Жамбыл жаңалықтары

ҚОРДАЙДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ТІРЛІК КӨП

ҚОРДАЙДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ТІРЛІК КӨП

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына іссапармен барып, Отардағы Биофармацевтикалық зауыттың құрылысымен танысты.

Зауыт жұмысымен арнайы танысқан аймақ басшысы құрылыс компаниясының қызметкерлерімен жиын өткізіп, зауыттың салыну барысы бойынша есебін тыңдады. Әрі зауыт қызметкерлерін Ғылым күнімен құттықтап, оларды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. – Осы зауытта қызмет істеп, кеше ғана Ұлттық ғылым академиясының басшылығына барған Күнсұлу Закария сияқты ғалымдарымызбен мақтанамыз. Сіздер де өз еліміздің ғылымын дамытуға үлестеріңізді қосасыздар деген сенімдеміз, – деді облыс әкімі. Айта кету керек, Биофармацевтикалық зауыттың құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Биыл құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 60 жұмыс орны құрылып, жылына 30 миллионнан 60 миллионға дейін вакцина құйылады деп жоспарлануда. Былтыр Президент ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сол Жарлық аясында қабылданған құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырған. Осы тапсырмамен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында біраз жұмыстар қарқын алған болатын. Аталған бағдарламалардың ауылға жетуін қадағалау үшін ауыл, аудан, облыс деңгейіндегі әкімдер тұрғындармен жиі кездесу өткізіп келеді. Облыс әкімі Н.Нұржігітов өзінің кезекті сапарында Отар ауылдық мәдениет үйінде аталған ауылдық округтің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Президенттің адами капиталды дамыту мәселесі туралы сөз қозғаған әкім алда тұрғындардың білім және денсаулық сапасын арттыру мақсатында жұмыс жасалатынын айтып, тұрғындардың арыз, тілегін тыңдады. Халықтың көбі жол, көпір және жер мәселесі туралы өз шағымдарын айтты. – Президенттің былтырғы шыққан Жарлығына сәйкес ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, олардың мәселесін шешу – біздің парызымыз. Бүгінгі туындап отырған проблемаларды оңтайландырып, сіздерге жайлы өмір қалыптастырып беруге барымызды саламыз. Ең бастысы, өздеріңіз де біздің жасап жатқан жұмысымызға қолдау білдіріп, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, – деді облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы. Сонымен қатар аймақ басшысы «Кенен береке» ауылшаруашылық кооперативіне де ат басын бұрып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Мұнан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Бетқайнар ауылындағы №7 техникалық колледж студенттерімен кездесті. «Жас маман» жобасы аясында материалдық-техникалық базамен жабдықталған колледждің тыныс-тіршілігімен танысты.

Шапағат ӘБДІР, Қордай ауданы