Әлеумет

Жұрт сүйсінген жұп

Жұрт сүйсінген жұп

Жыл сайын 15 сәуір елімізде ғашықтардың мерекесі – Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні болып аталып өтеді. Әрине, бес күндік қысқа жалғанда екеу болып өмір өткергенге не жетсін?! Кеудесінде жаны бар пенде үшін ғашықтықтан асқан ғаламат сезім бар ма, сірә?!

Жұп болып өмір сүру – табиғат заңдылығы. Адам ата мен Хауа анамыз жаралғалы бері олардың кіндігінен тараған бүгінгі адамзат баласы қашанда «жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген қағиданы ұстанып келгені анық. Бүгінгі таңда өз жұбын тауып, шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасыға айналғандардың ішінде неше түрлі тағдыр қосқан қызықтар бар. Аққу мен қаздай жұптарын жазбай келе жатқан қос ғашықтың бүгінгі Қозы Көрпеш-Баян сұлуы мен Төлеген-Қыз Жібектері арамызда жүр. Солардың ішінде көбіне бізге ішкі өмірлері тұңғиық та жұмбақ болып сезілетіні құқық қорғау органдарының адамдары. Иә, қызметтік формасын киіп, қашанда әр қадамын аңдып басатын бұл саланың мамандары сырт көзге қатігез көрінгенімен, олар да жылы жүрек пен нәзік сезімнің иесі. Олардың да отбасы, бала-шағасы бар. Біз осы жолы, арнайы Ғашықтар күніне орай, олардың бірнеше жұбымен танысып қайттық. Олардың тағдырын тоғыстырған да сол қызметтері. Бір жерде оқып, бір жерге жұмысқа тұрып, ұстасқан қолдарын жазбай жүрген олардың өмірі былайғы халыққа да қызық екені даусыз. Ал енді таныстықтары қалай басталып, жүректері қалай тоғысқаны турасында кейіпкеріміздің өзінің сөзіне назар аударайық. – Құс екеш құстың өзі жұптасып, бір ұяда өмір сүреді ғой. Біз адам баласы болғандықтан олардан артықшылығымыз да сол өз отбасымызды құрып, оның ішін қуаныш пен күлкіге бөлеу емес пе? Қазақ екі адамды Құдай қосады демеуші ме еді?! Сол сияқты біз де бала болдық, бозбала мен бойжеткен қыз болдық. Қатардағы студент пен оқушы болдық. Сол тәтті кездерді еске алсам еріксіз қиялға ерік беруге тура келеді. Мен 2008 жылы С.Рахымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатты бітіріп, 2009 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға қабылдандым. Сөйтіп, өзіммен бірге оқуға түскен курстасым, Қостанай қаласының тумасы Ақбота Махамбетоваға ессіз ғашық болдым. Міне, біздің үнсіз махаббат хикаямыз сол жерден басталды. Бірақ ол кезде сырттай ғашық болып жүрсем де курстас болып күнделікті араласып, сыр білдірмей жүре бердім. Сезімімді бірден білдіре де алмадым. Бір күні кезекті денешынықтыру сабағында мен оның қолынан ұстап жүгіріп, жәрдем бердім. Сол кезде оның алақанының жылуы менің жүрегіме жетіп тұрғандай болды. Осы сәттен бастап біздің шынайы махаббатымыз басталды. Оның алақанынан шыққан жылу менің жүрек алауымды тұтандырды. Сөйтіп, екеуміз қыз-жігіт болып араласа бастадық та, кейін 2012 жылы Алматы қаласында үйлену тойымызды жасадық, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Қайрат Байдосов. Иә, бүгін форма киіп жүргенімен, кеше формулаға сыймайтын сезімдерді бастан өткізген бұл екі жастың әңгімесі көп. Сонымен, Қайрат Мәлікұлы мен Ақбота Есдәулетқызы екеуі Академияны бітіріп, арнайы жолдамамен Таразға тәжірибеден өтуге келеді. Міне, содан бері қос полицей киелі Әулиеата өңірінде еңбек етуде. Отбасында екі ұл тәрбиелеп отыр.