Жаңалықтар

«Көз көргендердің әңгімелері

«Көз көргендердің әңгімелері

Кеңес одағының бет қаратпайтын отарлық саясатының жүргізіліп жатқан кезеңінің өзінде де еліміздің тәуелсіздігін аңсап, ел тұтастығын сақтап қалуға өз үлестерін қосып кеткен тұлғалар аз емес. Еліміздің өз бетінше дербес мемлекет болып, басқа мемлекеттермен үзеңгі теңестіріп кететіндігіне әдейі күмән келтіріп, оны барынша болдырмауға, ұлтымызға қиянат жасап, осындай кең байтақ жері бар, түрлі қазба байлықтары бар қазақ елін «май шелпек» қылып, жерін пайдаланғысы келіп отырған алакөздер аз болмаған, әлі де аз емес. Бұл тәуелсіздік – халқымыздың маңдайына біткен нәсібесі, ниетіне берген сыйлығы шығар, әйтеуір, мемлекетіміздің билік тізгіні өз қазағымыздың қолында. Осы орайда, еліміздің біртұтастығының ыдырауына жол бермей, қисық және әділетсіз саясатқа қарсы тұрып өз қызметтік жолын құрбан еткен еліміздің біртуар азаматы Жұмабек Тәшенов атамыз туралы бірер сөз шертсек. Жалпы, бұл азамат туралы кеңес кезінде, тіпті тәуелсіздік алған кезеңнің алғашқы жылдарында еш ақпарат жарияланған жоқ, көпшілік оның елі үшін жасаған өлшеусіз ерлігі туралы естіп-білген де жоқ. Осы кісінің көзін көрген халқымыздың қилы тарихын зерттеушілердің бірі - атақты жазушымыз Әбдіжәмил Нұрпейісов атамыздың өз мақаласында суреттеген кездесуі әрдайым айтылуы керек, орайы келгенде әр уақыт ел құлағына жеткізіле беруі керек. Жазушы, 2019 жылдың 10 қазанындағы «Ана тілі» газетіндегі «Тәуелсіздігіміздің тұлғалары» деген мақаласында екеуара кездесулерін суреттеген. Мақала ауқымды жазылған. Соның ішіндегі бүгінгі кейіпкерімізге қатысты жерін ғана ұсынғалы отырмын. «Тәшеновті өмірімде екі-ақ рет көріппін. Литературный институтты бітіріп, Алматыға келдім. Төртінші линияда пәтер жалдап төрт жыл тұрдым. Ілияс Омаров бұл кезде киностудияда директор. Мен білерде – өмір бойы аурудан шықпаған адам. Соған қарамастан, жұртқа сыртынан қамқорлық жасап, қолынан келгенше шарапатын тигізіп жүруші еді. Бір күні маған телефон соғып: «Сенің үйің жөнінде Тәшеновпен сөйлестім. Сұран. Қабылдайды» деді. Тәшенов қабылдады. Әңгіме қысқа болды. Оқып жүргенде туған кішкентай қыздарың бар – үш жан екенсіздер. «Карл Маркс пен Калининнің бұрышынан үлкен үй бітіп жатыр. Үш бөлмелі пәтер берем» деді. Берді. Апрель айы. Түс кезінде телефон шырылдап оның тұтқасынан Мұқаң (Мұхтар Әуезов) – Сен шал секілдісің, шақырмаса келмейсің. Мен бүгін түстегі пойызға шығам. Үйде кісілер болады. Сен де кел, – деді. Келсем үй іші толған ақын, жазушы, оқымыстылар. Біраздан кейін бәріміз апыр-жапыр сыртқа шықтық. Вокзалға бардық. Көкшолақ пойыздың орта тұсындағы жайлы, жұмсақ вагонға Мұқаңның саквояжын апарып қойды. Өзіміз сыртта. Вагонның алдында тұрғанбыз. Көп арасынан біреу: «Тәшенов» деді дауысын көтермей ақырын, жай ғана. Бәріміз жалт қарап едік, шынында да, мынау Жұмабек Тәшенов. Екі жағында сырықтай, аққұба екі жас жігіт. Вокзалдан шықты да, еш жаққа бұрылмай, тура бізге келді. Мұқаңмен, сосын бізбен амандасты да, жаңағы Мұқаңның саквояжы жатқан вагонға мінді. Содан, енді қайтып сыртқа шыққан жоқ. Бұл, Ташеновтің Хрущевпен айқасқаннан кейін орнынан босап, Шымкентке бара жатқан беті екен. Бұл, енді 1965 жыл еді. Май айының басы болатын. Аударылып біткен «Қан мен тердің» бірінші кітабы Мәскеудегі атақты журналдарда бір мезгілде бірден үш жерде басылып жатқан. Мәскеуде ұзақ жатып қалғам. Үйге асықтым. Самолетпен Шымкентте жүрген әйеліме ұшып келдім. Ташкентті көргіміз келді. Әуелі обкомның идеолог хатшысы Задинге, сосын Тәшеновке кірдім. Жұмекеңнің кабинеті ұзыншалау, шағын бөлме екен. Оң жақ қабырғаға тақап қойған, ұзын дейтін ұзын, қысқа дейтін қысқа емес, қызыл-қоңыр сырмен боялған тақтай стол. Дәл сондай жеті, сегіз орындық. Тақтай еден болса да жалаңаш. Үкіметті басқарған сонау кездегі атшаптырым кабинеттің сәні мен салтанаты көз алдымда тұр. Ал, енді мына не диваны, не дорожкасы жоқ қос уыс жүдеу кабинет көңілімді құлазытып жіберді. Бір ғажабы, мен қомсынғанмен, өзінің миына кіріп-шықпайтын сияқты. Жайғасып отырғасын жағдайымды сұрады. Сөзінен әдебиет, мәдениеттің жанашыры екені байқалды. – Бұнда қанша боласың? – деді. – Ташкентті көрген жоқ едім. Ертең келініңізбен екі күнге Ташкентке жүрем, – деп едім. – Ташкент үлкен қала. Екі күн аз ғой, – деді де, – Көлік бар ма? – деп сұрады. – Задиннен жаңа көлік сұрап а-ал... – Қой! Бейшараның мініп жүрген жалғыз машинасын қайтесің – деді де, кнопканы басып еді, ішке ұзын бойлы ашаң жүзді әйел кірді. – Мына жігіт жазушы. Ташкентке барады. Бір жеті... естіп тұрсың ба, бір жетіге гараждан машина бер. Қанша дегенмен, басқа ел ғой. Жаңа машина болсын. Әйел басын иіп, бұрыла берген-ді. – Тоқта, – деді Жұмекең. Әйел үнсіз, тосып тұр. – Гараждағы шопырларыңның көбі орыс. Бастықтар болмаса, олар қазақтың ақын, жазушысын қайтсін. Шопырға қатты ескерт. Мінез шығарып, қиқаңдап жүрмесін. Енді кете бер! Әйел шығып кетті. Оңаша қалдық. Жұмекең қос қолын айқастырып столға салды да, не ойлағаны белгісіз, көзін төмен салып, үн-түнсіз сазарып отырып қалды. Мен көзімнің астымен жасқаншақтап қарадым да, демімді ішіме тартып, қыбырсыз отырғам. Жұмекеңнің бойын тіктеп, басын көтеріп алғанын байқамай қаппын. – Перед своим народом моя ­ совесть чиста, – деп, сәл діріл енген зор даусы саңқ етті. Тұла бойым түгел дір етті. Қалай қоштастым. Рақмет айттым ба, жоқ па есімде жоқ. Тек есіктен шығып бара жатып, қолыммен көзімді сүрткенімді білем. Бұл Жұмекеңді екінші көргенім еді. Осы жолы да, осының алдындағы алғашқы кездескенім де әлдеқалай атүсті алым-берім әңгіменің о жақ, бұ жағы ғана. Демек, аз... тіпті аз, білем. Кәзір ойлап қарасам – бұл кісіні ақиқат анық білгенім – әне бір – еліміз, жеріміз әңгімелі болып, іргеміздің тұтастығы мен бүтіндігіне қатер төніп тұрғанда Қонаев та, басқа да емес, өзінің бар азаматтық бітім-болмысымен жарқ етіп көзге түскен жалғыз қазақ осы еді. Дәл сол тұста ойына не келсе, соны істеп жүрген Хрущев қабылдау кабинетіне әуелі Қонаевты, сосын Тәшеновті жеке қабылдап отырып, «Арқадағы бес облысты РСФСР-дың құрамына басыбайлы қосып беруді ұйғарып отырмыз. Жаңа Қонаевты көндірдім. Енді сен де келісіміңді бер» дегенде, Тәшенов «Жер – халықтікі ғой. Өз жерін халықтың өзі шешеді. Оны сыртынан билеп Қонаев та, мен де шеше алмаймыз» деп, тайсалмай, тура айтқан екен. Хрущев: «Онда бұл мәселені сендерсіз политбюрода қарап, өзіміз шешеміз» депті. «Өздеріңізде шеше алмайсыздар. Үйткені Конституцияда «жер – халықтікі» деп жазылған» депті Тәшенов. Хрущев бұған не дерін білмей, тас-талқан боп ашуланыпты да, бас салып боқтапты. Тәшенов те өз заманында Хрущевқа тайсалмай қарсы шыққан жалғыз қазақ. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Бір ғана мысал. Зұлымдық пен жауыздық үстемдік құрып тұрған сонау қарғыс атқыр заманда, естеріңде бар ма, елі, жері, суы үшін басын бәйгеге тіккен жалғыз адам еді. Керек десе, балаларының, тіпті анадай дәрежесі биік, мәртебелі ұлық орынға да қолды бір сілтеп, отқа түсіп еді ғой. Халық айтса, қалт айтпайды. Хрущевпен шиедей боп бет жыртысып шыққаннан кейін, Қонаев сол күні Жұмабек Тәшеновпен кездесіпті. «Хрущев меня к стене так прижал, мне ничего не осталось – дал согласия. Сен «Жер – халықтікі. Өз жерін халықтың өзі шешеді» депсің ғой. Сосын екеуің боқтасып қалғансыңдар ма, қалай?» депті Қонаев. «Жоқ, боқтаған ол. Мен тек оған «Никита Сергеевич, ругаться я тоже умею. Пожалуйста, не принуждайте меня обращаться к блатному жаргону паханов» дегенім рас. Сонда ырза боп кеткен Қонаев «жолбарыстай жүректісің-ау, Жұмабек!» депті. Ия, Нұрпейісов атамыз көркем әдебиет жазушысы болғандықтан ба, сөздері жүрекке жетімді. Толғандырып, тебірентіп жібереді. Өзі арыстай ағамыз Ж.Тәшеновпен екі ақ рет сұхбаттас болған. Екеуінде де ол кісі бір сөзге келмей бір емес, екі мәселені демде шешіп берген. Әңгіме мәселе шешкенінде емес, іскерлігінде, адам мұқтаждығына кіре білуінде. Батыр атамыз туралы ақпарат өте аз. Оны ел билігінде де көп қызмет істеткізбей, өзінің деңгейіне лайық емес лауазымға төмендетіп, ешкімге көрсетпей бір қуысқа тығып тастаған деуге болады. Бір өзінің жасаған ерлігі ғасырлар бойы жер қорғаған аталарымыздың батырлығынан бірнеше есе зор десек артық емес. Соншама қаны төгілген бабаларымыздың еңбегін еш еткізбей, жер тұтастығын өжет мінезімен сақтап қалған. Айталық, сол кезде көрсетілген қысымға шыдай алмай Хрущевтің айтқанына келіскен болса, болмаса үндемей құтылып, енжарлық танытса да теріскейдегі бес облысымыздан сөз жоқ айырыларымызға күмән жоқ. Тіпті, біздің мұндай ынжықтығымызға үйреніп алған отаршылар қалған жерлерімізді де басқа шекаралас республикаларға бөліп беріп, тұтастығымыздың, мемлекеттігіміздің жоғалуына әкеліп соқтыруына кім кепіл бола алады? Ә.Нұрпейісов атамыздың бұл сөздері бұрын баспа бетін көрсе де, бір-екі адам болса да оқыса екен, білсе екен, жастарымыздың тәуелсіздіктің құнын бағаласа екен деген оймен әдейі жазып отырмын. Жұмабек атамыздың әруағы риза болсын, оның халық алдындағы ерлігі кең насихатталып, ұмытылмасын. Ардақ ӘКЕТАЕВ, Жамбыл облыстық сотының судьясы