«Ұмытып кетпе мені»
«Ұмытып кетпе мені»
Кеш шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев ашып берді. – Т.Рысқұлов ауданы – өнер, білім, мәдениет және спортта талай танымал саңлақтарды шығарды. Солардың ішінде шоқтығы биігі – ақын Совет Әлімқұлов. Биыл ауданымызға 85 жыл. Ақын Совет Рахымбайұлы да көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Ақынның өлеңдері өміршең. Бүгінгі еске алу кешінен жас ұрпақ әсер алсын, сіздердің де жүректеріңіз тебіренсін, – деді ол өз сөзінде. Ары қарай әдеби кештің ажарын кітапханашылар мен оқырмандар ақын С.Әлімқұловтың өлеңдерін жатқа оқып ашса, М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің әншісі Нұрлан Әмірбеков «Келші Құланға», «Тағы да келді бір көктем» әндерін шырқап жиналған жұрттың көңілін желпіп тастады. Ал кітапханашы Гүлжамал Жарқынбаеваның домбырамен орындаған «Ұмытып кетпе мені» әні (сөзін жазған С.Әлімқұлов) көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар кітапхананың жас оқырмандары Қазына Оразбай, Нұртөре Жорабек, облыстық «Совет Әлімқұлов оқулары» байқауының жүлдегерлері Жансая Тоғылшева, Жұлдыз Бейсенбай ақын өлеңдерін жатқа оқып, жүректерге жылу сыйлады. Сондай-ақ кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, ақынның туыстары Исламбек, Абзабек Әлімқұловтар ағынан жарылып сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Кеш соңында ақынның ұлы Бақытжан Әлімқұлов әкесі туралы көпшілік алдында толқып сөйледі. Ол әкесінің бірнеше өлеңін жатқа оқып беріп, Совет Рахымбайұлының және өзінің бірнеше жыр кітаптарын аталған аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Айнақұловқа табыс етті. Жыл басынан бері қарай «Тұңғыш кітап», «Өрімтал», «Сыбызғы», «Жайсаң жер», «Еліктің лағы», тағы да басқа оншақты жыр жинағының авторы болған Совет Әлімқұловтың 85 жылдығы өңірімізде жаппай аталып өтуде. Оған өңірде өткен «Ақынның аты өлмейді» сияқты әдеби кештер мен ақпан айында барлық кітапханаларда өткен «Совет Әлімқұлов оқулары» атты акция дәлел. Бүгінгі өтіп жатқан кеш те соның бірі. Алайда осы жерде бір айта кететін жағдай, «Ұмытып кетпе мені» атты ақынның кешінде есімізге ұмытылған көше аты түсіп, бәрімізді құлазытқаны болды. Елі сыйлаған есіл ердің 1998 жылғы 22 ақпанда өткен 60 жылдығында Жамбыл ауданында арнайы бір көше аты берілген. Сонымен қатар бірнеше үйге еске алу тақталары да ілінген. Міне, сол кездегі берілген көше мен ілінген тақталарды 80 жылдығына орай ұлы Бақытжан іздеген жоқ болып шығады. Одан бері тағы бес жыл өтті. Әлгі аталмыш көшенің аты қайта қалпына келмепті. Биыл 85 жылдығына орай тағы да іздеу салған Бақытжан Советұлы бұл туралы арнайы Жамбыл ауданының архивінен де деректер таба алмағанын айтады. Ол сонымен қатар Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен де кездескенін айтады. Аудан басшылығы жаңа көшеге ақын атын беру туралы уәдесін беріпті. Тоқетерін айтсақ, осыдан 25 жыл бұрын С.Әлімқұловтың есімі берілген көше атауы жоқ болып кеткен. Оның енді қашан қалпына келтірілетініне ел-жұрт алаңдаулы.
Шапағат ӘБДІР