Жаңалықтар

Қол жуудың құпиялары

Қол жуудың құпиялары

Қол – вирустың бір адамнан екінші адамға таралуының ең жиі кездесетін жолдарының бірі. Қолыңызды жуу кезінде сіз белгілі бір ережелерді ұстанасыз ба? Ең жақсы сабын бактерияға қарсы сабын деп есептейсіз бе? Қолды жуу кезінде тек ыстық суды пайдаланасыз ба? Осындай сұрақтарды зерделей келе, ғалымдар қолды жууға қатысты туындаған деректерді жоққа шығарды.

Жылы судың жөні бөлек

Шын мәнінде судың температурасында тұрған ештеңе жоқ. Мұндай шешімді Ратгер университетінің ғалымдары ұсынып отыр. Алты айға жуық зерттеу жұмысына қатысқан ғалымдар қолдарын температурасы әртүрлі, яғни 16, 26 және 38 градус суға жуған. Нәтижесінде салқын және жылы суға қолды сабындап жуғанда бактериялар бірдей мөлшерде жойылған. Сол себепті жылы су өшіп қалған жағдайда қолыңыздың гигиенасы туралы мәселеге бас қатырмасаңыз болады. Ең бастысы, қолды 60 градустан асқан ыстық суда жууға болмайтынын естен шығармаңыз. Бұл алақан терісінің күюіне әкелуі мүмкін.

Антисептикалық сұйықтықтың сапасы

Расында, антисептиктер көп мөлшердегі зиянды бактерияларды жойғанымен, бірақ сапа жағынан толықтай сабынды алмастыра алмайды. Себебі гель теріні химиялық кірден тазарта алмайды.

Ең тиімдісі – бактерияға қарсы сабын

Сабынның қандай түрін пайдалансаңыз да қолдың тазалығына еш зиянын тигізбейді. Сабынның бактерияға қарсы түрі сапа жағынан қалыпты сабыннан артық та, кем де емес. Бастысы қолды мұқият әрі асықпай жуу керек.

Қолды немен кептірген дұрыс?

Сауда орындары мен мекемелерге барғанымызда қаз-қатар тізілген қол кептіргіштерді байқаймыз. Және ол қағаз сүлгілерге қарағанда тиімді әрі сапалы деген пікірлерді де жиі естиміз. Дегенмен Лидс университетінің ғалымдары құрылғының бактерия мен вирустардың таралуына ықпал ететінін анықтады. Кептіргіштен шыққан жылы ауа ағындары арқылы бактериялар адамға да, жақын маңдағы адамдарға да тарайды екен.

Дайындаған Аяулым ЖАМАНҚАРА