ЦИФРЛАНДЫРУ – САН САЛАҒА СЕРПІН БЕРУДЕ
ЦИФРЛАНДЫРУ – САН САЛАҒА СЕРПІН БЕРУДЕ
ЖАМБЫЛДЫҢ ӨЗ ГЕОПОРТАЛЫ БАР
Жамбыл облысында да цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі тапсырмасын орындау, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында e-jambyl.kz геопорталы іске қосылды. Геопорталдың бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, қала тұрғындары енді бір құжатты, рұқсат қағазды немесе келісімді алуға, әсіресе жер учаскесін алғанда көп уақыт жұмсап әуре болмайды. Екіншіден, қызмет көрсетуші мен қызмет алушының арасында тікелей байланыс болмайды. Яғни ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлығын электронды нұсқада онлайн түрде алады. Геопорталға жалпы ауданы 10 292 103 гектарды құрайтын 4 352 бос жер учаскесі бойынша деректер, сонымен қатар сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 14 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып енгізілген.
БАРЛЫҚ ӨҢІР ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТЫЛҒАН
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылы халықтың цифрлық сауаттылығын 83 пайызға арттыру мақсатында бұлтты құжат айналымына көшу межесі қойылған болатын. Бұлтты сервис дегеніңіз, қарапайым тілмен айтсақ, ешқашан жоғалмайтын және жадысы шексіз, қалтаңа салып, қолыңа ұстап жүрмейтін бүкіл керек ақпаратыңды бір жерге сақтап және оны қасыңдағы адамдармен бөлісуге мүмкіндік беретін интернеттегі қызмет түрі. Осы тапсырмаға сәйкес жергілікті атқарушы органдардың бұлтты құжат айналымы облыс әкімінің аппаратында, облыс әкімдігінің 25 басқармасында, Тараз қаласы және 10 аудан әкімдіктерінде енгізілген. Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттердің бірі – интернеттің қолжетімділігі мен сапасы. Бүгінгі таңда интернет өңір халқының басым бөлігіне қолжетімді. Облыстағы 371 елді мекеннің 86-сы жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетпен, 276 елді мекен 3G интернетпен қамтылған. Интернет желісі әлі қосылмаған елді мекендер де назардан тыс қалмайды.
ХАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
«Amanat» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамы облыстың 5 елді мекенін талшықты-оптикалық кабельмен қамтамасыз етті. Сонымен қатар биыл облысымыздың 40 елді мекенін мобильді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ алдағы уақытта Сеңгірбай (Жамбыл ауданы), Қосапан, Абылхайыр (Т.Рысқұлов ауданы), Ақтам, Шағалалы (Сарысу ауданы), Ақтөбе (Талас ауданы) ауылдары 3G интернетпен қамтамасыз етілмек. Облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру саласында да цифрландыру бойынша оң өзгерістер барын айтты. – Облыс бойынша жалпы 36 384 бейнебақылау камералары бар. Былтыр Тараз қаласы және аудандарда жалпы 8 164 бейнебақылау камерасы орнатылса, 4 800-і жедел басқару орталығымен интеграцияланған. Сол жылы білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін кеңейту мақсатында Тараз қаласында барлығы 60 орта мектепке 600 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ Тараз қаласында 60 мектепте, аудан орталықтарында 40 мектепте 40 дабыл түймесі орнатылып, күзет агенттіктеріне қосылды, –деген Руслан Москауұлы «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасына да жан-жақты тоқталып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, пилоттық жоба Тараз қаласының 10 мектебіне енгізілген. Жобаның мобильдік қосымшасы да әзірленіп, соңғы деректер бойынша онда 5 634 ата-ана және 3821-бала тіркелген. Жаңа жоба ата-ана мен оқушы үшін өте тиімді болмақ. Оқушының қоғамдық көлікпен жүруге арналған арнайы «TULPAR СARD» картасына бірнеше жүйе біріктірілген. Мәселен, бала үйден шығып, автобусқа мініп, картасын валидаторға басқаннан кейін бірден ата-анасына автобусқа мінгендігі туралы хабарлама түседі. Хабарламада баласының қай автобусқа мінгені, көліктің нөмірі көрсетіледі. Бұдан бөлек, мектеп турникеттерінің деректер базасы «TULPAR СARD» компаниясымен интеграцияланған. Оқушы мектепке турникет арқылы бет-әлпетінің биометриялық параметрі немесе картамен кіре алады. «TULPAR СARD» пен «Balapey» компаниялары біріктіріліп, мектеп асханасына арнайы жүйемен жабдықталған. Бұл жүйе арқылы бала өзіне керекті тамақ мәзірін таңдап, «TULPAR СARD» картасы арқылы төлейді. Ең бастысы баланың қалтасына ақша салып жүрмеуінің өзі қауіпсіздікті барынша арттыратыны сөзсіз. Жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру үшін елімізде «Easy project» ақпараттық жүйесі құрылғаны белгілі. Министрлікпен ақпарат алмасуды цифрландыру үшін дайындалған «Easy project» жүйесі республикада алғаш болып Жамбыл облысында енгізіліп, қазір сәтті жұмыс атқаруда. Аталған кросс-платформа арқылы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын Үкімет аталған жүйе арқылы бақылай алады. Басқарма басшысының айтуынша республикалық жол картасында барлығы 117 іс-шара болса, 47-сі орындалған, 53-і орындалу үстінде. Сондай-ақ 2022-2025 жылдары орындалуы тиіс 8 және орындалмай қалу қаупі бар 9 іс-шара назарға алынған. Алдағы уақытта «EasyProject» ақпараттық жүйесіне басқа да ұлттық жобаларды енгізу мәселелері қаралуда.
АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫ АУҚЫМДЫ
Мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдардың алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі – басқарудың тиімділігін арттыру, шешім қабылдауды қолдау және нақты уақыт режиміне байланысты жеңілдету. Бұл мәселені шешуге көмектесетін заманауи тәсіл – ахуалдық орталықтарды енгізу. Ахуалдық орталықтар облыстық және муниципалды билік органдарының, министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ ірі корпорациялардың басшыларына арналған. Облыс тұрғындарының арыз-шағымын, ұсыныс-өтініштерін дер кезінде қабылдау мақсатында 109 байланыс орталығы құрылып, үздіксіз жұмыс атқарып келеді. «Jambyl 109» қызметіне облыс тұрғындары түрлі мәселелермен өтініштерін қалдырып жатады. Тұрғындардан түскен өтініш 109 қысқа нөмірі және әлеуметтік желі, сонымен қатар «AIkey109» мобильді қосымшасы арқылы қабылданады . Өткен жылдың басынан бастап ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының аумағында «112» бірыңғай нөмірі бойынша шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыруды қамтамасыз ету жүйесін – «112», бірыңғай кезекші — диспетчерлік қызметін құру бойынша міндеттер қойған болатын. Жобаның мақсаты – халықтың қауіпсіздігі мен қорғалуының кепілі, шұғыл ден қою және жедел қызметтердің өтініштерге үйлесімді өзара іс-қимылы, шұғыл жағдайларды жою кезінде кешенді ден қою уақытын қысқарту, шұғыл жедел қызметтердің ресурстарын ұтымды бөлу және пайдалану. Бұл жоба қызметтердің өзінде жедел басқару орталықтарын сақтай отырып, 101, 102, 103 жедел қызметтерін біріктіру үшін жасалады. Жоба 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бағыттарының бірі – IT-саласында жаңа компаниялар ашу есебінен 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру. Бұл бағыт бойынша министрлік көрсеткіштерінің өңірлер бойынша бөлінуіне сәйкес, Жамбыл облысында 2021 жылға арналған 10 жаңа жұмыс орнын құру тапсырылды. Бұл көрсеткіш облыста толық орындалды. Міне, біз зерделеген мәселенің жай-жапсары осындай. Осыдан аз жылдар бұрын цифрландыру деген сөздің өзі жаңалық болатын. Енді цифрландыру өңіріміздің һәм өміріміздің барлық саласына еніп кетті. Цифрландыру үрдісіне ілесу әр тұрғынның мақсаты болуы қажет. Сонда әлемдік өркениетке жақындап, жұмысымызды көп жеңілдетеміз. Әзірге біздің өңірдің де бұл бағыттағы қадамдары көңіл қуантады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ