Әлеумет

АНАҒА ТАҒЗЫМ

АНАҒА ТАҒЗЫМ

Әлемдегі махаббаты теңізден де терең, қамқорлығы таудан да биік жалғыз адам – ана. Осы үш қана әріпте қаншама мағына, махаббат, адалдық, тұнық сезім, жылулық бар десеңші. Жер бетінде ана туралы көптеген жан тебірентерлік оқиғалар, өлеңдер, ой салатын фильмдер мен кітаптар бар. Бірақ олардың ішінде менің жүрегімнен орын алған, назарымды өзіне айрықша аударған туынды – Қайрат Айтбайдың «Түркібастың Шынары» кітабы.

Кітапқа тоқталмас бұрын автор туралы аз-кем әңгіме қозғай кетер болсам, Қайрат Орынбайұлы Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы. Әр жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасында, ҚР Президенті Кеңсесінде, ҚР Мемлекеттік хатшылығында, Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті. Қазақстандағы әкімшілік реформа, экономикалық даму және мемлекеттік басқару жүйесі салаларындағы бірнеше кітап пен ғылыми мақалалардың авторы. Сонымен қатар біз тілге тиек етіп отырған «Түркібастың Шынары» кітабының иесі. Аталмыш кітап 2020 жылдың басында Алматы қаласындағы «Тоғанай Т» баспасынан жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты. Деректі туындыда анаға деген перзенттік махаббат, шексіз құрмет сезімі жатыр. Бұл кітап тек ана мен бала арасындағы махаббатты бейнелемейді. Бұл туындыда тарих, ұлттық құндылықтар, нағыз патриоттың қандай болу керек екені көрсетілгендей. Басты кейіпкер ретінде Қайрат ағамыз өзінің анасы Шынарды алған. Сол кісінің өмірбаяны, басынан өткерген қаншама қиыншылықтары, еңбегі мен ақылы, даналығы жазылған. Ендігі тұста менің мақсатым – осы туынды жайлы, анаға деген құрметтің қандай болу керектігі жайлы оқырмандармен бөлісу. Кітап ә дегеннен-ақ оқырманын өзінің ішкі иіріміне тартып алып кетеді. Оны оқыған адамға Шынар апа бейнесі – мейірімді, орнымен қатал, бірақ өте ақылды, дана, ер мінезді, қиындыққа мойымайтын батыр ана ретінде елестейді. Кейіпкер 11 перзент көрген кейуана. Ол балаларының екеуі шетінеп, екеуі қайтыс болып кетсе де шыдамдылықпен өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтапады. Болашаққа деген үмітін үзбейді. Тіпті өзі жұмыс істейтін егістік алқабында қаншама әділетсіздікті көрсе де мойымады. Міне, кейіпкердің бойындағы осындай ерік-жігер мені таңғалдырды. Нағыз мықты жар, батыр ана, ардақты келін, мейірімді ене, еңбектен қашпайтын қайсар жан деп осыны айт. Кітаптың бас кейіпкері Шынар апаның балаларына айтқан ақылы күллі оқырмандарына ой салады. Оның «Таспен атқанды аспен ат» деп, дұшпандарына мейірімділікпен қарауы, ислам дінін барынша құрметтеп, өз үйінде ақсақалдарға арналған намазхана бөлме арнауы ерекше құрметке лайық. Тағы да Шынар апа әрқашан балаларына табиғатты аялау керек екенін айтып, ата-баба аруағына құран бағыштауды, «Өлі разы болмай, тірі байымайтыны» жайлы көп мағлұматтар берді. Сонымен қатар үйді әр кез таза ұстаудың, ер адамның киімі ешқашан жерде жатпау керектігінің маңыздылығы қаншалықты жоғары екенін түсіне отырып, Шынар апаның нағыз қазақ елінің дана анасы екеніне көзім жетті. Шынайы өмір болмысы мен қарапайым ананың тұрмысын суреттеу арқылы адамдарға көптеген рухани идеяларды тастайтын бұл кітап нағыз бала мен ананың махаббаты осыншалықты берік, таза, мықты бола алатынын көрсетті деп ойлаймын. Бұл туынды арқылы ананы қалай құрметтеу керек екенін, ата-ананың қадірін уақытылы білу керектігін, қазақтың салт-дәстүрлерін, әрқашан өзіңді еңбекке, білімге баулып, жалқау болмау керектігін үйретеді.

Аружан СҰЛТАНОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті