Қоғам

Екі жүрек – бір арман!

Екі жүрек – бір арман!

Бір шаңырақ астында, бір қызмет саласында да бірге жүріп, «Отан отбасынан басталады» деген қағиданы қатаң ұстанған жандардың қатарында төтенше жағдайлар департаментінің де қызметкерлері бар. Өрттен бұрын лаулаған кеуделердің оты әлі де маздап тұр. 

Біздің кезекті кейіпкерлеріміз облыстық төтенше жағдайлар департаменті күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жеңіс Қайнарбаев пен Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы, азаматтық қорғау сержанты Мадина Қуатбекова. Олардың да өз тағдыры, өз махаббат баяны бар екен. – «Махаббат мәңгі ертегі» дегендей, біздің бала махаббатымыз сонау 2009 жылдан бастау алады. Ол уақытта мен Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып қызмет атқарып жүрген қылшылдап тұрған жігіт едім. Бір күні диспетчер болып қызмет атқаратын Мадина деген аруға көзім түсті. Оның да уылжыған уыздай болып тұрған кезі еді. Қызмет бабымен бір күні телефон арқылы сөйлесіп қалдық. Сол кезде оның телефонның арғы жағынан шыққан дауысы менің тұла бойымды балқытып, тоқ ұрғандай сезімде қалдырды. Содан бастап менің оған деген ғашықтығым өрттен де күшті алапат сезімге ұласты. Сонымен көзім байланып, жүрегімнің қағысы жиілеп, оған не айтарымды білмей ұзақ жүрдім. Бір күні не де болса тәуекелге бел буып, алғаш рет оған серуендеп қайтуға ұсыныс жасадым. Ол да кет ары емес көрінді. Сонымен не керек, мен оны бірінші кездесуден-ақ алып қашып кетуге бел будым. Сөйтіп, болашақ жарымды, өз бақытымды осылайша тапқан едім. Содан бері бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Қазіргі таңда жан жарым, Құдай қосқан қосағым Мадина Ержанқызы екеуміз көпбалалы отбасылардың қатарындамыз, – дейді подполковник Жеңіс Қайратұлы. Әрине, «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, бір салада жүріп, өзімен бір мамандықта бір ниеттес, бір тілектес болып отыратын жандардан болғанға не жетсін?! Домбыраның екі ішегіндей, түйенің екі өркешіндей болып өмір мен тұрмысты, мамандық пен жұмысты бірге алып жүрген жандар қашанда елдің елеулісі, халықтың қалаулысы бола бергей.

Шапағат ӘБДІР