Жаңалықтар

Қырғызстандық дәрігерлер Жамбыл жерінде

Қырғызстандық дәрігерлер Жамбыл жерінде

Облыстағы «Үздік тәжірибелер орталығының» жұмысымен танысу және тәжірибе алмасу үшін Жамбыл жеріне Қырғызстан мемлекетінен делегаттар келді. Қонақтар алғашқы күні Меркі аудандық орталық ауруханасында «Үздік тәжірибелер орталығының» жұмысымен танысты.

Кеңестің өтуіне Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі «GIZ» неміс қоғамы және ҚР «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығы мұрындық болды. Тәжірибе алмасуға медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жанар Оспанова, Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мейрамбек Дарменов, медицина ғылымдарының докторы, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығының басқарма төрайымы Роза Абзалова, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі «GIZ» неміс қоғамдастығының төрайымы Шолпан Асамбаева, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Шу, Ош қалалары ауруханаларының бас дәрігерлері, Шымкент қаласынан да бірқатар дәрігерлер қатысты. «Жамбыл облысындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету: инновациялар мен медициналық-әлеуметтік тәсілдер» тақырыбындағы оқыту туры екі күнге арналды. Тәжірибе алмасуға келген ақ халаттылар Меркі ауданының Ақтоған ауылдық округінде болып, «Салауатты ауыл» жобасына енген ауыл тұрғындарымен кездесті. Аталған елді мекен тұрғындары қонақжайлық танытып, қазақи дәстүрмен қонақтарға ақ шаңқан киіз үйде ұлттық тағамдардан дәм татқызды. Ауыл мақтанышы ретінде көкпаршылар мен спортшылар шеруі ұйымдастырылды. Жиын барысында мәдениет үйінде «Салауатты ауыл» жобасына енген ауыл әкімдігі мен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы арасындағы меморандумға қол қойылды. Ол құжатқа ауыл қариялары, ақжаулықты әжелер де қол қойып, салауатты ауыл құруға атсалысатындарын білдірді. Айта кетсек, бұл – Меркі ауданындағы жобаға еніп отырған үшінші ауыл. Бұған дейін Аспара және Ақермен ауылдық округтері жобаға енген болатын. Салтанатты сәттен соң ауыл өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, көпшілік қауым «Қара жорға» биін билеп, домбырашылар күмбірлете күй тартып, жиылған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.