Қоғам

Сіз үйленуге қалай ұсыныс жасадыңыз?

Сіз үйленуге қалай ұсыныс жасадыңыз?

Отбасын құру – әрбір жұптың өміріндегі ең маңызды қадам. Соңғы уақытта жастар арасында үйленгелі жатқан қалыңдығына «Маған тұрмысқа шықшы» деп арнайы ұсыныс жасау сәнге айналды. Жігіттер бұл рәсімге дайындалып, бірінен-бірі ерекшеленгісі келіп, небір креативті тосынсыйларды ойлап табуда жарысқа түсіп жатқандай. Ал тұрмысқа шығатыны белгілі болса да бойжеткендер жігітінен арнайы ұсынысты күтеді.

Тарихи деректерге сүйенсек, қалыңдыққа ұсыныс айту дәстүрі біздің дәуірімізге дейін пайда болғанын білуге болады. Ал сүйіктісінің алдында жігіттердің тізе бүгу дәстүрінің қашан пайда болғаны жайлы ешкім айта алмайды. Бір анығы, ол да ежелгі дәуірден бастау алады. Дегенмен шетелде бұл салт әлі күнге дейін сақталғанын олардың фильмдерінен көріп келеміз. Ал бізге қалыңдыққа ұсыныс жасау рәсімінің келгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен жастар арасында оны өткізу қарқыны күн санап артып келеді. Оның үстіне бұрынғыдай емес, қазіргі таңда қалтаңызда қаражат болса кез келген арманыңызды іске асыруға мүмкіндік мол. Мәселен, «Marry_me_taraz» инста-парақшасы арқылы өзіңіз қалаған безендіруге тапсырыс бере аласыз. Кәсіп иесі Ерсін Әбдраман өткен жылдан бері қалыңдыққа ұсыныс айту рәсімін ұйымдастырып келеді. – Бұл қызметпен айналысып келе жатқанымызға бір жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта біздің қызмет арқылы шамамен 150 шақты жігіт сүйіктісіне сезімін білдіріп, жұптары жарасты. Біз кез келген қайырылушының тапсырысына орай безендірулер жасап береміз, кейде біздің ұсынысымыз көңілінен шығып жатады. Безендірудің де бағасына қарай әртүрлісі бар. Кәсіпті енді жүргізіп жатқандықтан әзірге арнайы кеңсеміз жоқ. Тапсырысты «Instagram» парақшасы арқылы қабылдаймыз. Сөз салудан бөлек, біз «Gender reveal party», тұрмысқа шығатын қыздың құрбыларымен қоштасу кешін (девичник), туған күн сияқты іс-шараларды да ұйымдастырамыз. Бізге тапсырыс берушілердің жас ерекшеліктері де әртүрлі. Тіпті кейде ұсыныс айтатын қызына, оның ыңғайымен санаспай, думандатып үйленуге ұсыныс жасап, оған қыздың келіспей қалып жататынына да куә болғанбыз. Кейбір бойжеткендер өзіне ұсынысты қалай, қандай жерде, қандай безендірумен жасалатынын өздері таңдап жатады, – дейді Ерсін Асқарұлы. «Кейбіреулер тұрмысқа шығу ұсынысын айту үшін шоу жасап жатады. Әрине, бұл сырт көзге романтикаға толы әдемі оқиға болып көрінеді. Бірақ махаббат деген – екі адам ғана түсінетін жасырын әлем емес пе?» дейді қалалық бойжеткен Анар Нұржанова. – Ұсыныс жасалар сәттің тек екеумізге ортақ болуын қалаймын. Бала кезімізден «Хәрри Поттер» фильмін де, кітабын да құмарлана көріп, оқыдық. Магия әлеміне қадам басып, достықтың, шынайы махаббаттың құдіретін ұғындық. Дәл осы «Хәрри Поттер» әлемі Лондон қаласында бар. Ұсыныс жасау үшін жігітіммен арнайы Англия астанасына ұшып барып, осы мұражайды аралауымызды армандаймын. Сиқырға толы әлемді тек екеуміз ғана бақыласақ тіпті керемет болар еді, – дейді ол. Жоғарыда жазғанымыздай, жігіттер қауымы бұл маңызды күннің ерекше өткенін, болашақ қалыңдығының көңілінің пернесін басып, ерекше әсерде қалатындай етіп жасағысы келетіні рас. Бірақ кейбір бойжеткендер мұндай тосынсыйдың оңашада, таныстардың ортасынан тыс жерде болғанын қалайды. – Өмірімдегі ең әсерлі ұсыныстың оңашада жасалғанын қалар едім. Нәзіктік пен сенімділік сөзсіз байқалатын арақатынастың әдемі қорытындысы болса екен деймін. Әсем ақ раушандарға толы гүл шоғы мен маржан жүзік болса деймін, – дейді тағы бір қала тұрғыны Әмина Ескермес. Мақаланы жазу барысында өзінің сүйікті ер-азаматынан ертегідей ерекше тосынсый күтіп жүрген Алуа Мыңбай есімді арудың да пікірін тыңдап көрдік. – Маған елдің барлығы жасайтын дүниелер көп ұнамайды. Кішкентайымнан ішіме сақтап жүрген арманым басқа. Яғни мен және таңдаулым, тау етегі, сарқырама немесе көл жағасы. Әдемі табиғат, шыршалар, таза ауа. Және де мен сөз салып жатқанда 101 қызыл раушанды емес, күлгін, көк және ақ түстерден құралған гүлдер композициясын алғым келеді. Сөз салу маған тосынсый болғанын қалаймын, шын жүрегіммен қуануым үшін, ұмытылмас эмоция үшін бұл өте маңызды деп ойлаймын. Әрине, жігіттің сенімділігі мен нәзік қыздың тәуекелшілдігі кез келген жердегі сөз салуды ғажап етері сөзсіз, – дейді бойжеткен. Ал ақын Арайлы Жақсылық дәл сол кездері жуық арада тұрмысқа шығуды мүлде жоспарламағанын айтты. Оған болашақ жұбайы ұсынысты тосыннан жасаған екен. – Күйеуімнің фантазиясына басымды идім. 2020 жылдың 19 қазаны болатын. «Мейрамханаға кешкі ас ішуге барамыз» деп шақырды. Дастарқан басында маған мүлде бейтаныс ерлі-зайыптылар, бала күннен бірге өскен досы мен келіншегі отыр екен. Өз басым мұндай құрмет күтпесем керек, қатты ыңғайсыздандым. Бір кезде досы мен жұбайым екеуі ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Мен досының келіншегімен дастарқан басында қалдым. Арада біршама уақыт өтті. Қаннен-қаперсіз отырғанмын. Бір кезде DJ-дің: «Арайлы Серікқызы, приглашаем вас на танцпол» деп айтып жатқанынан селк ете қалдым. Мен аң-таңмын. Артынша тағы қайталап жатыр. Қарама-қарсы отырған келіншек: «Сені, сені шақырып жатыр», деді жанұшыра. Сол мезеттен аяғым дірілдей бастады. Екінші қабаттан төменге қарасам, жігіт сән-салтанатымен арнайы безендірілген, жүрек формасындағы шамдардың ортасында тұр. Жолдың бәрі раушан гүлінің күлтелері. Жігіт тұрған залдың қақ ортасына жеткенше өмірімнің 180 градусқа өзгергелі жатқанын ойлап үлгердім. «Неге, біз сөз байласқан жоқпыз ғой, асығыстық емес пе, әкем не дейді, ағам басымды жарады, шешем жылайды». Мида мың сан ой. Жігіт тұрған жерге жеттім. Құлағыма ұзақ сыбырлады... Сасқанымнан басымды изей бердім. Саусаққа гауһар тасы бар жүзікті тағып жіберді, – дейді А.Жақсылық. Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі) директорының орынбасары Ринат Нұрақбаев ер-азаматтың тізерлеп отырып, әуел бастан-ақ болашақ жарына бас июі дұрыс емес екенін айтады. – Негізі біздің кезде ондай жоқ еді. Жастардың мұндай әрекетін қолдамаймын. Қыздың алдында тізерлеп отыруы құптарлық нәрсе емес. Дегенмен жастардың думандатып, жолдастарымен дүркіретіп ұсыныс жасап жатқанын сырттарынан көріп қалып жатсақ сүйсінетініміз рас. Жастарға бәрі жарасады ғой, – дейді ол. Қалай десек те «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Батыстан жаһандық экспансияның желі есіп тұрған шақта, әркімнің еркін таңдау құқығы салтанат құрған мына заманда біреуге бірнәрсе деймін деп кейде өз қадіріңді қашыратының рас. Сол себепті жігіттің қалыңдыққа сөз айту «дәстүрін» кім қалай ұйымдастырса да ұлттық өзегімізге балта шауып алмаса екен дейміз. Жастар бақытты болсын!

Айжан ӨЗБЕКОВА