Қоғам

Сеңдей соққан сезімімді сыр деп тұт...

Сеңдей соққан сезімімді сыр деп тұт...

Көктем – тіршілікке тыныс беретін мезгіл. Бұл дүниеде алғашқы гүл ашылғандай, алғашқы жаңбыр жауып, басылғандай сәттен өткен керемет мезгіл жоқ. Сәуір айы сондай сәттердің куәсі. Араның алғашқы балы да, жыланның алғашқы уы да осы айда пайда болады. Әрине, бұл ай ақындардың айы. Кешегі Фирдаусилар жырға қосқан Тараздан шығып келе жатқан таңғы шықтай ақындардың қатары бүгінде аз емес. Ал енді 15 мамырды «Ғашықтар күні» деп атап жүргеніміздің де себебі жоқ емес. Өйткені бұл ай – махаббат айы. Әрине, махаббат адамды адастырмай, мастандырмай қоймайды. Міне, сондай қыз құшағын гүлге көмген ақын ұл мен қос бұрымын жырмен өрген ақын қыздардың бір тамаша кешіне кез келдік. Бүгін облыстық тілдерді дамыту басқармасы және «Анаға тағзым» орталығының қолдауымен «Әдеби жігіттер» деп аталатын әдеби шығармашылық бірлестігі «Біз екеуміз» атты әдеби-сазды поэзия кешін ұйымдастырып отыр. Оған «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев та өз қолдауын аяп қалмады. Төменде біз «Сәтті» мейрамханасында өткен осы бір әдеби кешке қатысқан ақындардың өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Сен күлімдесең

Сен күлімдесең – күледі күн, Сен мұңайсаң – көңілде жүреді мұң. Өзіңе ынтық ақынның білесің бе, Сен жалғыз емшісісің жүрегінің. Сен егер күлімдесең – құлпырып ғалам, Жан біткендей жайнайды, сілкініп далам. Сен мұңайсаң – аспан да бірге жылайды, Көңілсіз болсаң – бірлікте күн суықтаған. Сен күлімдесең – құлпырар тіршілік нұры, Сен күлсең – дала тұрады құлпырып гүлі. Он сегіз мың ғаламның сенің қасыңда, Түкке тұрмайтын бір шыбық құны. Сен күлімдесең – бірлікте күлемін мен де, Бақыттың гүлі өзіңсің біле білгенге. Сен ой едің ойлай білгенге, Сен өмір едің сүре білгенге. Сенің күлкің таңдағы жақұт шырағы, Құшағыңа келіп мастана уақыт құлады. Сенің күлкің әлемді әлдилей алар, Сенің күлкіңді естісе бақытты бәрі. Сен күліп жүрші! Өлеңге толы өмірім Жүрегің сенің тым нәзік, Кіршіксіз таза көңілің. Өтсе ғой сен деп жыр жазып, Өлеңге толы өмірім. Көркіңе ешкім тең келмес, Көшірмесіндей анамның. Кішкентай ғана кеудеңде, Сұлулығы бар ғаламның. Бір көру сені сан арман, Жанымды нұрға бөлеп өт. Әлем сен үшін жаралған, Өмір сен үшін керемет. Күлкіңді көрсем жетеді, Бәрі де құрбан жолыңа. Жүрегің бақыт мекені, Бақ ілестірген соңына. Сезіммен сезім арбасты, Сені есіме салды тағы түн. Өзің боп қалшы алғашқы, Ең соңғы менің бақытым. Аймахан ЖАНЫБЕК Қайтайық бірге серуендеп… Көзіңе қарап тұрғым келеді, ештеңені де сезінбей. Демім тарылып, тілім күрмеліп, тарсылдап жүрек езілмей. Кездескім келеді, ұзақ сырласып, түстеніп бірге кафеден. Жұп болып емес, дос болып жүрген алаңсыз таза кезімдей. Кешкісін қолың бос болса егер қайтайық бірге серуендеп. Көзіме түссін қызыл көйлегің өзіңнен бұрын көлбеңдеп. Мазаламасын біздерді ешкім, әңгімемізді бөлмесін. Іздесе біреу мені сол сәтте айта салыңдар «өлген» деп. Кездесейікші тып-тыныш жерде, ешкім жүрмейтін көпірде. Қолыңнан нәзік ұстасам егер өтінем оған өкінбе. Суға тамсанып, өзіңе қарап бір шумақ өлең оқысам, Жасырып сезім, махаббат емес, жылы сөз бергін жетімге. Өзен жағалап, жүріп қайтайық, беттейік кешкі самалын. Әңгіме бітсе қорықпа, жаным, көңіліңді аулап табамын. Шығарып салып үйіңе дейін, ол жерде тағы аялдап, Жүзім қызарып, өз ауылыма бақытты күйде барамын. Хабарлас сол сәт, қоңырау шалып: «Жеттіңіз бе?» деп алаңдап, Келе жатайын көшеде жаяу, жолымды мен де тәмамдап. Әңгіме қайта жалғассын тағы жолымды менің қысқартып. Жазайын сонда өзіңе өлең қойын дәптерге қаламды ап. Сөйлесіп сенмен тұра берейін үйге жетсем де кірместен, Таңды атырып, қайырлы түн тілеп, ұнайды тағы тілдескен. Қоштаса сала күрсініп терең, қайтадан сені сағынып, Айтыңдаршы ал, бақытты жандар, бұндай сезімді кім кешкен? Неліктен қиял қалыпта жүрмін шығара алмай кімді естен?.. Сағыншы сен де… Сағыншы сен де, сағыншы сен де мендейін, Сағынсаңдағы сағымға айналып, келмейін. Сендік жүрекке өзім салып ап жараны, Жалынтып барып, артынан өзім емдейін. Есіңе алшы, бір минут мені есіңе, Өзіңді алдап, сүйе алмай жүрсің несіне? Көріп тұрмын-ау мөп-мөлдір қара көзіңнен, Байланған сезім алмайды бірақ шешіле. Қалдырған жерде күтіп тұр ғой ол барсаңшы, Ұсынып тұрған қолымды мынау алсаңшы. Алғаш көргендей тесіліп қарап көзіме, Жүрегіңменен тамсаншы, тағы ән салшы. Тек маған арнап жыр жазшы сен де сағаттап, Жырымды оқы, қойын дәптерді парақтап. Шерім бар кетпес, шекпен де қылып киілмес, Шектеулі бала шексіз сезімді таратпақ. Жырымнан менің орын алмайды енді ешкім, Сезімге салғырт сергелдең болып сенбеспін. Шақырдым сені, келмесең келме, жарығым, Келмеске кеттім, оралып мен де келмеспін… Қоңырау шалғын егерде келсе сөйлескің, Хабарласпас өзіңнен басқа өзге ешкім… Ғашық болдым тағы да Мүлгіген тау, қою түні көктемнің, Ғашық болдым! Ғашық жүрек өктем тым! Шарасыздық, жаралану, жалғыздық, Бәрі енді мен үшін тек өткен күн. Сені ойлаумен өтуде енді әр күнім, Білемісің, сеземісің, жарқыным? Сен де жарты жапа шеккен сезімнен, Түсінсеңші жанын мынау жартының. Келші еркем, сезімімді тербегін, Айналайын, құдай өзі бергенім. Қапияда ғашық қылған өзіңе, Самал болып желіп өткен жел ме едің? Құса болып, махаббаттан өліп ем, Сезім іздеп сергелдеңді көріп ем. Жүрегімді жұлып алып мендегі, Орын берші жүрегіңнің төрінен. Серіжан БОЛАТБЕКҰЛЫ Біз бақытты болайықшы Сезім жайлы айта алмаймын түк дұрыс, Түсінуге керек екен тіпті күш. Өзгелерде шаруамыз не, жарқыным? Біз бақытты болайықшы тып-тыныш! Сырымды айтам жүректегі жазумен, Мен – сабырсыз, сен соншалық төзімді ең. Ертең, жаным, не боларын білмейміз, Біз бақытты болайықшы қазірден! Өтпесінші күндеріміз күңгірт кей, Қызға беріп жатқан кезде гүл бітпей. Жарияға жар салайық немесе, Біз бақытты болайықшы білдіртпей! Өзгелердің өсегіне көнгенше, Өзгедегі өтірікке сенгенше, Тірі адамның барлығы да бақытты, Біз бақытты болайықшы, Өлгенше... Сеңдей соққан сезімімді сыр деп тұт, Мына өлеңді саған жаздым бір беттік. Махаббаттың қаласына аттанып, Біз бақытты болайықшы Жүр, Кеттік... Жүрегімді жоғалтсам – өлгендігім Сезім дейтін бір сиқыр шіркін үдеп, Бара-бара барынша бұлқынып ед(і). Жаңа ғана жанымды жаралады, Кеудемдегі кішкентай бір тілім ет... Амал бар ма, алмадым ашық ұғып, Жанардың да қалғандай жасы құрып. Неғылғаны? Қашқақтап жүр бүгінде, Өз жүрегім өзімнен жасырынып... Қуыс кеуде болып-ақ қалды-ау ішім, Кімге жетер ендігі бар дауысым? Тілегімді Тәңірге айтам енді, Жүрегімді жоғалтып алмау үшін... Жазарым да кетпесін тайқып бүгін, Төгілейін Табайын айтып тыным... Бәрін қойшы, қарғам-ау, бұл жалғанда, Жұмыр етсіз кешемін қайтіп ғұмыр? Қорықпаймын, Құдай-ау қайғы алудан, Өз кеудесін мен емес пайда қылған. Жүзім жылы болса да қорқам қатты, Жүрегі жоқ адамға айналудан... Құдай салған жүрсем де жолмен бүгін, Сарсаң қылды, сабылтып менмендігім. Өзімді-өзім жоғалту ештеңе емес, Жүрегімді жоғалтсам – өлгендігім... Сымбат СҰЛТАН Жеті ғалам куәгер сезіміме Махаббатты мәңгілік етіп ырым, Жырласаң да көрінбес шеті мұның. Жеті ғалам куәгер сезімімді, Еске салып отырсын жеті күнің. Тағдыр кейде тастаса алыс кейін, Сағыныштан сарғайып зар ішпейін. Пенелопа секілді күтер болсаң, Мен болар ем мәңгіге Одиссейің. Күйін кешіп жүргенде өлерменнің, Сен ақынға кезіккен өлең едің. Қыз Жібегім жалғанда не арман бар, Тірі жүрсе жаныңда Төлегенің. Естілгенде сен жақтан хрусталь үн, Шытынайды кеудеде құрыш жаным. Изольдасы сен болсаң үй ішімнің, Мен болар ем тас қамал Тристаның. Танытатын мен емес Одаға мән, Жүрек жырын сол қалпы жобалағам. Баяным боп бақытты қылар болсаң, Қорқынышты емес қой Қодар ағаң. Ағымымен тарихтың жылжып жай-ақ, Шуылдатпай ел-жұртты, ту жықпай-ақ. Джульетта боп егер сен жан тапсырсаң, Ромеоң боп өлер ем у жұтпай-ақ. Дегбірімді қашырар даңғаза түн, Сен түсіме енгенде таңға жақын. Сені жырым ететін жан жарым бол, Мені түбі қылатын заңғар Ақын. Махаббат жыры мәңгілік Дон Кихот сезіп көрмегенін де, Ғашықтар кейін кеш білген. Пенелопада ол өлмегенімен, Бүгінде шындап ескірген. Еңліктің ерке сырларындай боп, Жүректе жылдап шертілген. Ажалдың тәтті құмарындай кеп, Ромеоны улап өлтірген. Есенинге ол еркеледі де, Мақатаевқа мас болды. Шұғадай нәзік шер тербеді де, Жамалдан жасын жас көрді. Қодарға қызыл қызғаныш берді, Қозыға албырт сезім боп. Көктемде келіп, күзді алыс деді, Одиссейдегі төзім жоқ. Изольда болып сүйіктім деді, Сезімін ашты шыдамай. Жалғанның болды биік бір жері, Шаханов жүрген шыға алмай. Туғаннан тулап құрық көрмеді, Ырық бермеді асаудай. Талайға толқып күліп кеп еді, Абайда тұрды жасаурай. Тристан болып қайғырып тұрып, Осирис болып мың өлді. Мамырдай жүзін ай қылып күліп, Джаконда болып түнерді. Пушкиндей өлім көксе демейді, Естайдай шырқа ән қылып. Мыңжылдық зулап өтсе де мейлі, Махаббат жыры – мәңгілік. Нұрболат АМАНБЕК