Міндет – айқын, мақсат – ортақ
Міндет – айқын, мақсат – ортақ
Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев шараның күн тәртібін баяндап, Жолдаудағы маңызды мәселелер мен айқын ерекшеліктерді атап өтті. – Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 16 наурызында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, мемлекеттің саяси дамуының 10 бағытын айқындап берді. Президентіміз айтқандай, саяси жаңғыру – нәтижелі жүзеге асуы үшін баршамыз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Заң – баршаға ортақ. Бұл ретте билік пен қоғам біріге отырып, «Жаңа Қазақстанның» іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімінде қалануына белсенді түрде атсалысуы керек. Жолдауда жүктелген басымдықтарды жүзеге асыруда ашықтық пен жүйелілікті негізге ала отырып, әрбіріміз тиімді әрекет етуге тиіспіз. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауының мәні мен маңызы айрықша. Сондықтан облыс тұрғындары арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Қаңтар оқиғасынан» кейін құрамында 130 мүшесі бар 11 топ құрылып, өз жұмысын бастаған еді. Қазіргі таңда ел арасында «Жаңа Қазақстан» құру мәселесі қызу талқыға түсіп, оң пікірлер қалыптасып жатыр. Өркениетті ел болу жолындағы қарқынды жұмыс тоқтамауы керек! Бүгінгі кездесуіміздің де басты мақсаты – осы, – деді Алмас Кадырбекұлы. Жиында алдымен облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов сөз алып, Жолдаудың маңызды тұстарына тоқталып, түсіндіру жұмыстарын одан ары ширату, жастардың белсенділігін арттыру секілді ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен бірге басқосуда Талас аудандық мәслихатының депутаты Үміт Битенова, тарихшы, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы» мекемесінің директоры Сауран Қалиев, Білім және ғылым салалық кәсіподағының өкілі, Тараз қалалық кәсіподақ ұйымының бас маман-заңгері Арман Ыстыбаев, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Марал Исакулова, Халықаралық Тараз инновациялық институтының имидждік жұмыс және қоғаммен байланыс секторының жетекшісі Бахтияр Бекназаров сөз алып, Жолдау аясындағы атқарылар жұмыстар бойынша өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасты. Жиын соңында Алмас Садубаев аға толқын ардагерлер мен қоғам белсенділеріне Жолдауды жастарға, жалпы ел арасында дұрыс насихаттап, ақпараттандыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізгені үшін алғыс білдірді.
Айжан Өзбекова