Әділетті қоғам құрудың алғашқы лебі сезілуде
Әділетті қоғам құрудың алғашқы лебі сезілуде
Мемлекет басшысының әлеуметтік, экономикалық, саяси және конституциялық реформалары тұтастай «Әділетті Қазақстан» құру жолына арналған. Мәселен, Президенттің суперпрезиденттік жүйеден бас тартуға арналған бастамасы, президенттің партияға мүше болуына заң жүзінде тыйым салуы – осы сөздерімнің айғағы. Әділетті қоғам құрудың біз алғашқы лебін сезініп отырмыз. Мысалы, Орталық сайлау комиссиясы төрағасы мен мүшелері, Есеп комитеті, Конституциялық кеңес мүшелері партия құрамынан шығарылды. Әкімдерге партия филиалдарын басқаруға тыйым салынды. Президенттің жақын туыстарына саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік құрылымдарды басқаруға жол жабылды. Биыл өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттар пропорционалдық және мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға түсіп, ел дауысына ие болды. Сондықтан мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформасын «Әділетті Қазақстанның» іргетасына балаймын. Болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан жаңа қадамдарын қолдаймын. Ауылшаруашылығының маманы ретінде айтарым, бұрын жұртшылық «ауылдық жерлерде нәсібін қара жерден емген халыққа мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетілсе екен» деп армандайтын. Қазір ауылға да ауылшаруашылығына да жіті көңіл бөліне бастады. Мәселен, жақында Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру мақсатында Үкімет «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Осы маңызды құжаттың ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталғанын, алдағы уақытта ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі бағытта шаруалар жүзеге асырылатынын БАҚ беттерінен оқып, бір марқайып қалдық. Ауылды көтеру мақсатында аталған жылдар ішінде миллиардтаған қаржы бөлінетін болды. Тағы бір айта кетер жайт, қазір жеке кәсіппен айналысқандарға Үкімет айтарлықтай демеушілік жасап жатыр. Осы секілді жаңашылдықтар «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Осындай өзгерістердің жүзеге асуына, оның халық нәтижесін көруіне әрбір азамат атсалысуы керек. Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы, Жуалы ауданы