Кәсіп

Атбегілік – асыл өнер

Атбегілік – асыл өнер

Атбегілік өнер – ежелден халқымыздың қанында бар қасиет. Түбіміз түркі, түлігіміз жылқы болғандықтан ат ерттеп, саятқа шығып, серілік құрып жүрген ауыл қазағына астындағы атының қандай артықшылыққа ие, қандай мінезі бар екенін білмеу үлкен сын.

Десе де екінің бірі сыншы бола бермейтіні тағы бар. Тегінде, жүйрік аттың бітім-болмысына қарап-ақ мінсіз мінездеме бере білген сыншылар тарихта аз болған жоқ. Тіпті баяғыда өлген жылқының сүйегінен оның тірі кезінде тұлпар болғанын, тірі жылқының тастаған тезегінен топты жарған жүйрік екенін болжайтын атбегілер елімізде өмір сүрген және әлі де бар. Осы орайда біз Меркі ауданының тұрғыны, белгілі атбегі Бақыт Кентаевпен тілдестік. Ол өз сөзін: «Салпы ерін, теке мұрын, ұзын тісті, Қабырғалы, жоталы болса күшті. Бөп-бөлек мойын еті омыраулы, Бүркіттей тоят алған салық төсті», деген ұлы Абайдың «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» атты тұлпар туралы өлеңімен бастады. Қарапайым жылқыларға қарағанда бәйге атының ерекшелігі – бота тірсекті, адымдары түйенікіндей, тілерсекті келеді. Тізелі, ұршығы шығыңқы, сіңірі жұп-жуан қысқа болады. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде: «Шырақтай жанған томаға көз, Қасы албасты, қабақты. Шықшыты оралып жатқан түбектей, Бауыздау жері піскен алма сағақты. Құлағы көлге біткен құрақтай, Еріні етектей, танауы талыстай», деген аттың бітім-болмысына қатысты жырлар бар. Жалпы хас тұлпардың кеңірдегі кең, етке, теріге қысылмай еркін тұрады. Шоқтығы өргек, жамбастың басы делдек, қалбағайлы қақ пен бел болады. Жамбасы ұста соққан сандалдай, кебеже қарын, кең құрсақ, сүбелік жері тастан соққан қорған іспетті. Салық төсті, яғни төс еті тоят алған бүркіттей, шідерлігі жұп-жуан бота тірсек. Ат пырағына айтар сипаттар көп. Мен айтып жатқан бұл сөздер қазақтың халық ауыз әдебиетіндегі «Ер Тарғын» жыры секілді шығармаларда кездеседі. Ең алғаш атқа мінген кезімнен-ақ жай жылқы мен текті тұлпардың айырмашылығын ажырататын танымдық өнерін қолға алдым. Атқұмар қазақтың баласы болғандықтан шығар, Қамбар ата төлінің тұқымын терең білуге құштар болдым. Бабаларымыз бізге мұра қылып қалдырған жылқы жайындағы жазбалар менің көзімді ашты», дейді Б.Кентаев. Бақыт Кентаевпен үй ауласында сөйлесіп тұрған сәтте жылқы сарайына көзім түсті. Баптап отырған бұл жануарлардың екеуі бәйге, екеуі көкпардың аты екен. Өмірін осы текті малға арнаған кейіпкеріміз айтар ойын жалғай түсті. – Менің бұл кәсібімді жалғауға ұлдарым құлықты болмады. Осы өнерге үш ұлдан тараған немерелерімді баулып жүрмін, – дейді. Бітімі бөлек бәйге аттарына қызыға қарап, олардың болмысын біраз тамашаладым. Менің жылқыларға қарап сүйсініп тұрған түрімді байқап, Б.Кентаев атқораға өзі бастап кірді. Жылқылардың жанына жақын келіп, оларды сипаттау сөзін жалғастырды. – Қазақы жылқыны қазанат дейді. Олардың ерекшелегі – таза қандыларға қарағанда бұлар ұзақ шабысқа шыдамды. Аяқтары шашалы, жер соғарлы, жуан сіңір, жуан бақай, жұмыр тұяқты келеді. Жұмыр тұяқ дегеніміз – қатты тұяқ. Қатты тұяқ аяғын алысқа лақтыра алады. Шапқан кезде бір төрт аяқ пен екінші төрт аяқтың арасы 9-10 метрге дейін қашықталады. Ә дегендегі ышқыны 95-100-метрге дейін барады. Бұрынғы қазақы жылқыны қазанат деп айшылық жерге арылмай, күншілік жерге болдырмай шабатын қылқұйрықтыны айтқан. Кәдімгі қазақтың қазаны сияқты бір қызғаннан кейін шабысынан тоқтату қиын болады. О бастағы саяткерлердің сынағаны осы жылқы. Олардың тістері аппақ, тістерінің арасы мығым, жұқалтаң, ішке қарай кекжие жаратылады. Ол қайсарлықтың белгісі. Құлагердің сағағының кеңдігіне баланың басы сыйып кеткен деседі. Бұл сөзді айтқан – сол құлагерді сынаған Күреңбай сыншы. Ұзаққа шабатын жылқы салық төсті келеді. Салық төсті дегеніміз – ұзын төсті. Шоқтығы артта, шоқтық пен жауырынның екі ортасы сүйем ашалы. Алды алшақ, арты талтақ болады. Құйрығы қынаптан шыққан қанжардай болады. Құйрық жалы шашыраңқы, қылы сирек келеді. Бұл қарулылықтың, күштіліктің белгісі. Белі бүкіш қақпандай, бұлан мойын, құлан жал, келте құйрық келеді. Ит жіліншік, құс топшы, серке сан. Мұрнының суағарлары үш орам, үш арнадан тұрады. Жалы селдір, майда болады. Терісі жұқа, шүйдесі биік. Бөкен қабақ деп көз сүйегі шығыңқыны айтады. Маңдайы жазық, көз бен құлақтың арасы қашықтау. Жамбасы ұста соққан сандалдай дегеніміз – жамбасқа еттің жабысып тұруы. Бұрынғы заманда сандалды ұсталар ағаштан шапқан. Кебеже қарын кең құрсақ, сүбелік жері, яғни қабырғалары көрінбейді. Сүбе дегеніміз – қанаты. Қабырға көрінбейді. Қабырғасы көрінген мал әлсіз. Қабырға мен жамбастың арасы жақын орналасады. Қалбағай омыртқасы жалпақ, қысқа келеді. Бәйгеге шабатын жүйрік олпы-солпы елеңдемейді, елермейді. Ештеңеге көңіл аудармайды. Есіл-дертінің бәрі – бәйгеге шабу. Астыңғы ерні салпайып тұрады. Салпы ерін, теке мұрын дегеніміз сол. Болмысы жуас келеді. Мінгенге берік, – дейді сыншы. 1987 жылдан бері атбегілік өнердің қыр-сырын меңгерген Бақыт Кентаев өзі де талай бәйгеге ат қосты. Оның баптаған жүйріктері көптеген жарыстарда оза шапты. Қарапайым ауыл тұрғыны деп қарағанымен бұл кісімен небір ат баптаған дөкейлер санасады екен. Ел аузында аты кең тараған сыншымыздың айтары көп.

Нұржан ӘЛІШ