Саясат

Депутаттар берген уәдесін орындай ма?

Депутаттар берген уәдесін орындай ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр наурыз айында «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында партияда жоқ азаматтар халық қалаулысы ретінде ҚР Парламенті Мәжілісіне ғана емес, жергілікті жердегі түрлі деңгейдегі мәслихатқа да сайлана алмайтынын басы ашық мәселе ретінде көтерген еді. Халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығы төмендеп кеткенін және сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары артқанын да атап көрсетті.

Президент қазақстандықтардың сайлауға қатысу белсенділігі, берілген әрбір дауыс ел өмірін жақсартуға ықпал ететінін айтты. Десе де сайлауға түскен кейбір депутаттарды ел-жұрт тани бермейтінін, қоғамда белең алып бара жатқан осындай жағымсыз жайтты ескере отырып, аралас сайлау жүйесіне көшу жолын ұсынған болатын. Соның арқасында биылғы ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау бұрынғы сайлау жүйесіне қарағанда айтарлықтай ерекшелікпен өтті. Бұл бүгінгі сайлау жүйесінің өзгергенін көрсетеді. Атап айтқанда, қойылған талапқа сәйкес кез келген қазақстандықтың бір мандат арқылы сайлауға түсуіне мүмкіндік берілді. Пропорционалдық жүйемен қатар, мажоритарлық жүйенің арқасында өзін-өзі ұсынған бірқатар азаматтар қазір облыстық мәслихаттың бір-бір мандатына ие болды. Тарқата айтсақ, облыстық мәслихаттың құрамындағы 36 депутаттың 44 пайыздан астамы өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауда жеңіске жетсе, қалғандары сайлауға партиялық тізіммен түскендер. Облыстық мәслихат депутаттарының біреуі «Байтақ» жасылдар партиясынан болса, тағы бірі «Қазақстан халқы партиясынан». Депутаттық корпус құрамында «Respublica» мен «Ақ жол» демократиялық партиясынан екі адамнан бар. «Ауыл» партиясынан өткендер үшеу болса, қалғаны «Аmanat» партиясының мүшелері. Өзін-өзі ұсынғандар ішінде облыстық мәслихатқа ешқандай партияда жоқ кандидаттар өтпепті. Осы орайда біз бірді-екілі облыстық мәслихат депутаттарымен тілдесіп, олардың халық атынан қандай жауапкершілік жүгін арқалап келгенін, депутат ретінде жұртқа қандай уәде бергенін сұрадық. «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Қойбақов сайлауалды үгіт жұмысында халыққа өз атынан ешқандай уәде бермегенін айтады. Десе де ел мүддесі үшін көтерген мәселесі ауқымды көрінді. – «Мен депутат болсам, пәлен мәселені шешемін» деп сайлаушыларым алдында нақты бір уәде берген жоқпын. Дегенмен менің ұстанымым – «Байтақ» жасылдар партиясының бағдарламасын жүзеге асыру, өңірдегі экологиялық ақуалды жақсартуға үлес қосу. Өйткені біздің ұйым – Қазақстанды өзгерістерге жетелейтін жəне болашақ ұрпаққа жарқын болашаққа деген үміт беретін жасылдар партиясы. Қазақстан алдыңғы қатарлы жасыл ел болуы тиіс. Өйткені қоршаған орта ластанса, ол халықтың денсаулығына зиянын тигізеді. Біздің мемлекеттің, қоғамның алдындағы басты міндетіміз – халықтың өмір сүру сапасын жоғарылатуға күш салып, қоршаған ортаға жəне адам денсаулығына ең аз зиян келтіретін табиғи ресурстарды тұрақты жəне ұтымды пайдалануды жүйелеу. Жалпы экология мен адам денсаулығы бір-бірімен астарлас ұғым. Мәселен, облыстағы іргелі кәсіпорынның бірін тілге тиек етсек, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қоршаған ортаға қаншама зиянды заттар тасталып жатқаны баршаға мәлім. Бір ғана 15 миллион тоннаны құрайтын фосфогипстің тозаңы маңайдағы ауыл тұрғындарының денсаулығына кері әсер етуде. Бүгінде біздің партия осындай мәселені шешумен айналысуда. Таяуда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Берекешов, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай, облыстық экология департаменті секілді тағы да басқа мүдделі мекемелердің өкілдері қатысқан жиын өтті. Қазір облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін жол картасы жасалып жатыр. Ол бүгін-ертең дайын болатын дүние емес, мақсатқа жету үшін айтыс-тартыс болмай тұрмайды. Дегенмен әлеуметтік мәселені шешу, зауыттарға сүзгі орнату, модернизациялау жүргізу секілді мәселелер талқылануда. Жақында тағы да жиналып, осы тақырыпты қаузап, мәселені талқыламақпыз. Екінші мәселе – тұрмыстық қатты қалдықтардың бейберекет тасталуын қалпына келтіру. Мәселен, қазіргі таңда қалада да, далада да тұрғындар қоқыстың барлығын бірдей бір қоқыс жәшігіне тастап жатады. Негізі әр аудан, әр қалада қоқыс тастайтын арнайы полигон болуы шарт. Ереже бойынша оның айналасы қоршалуы керек. Қоқысты қабылдайтын бір маман болуы тиіс. Тұрмыстық қалдықтардың ішінде полиэтилен пакетті бір бөлек, пластик құтыларды немесе шүберекті бір бөлек жинайтын контейнерлер қажет. Ал бұл мәселе біздің өңірде әлі шешімін тапқан жоқ. Қазір осыны да жолға қою қарастырылуда. Бізде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт та жоқ. Ал бұл түйткілді инвесторлар арқылы шешуге болады. Облысқа 4-5 инвестор келіп, тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу үшін полигондарға зерделеу жүргізген еді. Олар қоқыс көлеміне қарай зауыт салу тиімсіз деп тауыпты. Қазіргі таңда «тағы бір инвестор қала әкімімен кездесіпті» деп естідік. Жақында осы мәселе бойынша қалалық әкімдік арқылы нендей жоба қарастырылып жатқанын білу, іспен танысу жоспарда бар. Біз тұрғындармен кездескенде осы мәселені қозғағанбыз. Ойымыз – экологиялық ахуалдың жақсаруына біртіндеп болса да үлес қосу. Жалпы айналып келгенде мұндай мәселелерді шешу үшін арнайы заң қабылдануы керек. Ол заң бізден жоғары тұрған өкілетті орган арқылы қабылданады. Қабылданған заң қоғамға, халықтың мүддесіне жұмыс істеуі қажет. Бірақ ҚР Парламенті Мәжілісінде осындай заңның қабылдануына түрткі болатын әзірге экологтар жоқ. Ал біздің партиядан сайлауға түскен кандидаттар Мәжіліске өте алмады, – деді Серік Мамыртайұлы. С.Қойбақов аталған партияның тағы бір көзқарасы орта мектептердегі оқыту бағдарламасына экология тақырыбында ең болмаса бір сағаттық сабақ енгізу болып тұрғанын айтып қалды. Бұл ұсыныс қолдау тапса, құптарлық-ақ жайт. Өйткені жасынан қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға бейімделген баладан есейгенде маңайын күл-қоқысқа толтырып тастап, мамыражай отыратын адам шықпайтыны анық. «Respublica» партиясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Темірхан 30 жаста. Ол облыстық мәслихаттағы депутаттардың ішінде ең жасы кішісі. Сайлауалды үгіт жұмысы барысында оған сайлаушылар жастық жалын-жігеріне қарай үлкен сенім артқан екен. – Биылғы сайлаудың жаңа тәртіппен өткені баршаға белгілі. Жаңашылдықтардың арқасында саяси аламанға жаңа тұлғалар келді, әсіресе жастардың қатары көп. «Respublica» партиясының облыстық сайлауалды штабы cайлау науқаны кезеңінде үгіт-насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізді. Партияластармен өңірдегі шалғай жатқан ауыл-аймақты аралап, азаматтардың негізгі проблемаларына қанық болдық. Халықтың мұң-мұқтажын зерттеп, зерделедік. Сол уақыт аралығында 178 елді мекенді аралап, 250-ден аса іс-шара ұйымдастырып, 52 мыңнан аса сайлаушымен кездестік. Сонымен қатар штаб мүшелері мен сенімді өкілдеріміз де 120 мыңнан астам облыс тұрғындарына «Respublica» партиясының алдағы мақсаттары мен сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Халық бізге оң бағасын беріп, жастардың талпынысын құптады. Сайлау қорытындысы бойынша 50 мыңнан аса жамбылдық біздің партиямызға дауыс берді. Бұл жаңадан құрылған жас партияға берілген сенім, үлкен жауапкершілік деп есептейміз. «Respublica» партиясынан облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша екі азамат депутат болып сайланды. Біздің ендігі мақсатымыз – сенім білдірген сай­лау­шы­лар­дың үмітін ақтап, халық көтерген мәселелерді мәслихаттың мінберінде көтеру. Сондай-ақ Мәжілістегі әріптестерімізге де ұсыныстарды жолдауға ниеттіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясында депутаттарды ел мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырып, нақты маңызды міндеттерді жүктеген болатын. Сондықтан да біз партиямыздың сайлауалды бағдарламасындағы мақсат-міндеттерді іске асыруға күш салатын боламыз, – деді ол. Нұрсұлтан Талғатұлы өз сөзінде облыстық мәслихат құрамындағы жаңа адамдар ел мүддесі үшін жаңа қадамдар жасайтынына сендірді. Ол депутат ретінде ауылшаруашылық саласында қордаланған мәселелерді шешуге күш салатынын жеткізді. – Мен облыстық мәслихаттағы агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесімін. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында бұл салаларға ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, өнеркәсіпті цифрландыру, ауылшаруашылықта озық технологияларды кең көлемде қолдану, саланы қаржыландыруды ұлғайту және оның көздерін әртараптандыру кезек күттірмейтін мәселе. Лизингтік қызметтер нарығын кеңейту, ауылшаруашылығының логистикалық және қоймалық инфрақұрылымын дамыту бағытында да ұсыныстарымыз бар. Меніңше, сөзден іске көшетін уақыт жетті. Біз, «Respublica» партиясының жаңа адамдары жаңа қадамдар жасайтын боламыз, – дейді Нұрсұлтан Талғатұлы. Халық қалаулыларының ішінде жас депутаттардың бірі – Бағдат Толыбаев. 33 жастағы облыстық мәслихат депутаты Шу ауданындағы №37 спорт мектебінің жаттықтырушысы. Ол «Аmanat» партиясының мүшесі болғанымен сайлауда өзін-өзі ұсыну жолымен жеңіске жетіпті. Аталған халық қалаулысы қоғамда елді алаңдататын мәселе қымбатшылық екенін, оның ішінде өз ауданында газ бағасын төмендетуді қолға алғысы келетінін айтты. – Мен Шу ауданынан облыстық мәслихат депутаттығына сайландым. Ендігі мақсат – сайлаушыларымның алдында берген уәдемді орындау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалуы керектігін, сонда ғана азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артатынын сөз етті. Сонымен қоса популизмнен аулақ болуға шақырды. Мемлекет басшысы аталған сессияда: Құрметті депутаттар, сіздер әрдайым барлық істің бел ортасында боласыздар. Бірақ мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ...», деген еді. Ел мүддесінен асқан ештеңе жоқ. Сондықтан да Шу қаласының кәріз жүйесінің мәселесін шешу, Төле би ауылындағы газ бағасының қымбатшылығы мәселесін қолға алу менің ойға алған ілкімді істерімнің бірі. 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендердің табиғи газ және ауызсумен толықтай қамтылуына ықпал ету, Шу қаласының ішкі көшелерін жөндеуден өткізу, қаладағы көппәтерлі үйлерді қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу де өзекті мәселе деп ойлаймын. Сонымен қатар жастарға қолдау көрсетіп, тұрғын үймен, жұмыспен қамту, жаңашыл жастарды іріктеп, жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуді өз міндетіме алып отырмын. Одан бөлек ауылдық елді мекендерде спорт нысандарының санын арттыру, тұрғындардың кедергісіз спортпен шұғылдануына жағдай жасау, елді мекендердегі электр желілері мен бағаналарын ауыстыру, интернет, мобильді байланыс мәселесін шешуге күш салатын боламын, – деді ол. Біз шама-шарқымызша бұған дейін депутат болып көрмеген және әр партия өкілдерінен пікір алуға тырыстық. Олар өздерінің халық мүддесі үшін арқалаған жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін сездірді. Бір айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады» деген сөзі бар. Сондықтан депутаттар Мемлекет басшысының осы сөзін қаперде ұстаса игі. Бір анығы, «Әділетті Қазақстан» құру жолында депутаттық мандатқа ие болғандардың қалғып-мүлгіп отырғанын халық та қаламайды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ