Жамбыл жаңалықтары

ТАРАЗДАҒЫ ТҰРҒЫН АЛҚАПТАР ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕН ҚАЛМАУЫ ТИІС

ТАРАЗДАҒЫ ТҰРҒЫН АЛҚАПТАР ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕН ҚАЛМАУЫ ТИІС

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының №11 аумақтық округіндегі бірқатар нысандарды аралады.

Аймақ басшысы алдымен «Көлтоған» шағын ауданындағы беріліп жатқан 369 гектар жер телімдерін көріп, «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» тұрғын алқаптарына жүргізілген электр желісінің құрылыс жұмыстарымен, 28 саяжайдағы ауызсу тарту мәселесімен танысты. Нұржан Нұржігітов жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері берілетін алқаптарға инфрақұрылымның тартылуына баса назар аударып, қала маңындағы тұрғын алқаптардың ауызсумен, газбен, электр энергиясымен үздіксіз қамтылуына, тариф мәселесіне ерекше көңіл бөлді. – Біз тұрғындарға нақты, ашық ақпарат беру керекпіз. Әрқайсымыз әртүрлі әңгіме айтатын болсақ, халықтың сенімсіздігі, наразылығы содан туындайды, – деген аймақ басшысы жауаптыларға инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстарды сапалы әрі жеделдетіп жүргізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан соң облыс әкімі жеке кәсіпкер есебінен бой көтерген спорт кешенінің құрылыс жұмысының қарқынын көрді. Жалпы ауданы 740 шаршы метрді құрайтын нысанды салу жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталып, ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған екен. Аймақ басшысына «Құмшағал» тұрғын алқабынан спорттық-сауықтыру кешенін салу бойынша жергілікті халықтың өтініші жеткізілді. Нұржан Нұржігітов қала әкімі мен тиісті басқарма басшыларына бұл мәселені зерделеу және шешу бойынша шаралар қабылдауды жүктеді. 1975 жылы пайдалануға берілген №56 орта мектептің қазіргі таңда тозығы жеткені байқалады. 320 орынға арналған оқу ордасында 615 бала білім алуда. Сондай-ақ мектеп басшылығы жазғы спорт алаңшасының мәселесін де көтерді. Мектеп ғимаратын жөндеуден өткізуге айрықша көңіл бөлген облыс әкімі бұл мәселенің міндетті түрде қаралатынын жеткізді. Жазғы спорт алаңшасына шым әкеліп төсеу керектігін ескертті. Бұл істі асарлатып атқару, оған қаладағы мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Егер де бұл бастама тиімді жүзеге асатын болса, қаладағы өзге оқу орындарындағы осындай спорт алаңшаларын реттеуде де осы әдіс қолданылады. тарМектеп жанындағы шағын орталықтың санитарлық, сейсмикалық жағдайына алаңдаушылық білдірген облыс әкімі оны қайта салу ісіне назар аударды. «Құмшағал» шағын ауданындағы медициналық пункттің жұмысымен танысқан Нұржан Нұржігітов мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына ауқымды қолдаулар жасалып жатқанын, нәтижесінде тұрғындарға сапалы медициналық қызмет ұсыну керектігін баса айтты. Сонымен қатар тұрғын алқаптардағы осындай медициналық нысандардың санын, олардың қажетті дәрігерлермен қамтылуын сұрады. Денсаулық сақтау басқармасы мен қала әкімдігіне балалы аналардың, науқастардың ары-бері сабылмауы үшін тапшы мамандардың қабылдауын тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы №34 бөбекжай-бақшасының жай-күйін көрді.