Әлеумет

Жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтар

Жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтар

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу – мүлікке құқықты растайтын міндетті рәсім. Сатып алу-сату, ауыстыру, мұрагерлік немесе жалға алу шарты cіздің құқықтарыңызды растамайды, бірақ тіркеу үшін негіз болып саналады.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мүліктің толыққанды иесі болу, өзін алаяқтықтан сақтау және одан әрі онымен кедергісіз операциялар жасау үшін қажет. Жылжымайтын мүлікке жер учаскелері, ғимараттар мен құрылыстар, белгілі бір орынмен тығыз байланысты барлық заттар жатады. Бұл ретте жылжымайтын мүлік екі санатқа бөлінеді – бастапқы және қайталама объектілер. Бастапқы объектілерге функционалдық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар, қала құрылысы үшін маңызды объектілер, ал қайталама объектілерге – жеке (бөлек) меншік құқығы объектілері (пәтерлер, жапсарлас үй-жайлар, бастапқы объектінің құрамына кіретін дүкендер, кеңселер) жатады. Ортақ бірлескен мүлікке құқықтың туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу кезінде тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар немесе олардың біреуі басқа қатысушылардың келісімімен ЭЦҚ пайдалана отырып және жеке кабинет арқылы бекіту арқылы береді. Ортақ үлестік меншік құқығының пайда болуы, өзгеруі, тоқтатылуы (өзге де ортақ құқық) мемлекеттік тіркеуден өткен жағдайда мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар (уәкілетті өкілдер) береді. Өтінішке тіркеу объектісін растайтын құқық белгілейтін құжат қоса беріледі. Жер учаскесіне құқық (ауыртпалық) тіркелген жағдайда жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты ұсынылады. Жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы шарт (активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт) ұсынылады. Құқықтар шарт немесе басқа мәміле негізінде туындаған жағдайларда мәміленің барлық тараптары белгіленген тәртіппен өтініш береді. Банктік қарыз шартын қамтамасыз ету ретінде берілген кепілдің туындауын және өзгеруін тіркеу туралы өтінішті кепіл беруші және (немесе) кепіл ұстаушы береді. Егер өтінішті кепіл ұстаушы берсе, мұндай тіркеуге кепіл берушінің нотариалды куәландырылған келісімі қажет. Жылжымайтын мүлік кепілі туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде кепілдің туындауын және өзгеруін тіркеу туралы өтінішті құқықтар (талаптар) берілген кепіл ұстаушы тұлғаның келісімінсіз береді.

Әлібек ЖОЛДАСБЕК, Тараз қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімінің бас маманы