ТАБЫСҚА КЕНЕЛУДІҢ ЖАМБЫЛДЫҚ ЖОБАСЫ
ТАБЫСҚА КЕНЕЛУДІҢ ЖАМБЫЛДЫҚ ЖОБАСЫ
Аймақ басшысы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндады. Пилоттық жобаның бес бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге (2,5 пайызбен несие беру үшін), жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге (5 пайыз) бөлінді. Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде 10 ауданның 11 ауылдық округі қамтылып, 2489 өтінім несиелендірілді. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша пилоттық ауылдық округтерде орналасқан 7856 ауладағы 932 гектар жерге екі айналыммен жеміс-көкөніс және бақша өнімдері егілген. Нәтижесінде 978,7 миллион теңгені құрайтын 11,5 мың тонна өнім өндірілген. Сондай-ақ 14 жылыжай құрылысына 119,2 миллион теңге бөлінген. Екінші бағыт бойынша (мал шаруашылығын дамыту) ауыл тұрғындары 6,9 миллиард теңгеге 45 мыңнан астам мал сатып алған. Пилоттық ауылдық округтерде 4243 тонна ет және 8304 тонна сүт өндірілді. Үшінші бағыт аясында (ауыл сыртындағы бос жерлерді тиімді пайдалану) алынған малды арзандатылған жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 228 шаруа қожалығы мен 1509 кооператив мүшелерінің ауыл сыртындағы жерлері біріктірілді. Жалпы біріктірілген 10 113 гектар жерді игеруге қажетті сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін 230,1 миллион теңгеге айналым қаражаты есебінен кооперативтер қаржыландырылды. Төртінші бағыттың мақсаты кооперативтерді жабдықтау десек, барлығы 11 кооператив 972,4 миллион теңгеге 190 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бесінші бағыт – бизнес-жобаларды қаржыландыру. Бұл бойынша 11 жобаны іске асыруға 56,2 миллион теңге қаралған. Нәтижесінде 27 жаңа жұмыс орны құрылып, 145 тонна өнім (нан, бал, кондитерлік өнімдер) өндірілген. – Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған пилоттық жобаның өңірдің дамуы үшін маңызы зор. Осы жобаның арқасында 589 жаңа жұмыс орны ашылды, жұмыссыздар саны 194 адамға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 1058-ге қысқарды. Қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге дейін өсті, немесе 165 пайызға өсті. Жобаның бес бағыты бойынша жұмыс жалғасады. Жоба аясында қайтарылатын несие қаражаты есебінен тағы 3 ауылдық округтің тұрғындарын несиелендіру жұмыстары жүргізілуде, – деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұржігітов. Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, біздің облыстың тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін баса айтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі