Күллі алаштың ұстазы ұлықталды
Күллі алаштың ұстазы ұлықталды
Атап айтар болсақ, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «А.Байтұрсынұлы: Тәуелсіздік және қазақ тілі» атты республикалық конференция өтті. Жиын офлайн және онлайн форматта өрбіп, оған өңірдегі ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары және тіл жанашырлары қатысса, еліміздің өзге облыстарынан да қатысушылар басқосуға «ZOOM» платформасы арқылы қосылды. Отырыстың тізгінін облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ұстады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан «Ахмет Байтұрсынұлы феномені: ғалым, ғалым-ағартушы, ғалым қайраткер» тақырыбында лекция оқыды. Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешов «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт өркениеті» тақырыбында баяндама жасады. Жиында сөз алғандар Ахмет Байтұрсынұлының бойындағы талантты тәпсірлеп, ол туралы айтылар әңгіме мың күн айтса да таусылмайтынын, тұлға жайлы ізденген адамның өзі ғалым болып шығатынын, ұлт ұстазын ұлықтаудың маңызы айрықша екенін, тілге, ұлтқа қызмет етудің жемісі мәңгілік болатынын тілге тиек етті. – Жаңа Қазақстан құрамыз десек, онда ұрпақ ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын жаңаша қырынан тануы тиіс. Бүгінгі болып жатқан жиналыстың да мәні осында. Мұнда баяндама жасағандардың әрбірінің сөзі Ахмет Байтұрсынұлының әлі де ашылмаған қырларына арналуымен құнды болды. Шынында да Ахмет Байтұрсынұлын қай жағынан алып қарасақ та ұлт үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Ахаңның «феноменге айналатын тұсы» деп оның біздің тіліміздің методикасы мен методологиясын жасап шыққан еңбегін айтуымызға болады. Бүгінгі келген ғалымдар да ұлы тұлғаның осы қырларын толық ашып берді. Менің жадымда қалған тағы бір сөз Ербол Тілешовтің ойы жайында. Ол «Ахмет Байтұрсынұлы жай конференция қалпында немесе сабақта оқытылатын дүние болып қалмауы керек. Ол әр қазақпен күнде бірге өмір сүруі қажет» деді. Міне, бұл ғалымға деген құрметтен туған шынайы пікір болды деп есептеймін. Шынында да Ахмет уақыттан озып туған біртуар тұлға әрі ұлы ғалым, – деді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева.