Жаңалықтар

Деннің саулығы – жанның байлығы

Деннің саулығы – жанның байлығы

Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Өмір, адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Қазіргі мәліметтер бойынша денсаулық 53-55 пайызға салауатты өмір салтына тәуелді болады екен. Осыдан салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екендігін айқын көруімізге болады.

Бұл салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты – қимыл белсенділігі. Ол өмірлік маңызды мүшелердің және мүшелер жүйесінің қызметін жақсартады, сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыруда қимыл белсенділігі үлкен рөл атқарады. Дене тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу – көптеген аурулардың, атап айтқанда инсульт, инфаркт, астма, қант диабеті және тағы басқа аурулардың алдын алуға септігін тигізеді. Адамның барлық мүшелері мен жүйелеріне, мысалы эндокринді, экзокринді, жүйке жүйесі, қантамыр жүйесіне тікелей әсер етіп, ағзаның қалыпты дамуын қамтамасыз етеді. Денсаулықты сақтауда уақытымен және дұрыс тамақтанудың да маңызы зор, бұл келесі шарт. Тағам әртүрлі сапалы, экологиялық таза болуы тиіс. Төрт мезгіл тамақтануды сақтай отырып, белгілі бір сағатта ас қабылдаған дұрыс. Сондықтан тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Жүріп бара жатып, кітап оқып отырып, теледидар алдында немесе компьютерде жұмыс істеп отырып тамақтануға болмайды. Тамақты үстелдің басында отырып қабылдау керек. Майлы, тұзды, тәтті тағамдарды қабылдауды шектеген жөн. Тамақты аса көп жеуге және ұйықтар алдында тамақтануға болмайды. Түнде желінген ас толудың бірден-бір жолы. Ол тек семіздікке ғана алып келмейді, денсаулыққа да өте зиян. Асқорыту мен басқа да физиологиялық процестер баяулай бастап, метаболизмде зат алмасу қиындайды. Осының салдарынан кеш ішілген ас ұйқы кезінде ұзақ қорытылады. Ал метаболизмнің жақсы жұмыс істемеуі семіруге алып келеді. Егер түнде қарныңыз ашып бара жатса, жылы су ішкеніңіз дұрыс. Сонымен қатар түнде тамақ жемесеңіз өзіңізді әлдеқайда жеңіл сезінесіз және асқазандағы улы заттардан тазарасыз және артық салмақтан бірте-бірте құтыласыз. Сондықтан тамақты неғұрлым ертерек ішіп алғаныңыз өзіңізге жақсы. Тұзды, майлы тамақты көп мөлшерде тұтынғанда ағзадағы сұйықтықтың шығуы қиындайды. Соның салдарынан ісіну пайда болып, натрий хлоридінің қалдықтары жинала береді, қан қысымын көтереді, бауыр, бүйрек, жүрек ауруларына әкеліп соғады, жүрек-қантамыр ауруларының қаупі артады. Қауіп тобына қатерлі ісік, қант диабеті, созылмалы өкпе аурулары кіреді. Дұрыс тамақтану жүрек-қантамыр, асқазан-ішек жолдары, қант диабеті, остеопороз, онкологиялық аурулардың алдын алу, сыртқы орта әсеріне қарсы тұру, ағзаның жұмысқа қабілеттілігін арттыру, белсенді ұзақ өмір сүру үшін қажет. Салауатты тамақтану және жоғары дене белсенділігі, спортпен шұғылдану, күйзеліспен күресе білу, темекіден, ішімдіктен бас тарту жолымен салауатты өмір салтын ұстану арқылы аурулардың алдын алып, денсаулықты және тартымды келбетті сақтап, сұлу да сымбатты, тәні мен жаны жас, белсенді болып жүруіңізге болады. Қазіргі қоғамымызда салауатты өмір салтына деген саналы көзқарас темекі шегу, спирттік ішімдікке салынудың, есірткі қолданудың көбеюіне себепкер болып отыр. Өкінішке қарай, қоғамымызда темекі тарту, ішімдік пайдалану, есірткіге құмарлық және улы заттарға әуестік, адамгершілікке жат мінез-құлық, ерте жыныстық қатынас кеңінен етек алуда. Бұл зиянды әдеттерден бас тарту керек. Олар организмге әсер етіп, денсаулыққа зиян келтіреді. Семіздік, темекі шегу, алкогольді тұтыну, кофеині бар газдалған сусындар (бірақ шай, кофе және какао емес) ерлердің репродуктивті денсаулығына теріс әсерін тигізеді. Кейбір қыздарымыз бен әйел адамдар жүктілік кезінде алкогольді тұтынып, темекі шегіп жатады. Бұл жүктіліктің асқыну қаупін арттырады, оның ішінде өздігінен түсік тастау және ана мен нәресте үшін ДНК-ның зақымдалуына әкеледі. Арақтың орнына қымыз бен қымыран іш, темекі тартудың орнына таза ауада көбірек жүр. Жастарға есірткіні пайдаланбай, көңіл көтеретін мәдени көпшілік орындарға баруды әдетке айналдыр дер едім. Келесі салауатты өмір салтының басты шарты – еңбекқорлық. Еңбек адамды тәрбиелейді. Сондықтан жұмыс істеуден, оның ауыртпалығынан қашпаған жөн. Жалқаулыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Имандылық жолына түсіп, жылына бір келетін оразаны тұтып, оның тәртібін сақтағаныңыз дұрыс. Дүниеде бұған тең келетін ештеңе жоқ. Денсаулық – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау – бәрі де денсаулыққа қызмет етеді десек, еш қателеспейміз. Адам организміне қоршаған орта факторларының әсері туралы білім, қоршаған орта факторларының зиянды әсерінен қорғай білу денсаулықты сақтауға және түрлі ауруларды болдырмауға жәрдемдеседі. Жеке гигиена ережелерін бұлжытпай орындау, жұқпалы аурулардан қорғану тәсілдерін білу, алдын алу екпелерін уақытымен қабылдау да денсаулыққа оңтайлы әсер етеді. Біз табиғаттың, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуіміз керек. Өзіңізді қандай көрсеңіз, өзгелерді де солай көріңіз. Адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болса, нұр үстіне нұр жауады. Әрқашан жаман ойдан аулақ болыңыз. Күйзеліс (стресс) пен кикілжіңді болдырмау – бұл адамның өз күйін анықтай білу, көңіл күйдің денсаулыққа әсерін білу, адамдар арасында тіл табыса білу, қарым-қатынас жасай білу, көңіл күйін басқара білу – бұның бәрі психикалық денсаулықты қорғауға мүмкіндік жасайды. Қорыта келгенде, әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кірісе алады. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі үшін салауатты өмір салтын сақтау – қолымыздағы іс. Атамыз қазақтың «Денсаулық – терең байлық» деген даналық мәтелдері тіршіліктің нағыз өзегінен алынған емес пе? Денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып, барлық игіліктен жоғары санаған.

Бану СЕЙСЕБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Білім берудегі шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы