Түрмеде де кәсіп бар
Түрмеде де кәсіп бар
Мойнына кесімді бір мерзімді іліп, түзету мекемесіне бет түзегендер қылмыскер болғанымен олардың жазасын өтеуі барысында құқығы тапталмауы тиіс. Бұл заңның, мемлекеттің, құқық қорғау органдарының адам құқығын қорғауға қатысты назарында тұрған басты мәселе. Айыбын арқалап, жазасын өтеп шыққандардың ішінде бостандықпен қауышқаннан кейін салиқалы өмір сүріп кететіндер көп. Бұл бәлкім, біріншіден, адамның өзінің санасына, екіншіден, түзеу мекемесіндегі тәртіп пен сол мекеменің адамды түзеу бағытындағы жүргізіп жатқан жұмысына байланысты. Бүгінде сотталғандардың ішінде денсаулығы барларының ақыға жұмыс істеп, ақша табуына жағдай жасалуы – олардың заңды құқығының сақталуының бір көрінісі. Мәселен, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы, әділет подполковнигі Аймен Тайтелиева сотталғандарды еңбекпен қамту олардың өз ықтияры бойынша жүзеге асырылатынын айтады. Сонымен қатар оның айтуынша, қылмыс салдарынан орын алған шығынды сол сотталған адамның есебінен өтеу қылмыстық атқару заңнамасында атап көрсетілген екен. – Бүгінде облыста бес түзеу, бір тергеу изоляторы бар. Оның ішінде жаза мерзімін өтеу орындарында еңбекпен қамтылғандар саны – 1 238. Бас бостандығынан айырылғандардың ҚР Қылмыстық атқару кодексінің 11-бабында белгіленген міндеттермен қатар, мекемелердің ішкі тәртіп қағидаларында көзделген тәртіппен мекеме әкімшілігі айқындаған орындарда еңбек етуге міндетті. Олар карантин бөліміне орналасқан күннен бастап сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының қызметкерлерімен сұхбаттасады. Әңгімелесу барысында оларға жұмыс реті таныстырылады. Осы жылы жұмысқа орналасқан сотталушылардың саны еңбекке жарамдылардың 55 пайызын құрап отыр. Оның ішінде қылмыстық атқару жүйесі кәсіпорындарында – 204, мекеменің шаруашылық қызметінде – 159, басқа ұйымдарда, яғни жеке кәсіпкерлерде 875 адам еңбек етіп жатыр. Түсінікті тілде айтсақ, сотталушылардың бірі түзеу мекемесінде ашылған кәсіпкерлік нысандарда, қылмыстық атқару жүйесінің өзінің өндірістік кәсіпорындарында, қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің гүл қырқу, аула сыпыру секілді шаруашылық жұмыстары бойынша еңбек ете алады. Биыл 3 айда сотталғандардың еңбегін қамтамасыз ету қызметімен мекемелердегі кәсіпкерлікті дамыту үшін конструктивтік және кәсіпкерлер қызметінің тиімділігі қағидалары басшылыққа алынды. Жазасын өтеп жатқандардың ішінде еңбекпен қамтылғандардың санын ұлғайту, олардың әлеуметтік оңалуын, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту үшін бірлескен және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру жұмыстарын дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Мекемелерде сотталғандар үшін қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс жоспары құрылды. Біздің департаменттің базасында «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлерінің қатысуымен бірнеше кездесу өтті, – дейді Аймен Ақылбекқызы. Аталған департаментке бағынысты мекемелерде сотталғандарды еңбекпен қамту мақсатында мекеме аумағында орналасқан «Еңбек-Тараз» мекемесі филиалының бос өндіріс аумақтарында жаңа жұмыс орындарын ашу мақсат етіліпті. Ол үшін шағын және орта бизнес субъектілерін тарту және мекемелердегі сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлердің өнімдерін тарату-сату ісі пысықталған. Бұл бойынша қолғабыс көрсету мәселесі талқыланып, өнімдерді таныстыру бойынша кездесулер өткізіліпті. Бос өндіріс орындарын жаңа жұмыс орындарымен қамту мақсатында шағын және орта бизнес субъектілерін тартуға қатысты Тараз қаласы және өзге де аудан әкімдігі аппараттарына сұраныс хаттар жолданған екен. Сонымен қатар аталған жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына сотталғандарға қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында олардың қолымен жасалған дайын өнімді тарату-сату мәселесі бойынша өнімнің түрлері мен бағалары бойынша хаттар жолданыпты. – Тараз қаласы әкімдігімен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде әкімдік тарапынан 3 жеке кәсіпкерге мекемелерде орналасқан «Еңбек-Тараз» РМК-ның бос ғимараттарын таныстыру жұмыстары жүргізілді. №25 түзеу мекемесінде өндірістік орындарын жеке кәсіпкерлерге таныстыру үшін қала әкімдігі аппараты қызметкерлерінің тікелей қатысуымен және жеке кәсіпкерлерді шақырып, «Ашық есік» күні өтті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының базасында жеке кәсіпкерлерге бос ғимараттар таныстырылды. №25 мекемеде «Еңбек-Тараз» РМК өндіріс аумағында шағын және орта бизнес нысаны ретінде 4 жеке кәсіпкерлік бірлескен қызмет шарты негізінде жұмыс істеп жатыр. №58 мекемеде 12 жеке кәсіпкер, оның ішінде 3 бірдей «Еңбек-Тараз» өндіріс аумағында бірлескен қызмет шарт негізінде 3 жеке кәсіпкерлік, қалған 9 жеке кәсіпкерлік тұрғын аймақта сенімгерлік басқару шартымен жұмыс істеуде. №58 мекемемен 2 жеке кәсіпкерлік, №25 мекемеден 1 жеке кәсіпкерлік жұмыс орнын ашуға ниет білдіріп отыр. Бұрын Тараз қаласы әкімдігі тарапынан сотталғандардың жұмысқа орналасуына айтарлықтай көңіл бөлінбейтін. Биыл көңілімізден шығатындай белсенділік танытты. Облыстық кәсіпкерлер палатасына да айтар алғысымыз бар. Қазір осы айда түзеу мекемесінде жасалған тауарлар бойынша көрме мен жәрмеңке өткізуге дайындалып жатырмыз. Аталған көрме облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен облыс және қала әкімдігі өкілдерінің қатысуымен өтеді. Сонымен қатар бұл іс-шараға өңірдегі барлық жеке кәсіпкерлер қатысады. Мақсат – түзеу мекемесіндегі сотталғандардың қолымен жасалған бұйымдарды жеке кәсіпкерлерге таныстыру, – дейді А.Тайтелиева. Осы орайда біз кәсіпке қатысты түрмедегі тіршіліктің қалай болып жатқанын көзбен көру үшін №59 түзеу мекемесіне бардық. Мұнда сотталушыларды еңбекпен қамтып отырған 13 жеке кәсіпкер бар екен. Оларда 457 адам жұмыс істейді. Мұнда кәсіптің 100 түрін ашуға рұқсат беріліпті. Оның ішінде аталған түзеу мекемесінде тігін, ағаш өңдейтін, темірден бұйым жасайтын әртүрлі цехтар бар. – Мұндағы өнімнің бағасы нарықтағы бағадан 50 пайызға дейін арзан. Негізі біз жұмысшыларға, кәсіпкердің мұнда өз жұмысын жүргізуіне жауаптымыз. Ал өнімді қанша теңгеден, қайда өткізетіні кәсіпкердің жеке шаруасы. Оған біз араласпаймыз. Жазасын өтеушілер еңбекақысын еткен еңбегіне қарай алады. Біреуі айына 20 мың теңге алса, тағы бірі 100 мыңнан аса табыс табады. Күніне 8 сағат еңбек етеді. Жұмыс істеп табыс табамын, отбасыма көмектесемін деген ниеттегі кез келген сотталушының ақыға жұмыс істеуі өз еркінде. Мойнында несиесі барлар, алимент төлеуге міндеттілер немесе басқа да мемлекет бекіткен талап қарыздары бар адамдар берешегін осылай өтейді. Тапқан табысы арқылы отбасына көмектеседі, – дейді №59 түзеу мекемесіндегі сотталушылардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы, әділет капитаны Айгүл Кубеева. Облыс аумағындағы түзеу мекемелерінде негізінен Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысының тұрғындары жазасын өтейді екен. Мұнда 12 ағаш цехы бар болса, бір цехта 25 адамнан жұмыс істейді. Алексей Кривабуков та Алматы облысының тумасы. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 12-бабы, 3-тармағы бойынша сотталыпты. – Кезінде істеген қылмысым үшін өкінемін. Сот 14 жылға бас бостандығымнан айырған еді. Қазір өтелмеген төрт жылым қалып отыр. Ағаш шебері болып еңбек етіп жүргеніме 5-6 жыл болды. Айына 50 мың теңгеден аса табыс табамын. Ағаштан неше түрлі бұйым жасаймыз. Біріміз ағаш кесіп дайындасақ, ал енді бірі тіледі. Тағы бірі астау, табақ секілді бұйымды ойса, ал енді бірі өрнегін салады. Кейде өзіміз жасаған бұйымды айлығымызға жаздырып, отбасымызға сыйлық ретінде жібереміз. Себебі мұнда өнім бағасы өте арзан, – деді Алексей Васильевич. №26 түзеу мекемесінде 5 жеке кәсіпкер сотталушыларды жұмыспен қамтып отыр. Бұл мекеменің өзге түзеу мекемелерден айырмашылығы сол, мұндағы сотталушылар Тараз қаласының ішіндегі жеке кәсіпкерлік нысандарына барып жұмыс істейді. Мысалы, олар техника жөндеу орталығында көлік жөндеп, құрылыс нысандарында кірпіш құю жұмыстарын атқарады. Оларды күнде таңертең жұмыс беруші арнайы автобуспен өзі әкетіп, кешке қайта алып келеді. Жұмысшылардың түскі асы жеке кәсіпкер есебінен беріледі. Мұнда 200 сотталушы бар болса, оның 170-тейі еңбек етеді. Барлығы да оңтүстік өңір тумалары. Түзеу мекемесіндегі біз көрген тіршіліктің бір парасы осындай. Айтпақшы, мұнда «өз кәсібімді жүргіземін» деген жас кәсіпкерлерге жол ашық. Өз арманын орындағысы келетін, бірақ көзін таппай жүрген кәсіпкерлікке ебі бар азаматтар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Себебі мекеме аумағынан кәсіп ашқан адамға жұмысын жүргізетін нысан тегін беріледі. Анығы, жалға алу тегін. Жұмыс күші жеткілікті, жұмысшыға беретін еңбекақы төмен. Өндіріс орнына да ақы төленбейді. Жалпы біздің ішкі нарықты шетел өнімі жаулап алғаны баршаға мәлім. Ал шетелдік тауарды сауда сөрелерінен түгелдей ысырмасақ та өз сұранысымызды қанағаттандыруда үлес қоса отырып, пайда табуға болады. Бір ғана қағаз өндірісін алар болсақ, түрлі қағаз қаптама, қорап, дәптер, дәрет қағасы, қағаз майлық (салфетка) дегендерді түзеу мекемесіндегі жұмысшы күшін пайдаланып та шығаруға болады. Сондықтан бойында идеясы, іскерлік қабілеті бар жастар аяққа тұрып кеткенше кәсіпкерлікті осында бастаса болады екен-ау деген ойға қалдық. Өйткені мемлекет кәсіппен айналысамын деген азаматтарға қыржылай да, басқалай да барынша қолдау көрсетуде. Соны пайдалануға ұмтылғанның ұтылмайтыны анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ