Қаржылық сауаттылықтың пайдасы
Қаржылық сауаттылықтың пайдасы
Күнделікті күйбең тіршілікте ақшамыздың қайда кетіп жатқанын білмей қаламыз. Әртүрлі ұсақ-түйек пен жолкіре, азық-түлік, балабақша мен коммуналдық төлем, пәтерақы деп жүріп бір айда әзер тапқан еңбекақыңнан бір-ақ күнде айырыласың. Сол үшін қалтадағы қаржыны дұрыс жұмсау кез келген адамның, әсіресе отбасылы жандардың қағидасына айналуы керек. Материалдық жағынан бақуатты, бай өмір сүрем десеңіз, алдымен бюджетті дұрыс басқара білген жөн. Қымбатшылық пен жұмыссыздық жағадан алған заманда халыққа қаржылық сауат өте керек-ақ. Халықтың қаржылық сауаты сын тезіне түсіп тұрғанда сауатты арттыратын курстар, тренингтер, түрлі оқулар да көбейді. Былай қарасаң жаман нәрсе айтып жатқан жоқ сияқты. Алайда кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс? Анығында, қалай өзіміз және бала-шағамыз қаржылық тұрғыдан сауатты боламыз? Ақшамызды дұрыс басқарып, алданып қалудан қашан арыламыз? Міне, осындай сұрақтар көптеген оқырманымызды мазалап жүрген болу керек деген ниетпен бұл тақырыпты тағы бір қаузап көрсек деп ұйғардық. Елімізде қаржы сауаттылығын арттыру және оны дамыту үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар мен бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, 2020 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын қабылдады. Бұл тұжырымдама 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. 2021 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мектептерде жаппай қаржылық сауаттылық сабағын, кәсіпті мектептен бастап үйрету сынды пәндерді өтсін деп бастама көтерді. Осы пән арқылы оқушыларға тиыннан теңге құрап, табысқа кенелу, депозитте ақша жию, салым салу секілді дағдыларды үйретеміз деп бастама көтерді. Алайда бұл жоба әлі де жүзеге асырылмады. Тараз қалалық білім бөліміне хабарлассақ, мектептерде ондай пән жүрмейтіндігін айтты. Ал №11 орта мектеп директорының орынбасары Гүлжан Қайнарбайқызынан сұрағанымызда бұл пән «Патриотизм және жаһандық құзыреттілік» деген факультативтік сабақтың ішіне кірігіп кететінін жұмсақ жеткізді. Арасында ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері келіп тренинг, арнайы сабақ өткізіп кетеді екен. Тараздық Базарбай Құттыбаев «Ақша – еңбектің өлшемі. Есеп жүрмеген жерде кіріс пен шығыстың арасы білінбейді. Ақша жарату жолында жаңылыспау керек. Баланы ерте кезден бизнеске бейімдеу керек» деп есептейді. Күншығыс еліндегідей немесе дамыған алпауыт мемлекеттердегідей баланы кішкентайынан қаржылай сауатты болуға үйретер болса, жаңылысулар мен алданулар аз болар еді деп үміттенеді ол. Экономист, блогер, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бұған дейін халықтың қаржы сауатын арттырушы маман ретінде көзге түскен болатын. Ол өзінің «Instagram» парақшасында «Декретке миллионмен», «Бизнеске бағыт» сынды ақылы сабақтарын жүргізіп келді. Қаншама жанға сауабы тиген Дәулет Төлеутайұлы былай дейді: – Қаржылық сауаттың бастауы өз-өзіне есеп беруден басталады. Адам қарызға батпас үшін барынша үнемдеп, білімін арттыру керек. Біз өзгенің емес, өз ақшамызды санауымыз керек. Ұлы Абай атамыз «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен-өзің есеп ал», деп он бесінші қара сөзінде айтып еді, дейді. Қалада, жалпы облыста осындай қаржылық сауаттылыққа үйрететін курстар бар ма екен деп қарастырсақ, жоқ екен. Тек республика, халықаралық деңгейде ғана сертификатталған мамандардан оқуға болады. Және де облыс бойынша сұраныс болса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ересектер мен оқушыларды оқытады екен. Осы орайда аталған агенттіктің Тараз қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Дәурен Төлепбергеновке жолықтық. Айтуынша, олар бұрыннан оқушыларға, әртүрлі мекемелерге де барып, қаржылық сауатын арттыру, алаяқтарға алданбау, алаяқтыққа тап болған жағдайда өзін қалай қорғау керектігі жайлы сабақтар өтіп жүр екен. Негізгі жұмыстарының бірі – азаматтардың қаржы мәселесіне қатысты өтініштерін, шағымдарын қарау, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар атқарады. Оның ішінде осы қаржы нарығындағы құралдарға, қаржы өнімдеріне, қаржы қызметтеріне сәйкес жаңалықтарды немесе өзгерістерді халыққа ұсынып, жариялап отырады. – Қазіргі таңда жергілікті атқарушы билікпен бірлескен меморандумымыз бар. Сол келісімдер негізінде медиа-жоспар бекіткенбіз. Соның аясында біз тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда осы бағыттағы барлық ақпараттарымызды жариялап отырамыз. Атап айтсақ, банктің қызметіне, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарына, қаржылық қызметтердің ерекшеліктері жайлы, сақтандыру, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің қызметтеріне қатысты, жалпы осы қаржы нарығындағы барлық қатысушылардың қызметтеріне қатысты түсіндірме-ақпараттық жұмыстарды жүргізіп келеміз, – дейді Д.Төлепбергенов. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық пирамиданың белгілері бар ұйымдарды анықтау бойынша нарыққа мониторинг жасап отырады. Және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, олардың тізімдерін бекітеді. Қазіргі таңда агенттіктің сайтында пирамида белгілері және жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімі орналастырылған. Бастапқыда айтып кеткеніміздей, алаяқтарға алданып, күйіп отырған адам жетерлік. Зерделеп қарасақ, 2020 жылы елімізде қаржы пирамидаларының саны күрт өсіп, қатарына адам қосу арқылы жүретін «бизнестен» келген залал он есе артыпты. Елімізде ең алғашқы қаржы пирамидасы 1994 жылы пайда болған. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіп, қаржылық сауаттылық деңгейі өсті десек те, әлі күнге дейін табысқа кенелетініне сеніп, бар жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салатындардың саны азаймай отыр. Сондай ұйымның бірі – «Qnet». «Qnet» күйдірген құрбандардың бірі – Марал Ыдырысова. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында еден жуушы болып жұмыс істейді. Екі баласы бар. Пәтер жалдап күнелтеді. Ол уақытта «Qnet»-тің ғимараты орталықта орналасыпты. Дәл жанындағы «Fortebank»-тен бір миллион теңгедей несие алдыртыпты. «Үш айда байып кетесің, шетелге шығасың» деп алдағандардың кесірінен бүгінге дейін несие төлеп келеді. Бір жасқа толмаған кішкентайын үйге тастап жұмысқа шығуға мәжбүр. Аз ғана еңбекақысымен алған несиесін жауып келе жатыр. Келесі кейіпкер – Зулфия Абдуллаева. «Лотос» салонында шаш қиюшы. Біреулер ұшпаққа шығарамыз деген соң байып кетем деп ойласа керек, ол да үш миллион теңгеге алданыпты. Күнделікті тапқан табысын несиеге жаратады. «Ішкенім ірің, жегенім желім болды» деп жылап отыр. Үйелмелі-сүйелмелі бес баласы бар. Осы жағдайдан соң күйеуімен түсініспей, ажырасып кетіпті. Бүгінде өзі – еркек, өзі – әйел. Пәтер жалдап, лаждап өмір сүріп келеді. Қарап отырсақ, осының бәрі қаржылық сауаттың болмауынан. Алды-артымызды дұрыс бағамдамағандықтан. Жақында ғана «Сенім» тұрғын үй кооперативіне қаржы салып, алданып қалған тұрғындармен облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт жолыққан болатын. Қала тұрғыны Қайрат Шайхиев «Facebook» әлеуметтік желісінде депутаттан көмек сұраған еді. Ашу мен ызаға булыққан үлескерлердің мәселесі алдағы күндері шешіледі деген үміттеміз. Депутат бұл істі өз бақылауына алды. Қоғамның қаржылық сауаттылығы Үкіметке емес, ең әуелі, әркімнің өзіне керек. Үкіметтен көмек күтіп отыра бермей, оқып, ізденіп, сауатыңызды өзіңіз арттырыңыз. Әркімге жем болмай, қалтамыздағы қаржыға ие болайық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА