтын 53 көшені жөндеу жоспарланған болатын. Сөйтіп, біз былтыр Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр, Қонаев көшелері жанындағы жаяу жүргінші жолымен қоса, Мырзатай ауылындағы 10 көшені, Сеңкібай ауылындағы 4 көшені, Дихан-2 ауылындағы 6 көшені және Абай ауылындағы 7 көше мен Көктал ауылындағы 11 көшені «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы орта жөндеулерден өткіздік. Сонымен қатар аудандық маңызы бар жалпы көлемі 2 385 шаршы метр келетін жол жөнделді. Олардың ішінде Кеңес, Байзақ, Мәдімар, Ақшолақ, Аймантөбе ауылдарына кіреберіс жолдар да бар. Ал аудандық маңызы бар жолдарға 33 жол белгісін, 8 жол кедергісін орнаттық. Биыл Қостөбе, Түймекент, Үлгілі, Жалғызтөбе ауылдық округтері көшелерін жөндеуге басымдық беріледі. Аудандағы елді мекендердің барлығы да электр энергиясымен және газбен толық қамтылған. Аудандық электр жүйесі мекемесі аудандағы электр энергиясының тұрақты берілуін қатаң қадағалап отырады. 2019-2022 жылдары мемлекеттің «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында бірнеше ауылдық округтегі ескі электр желілері, бағаналар ауыстырылып, көше жарықтары орнатылды. Мәселен, өткен жылы Сарыкемер ауылдық округіне подстанса орнатуға 970 миллион теңге қарастырылып, Бурыл, Ақшолақ орта мектептерінің аумағын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй мәселесі өте өзекті болып отыр. Себебі аудандағы халық саны жыл өткен сайын көбейе түсуде. Бүгінде тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 1 990 азамат кезекте тұр. Ал енді ауызсу мәселесі бойынша мемлекеттің «Ауыз су», «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» тәрізді бағдарламаларының аясында аудандағы 43 елді мекеннің 30-ы ауызсумен қамтылған. Олардың 27-сіне «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, қалған 3 елді мекенге «Теміржол су» ЖШС қызмет көрсетеді. Өткен жылы Аққия, Сарыбарақ, Ақтөбе, Ботамойнақ, Қосақ, Жеңіс, Жібек жолы, Тегістік ауылдарына республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражаттар бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар биылғы жылға өтпелі болғандықтан қайта жалғасатын болады. Сондай-ақ аудандағы Төрткүл, Қайнар, Жаңасаз ауылдары халық саны аз елді мекендерге жатады. Осыған сәйкес бұл ауылдарға суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жоспарланып отыр. Ал Төрегелді ауылын Жібек жолы ауылымен бірге ауызсумен қамту бағытында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Талғат ЖАМАЛОВ, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары