Әлеумет

БАСТЫ ТАЛАП – БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ

БАСТЫ ТАЛАП – БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте бірқатар мәселелер қаралды. Алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша өңірдегі инфляцияның қалыптасуы жөнінде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады.

Облыс әкімі аталған жиында тұрақтандыру қорын негізгі әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерімен толтырып отыру жұмыстарын үздіксіз атқару, сауда орындарында үстемеақыны 15 пайыздан асырғандарға айыппұл қолдану және өндіру шарасын күшейту керектігін баса айтты. Сондай-ақ сауда дүкендерінің сөрелерін өз өңірімізде өндірілетін өнімдермен қамтудың маңыздылығын атап өтті. Форвардтық келісімшарттарды арттыра отырып, олардың нақты іс жүзінде нәтижелі орындалуы да басты назарда болу керектігін ескертті. – Бүгінде мемлекет тарапынан халықтың жағдайын жақсарту, тұрмысын арттыру бағытында ауқымды шаралар қабылдануда. Бұл орайда өңірлік деңгейлерде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі маңызды. Осы орайда жұмысқа деген көзқарасты өзгертетін кез келгенін тағы да еске саламын. Кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізу үшін көмек көрсетуіміз қажет. Жауапты басшылар, мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі тиіс. Басты талап – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізу. Ол үшін бізде қажетті шаралар қабылданып, жоспар әзірленген, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ жиын барысында тұрақтандыру қорының қызметі, көктемгі егіс-дала жұмыстарының барысы, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы да талқыланды. Аймақ басшысы жаздық дақылдардың жоспарлы көлемі орындалмай отырған бірқатар аудандардың басшыларынан жауап алды. Бөлінген жанар-жағармайдың игерілуі, тұқыммен қамтамасыз ету, техникалардың жұмысына қатысты мәселелердің бар-жоғын нақтылады. Басқосуда қаралған барлық сұрақтар бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы да сараланды. Жиын соңында облыс әкімі жауаптыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдауды тағы бір еске салды. «Айналым қаражаты» схемасы бойынша бөлінген қаржыны игеруді, сауда орындарына делдалсыз өнімді өткеру жөніндегі тапсырманың сапалы орындалуын қадағалауды да ұмыт қалдырмады. Көктемгі егіс-дала жұмыстарын мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді, «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекендерде жобаның сапалы іске асырылуын арнайы жұмыс тобын құрып, тұрақты зерделеуді тапсырды.