Білім

«Дүниеге қайта келсем, тағы да ұшқыш мамандығын таңдар едім»

«Дүниеге қайта келсем, тағы да ұшқыш мамандығын таңдар едім»

Ұшқыш болу – аса жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ең маңыздысы – жауаптылық. Әрбір ұшқыш өзінің мамандығына, әрбір рейске, ондағы әрбір жолаушыға жауапкершілікпен қарауы керек. Дегенмен әуе көлігін жүргізетін ұшқыштардың әңгімесін күнде естіп, біле бермейміз. Осыған орай біз Халықаралық авиация және ғарышкерлер күніне орай Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы, 25 мың сағат ұшу өтілі бар тәжірибелі ұшқыш, жерлесіміз Орынбек Жорабековпен сұхбаттастық.– Орынбек Жорабекұлы, ұшқыш болу үлкен тәуекелді талап етеді. Сіз неліктен бұл мамандықты таңдадыңыз? Авиацияға қалай келдіңіз? Авиация саласында жүргеніңізге қанша жыл болды? Әуеде қанша сағат ұштыңыз? Алғашқы рейсіңіз? Осы сауалдар кімді болмасын қызықтыратыны сөзсіз деп ойлаймын...

– Менің балдәурен балалық шағым Талас ауданының Ақкөл ауылында өтті. Ақкөл – ол кезде аудан орталығы. Ол уақытта аудан түгіл, әр ауылға «АН-2» деген ұшақ ұшқан. Әр ауылда ұшақтардың әуежайы бар. Ақкөлдегі қону алаңы біздің үйге жақын болатын. Күн сайын гүрілдеп ұшақтар ұшып-қонып жататын. «Мен қашан ұшқыш боламын?» деп шексіз қиялға беріліп, ондайда кез келген оқушы армандап кетеді емес пе? Ол арманның жетегінде мен де жүрдім. Ұшқыш болу үшін мектепті үздік оқу керектігін де жадымнан шығарған жоқпын. Мектептен соң әкемнің сөзін қимай Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына оқуға түстім. Бірақ ол оқуды мүлде жүрегіммен қаламадым. Шынымды айтсам, апталап сабаққа бармай қалатын кезім болатын. Сабаққа зауқымның болмай жүргенін байқаған әкемнің қарындасы Күлтән әпке шыдамай әкеммен сөйлесуге ауылға кетті. Әпкем ағасын көндіру үшін үш күн бата алмай жүріпті. «Ұшқыш болса болсыншы. Өзім де байқап жүрмін. Болмай барады. Баланы көңілі қалаған нәрсесінен қайтармау керек екен» деп, әйтеуір, жөнге келтіреді. Әке келісімін берген соң ана байғұс қайтсін? Ақжаулыққа көзінің жасын сығымдап қала берді. Сонымен ұшқыштар училищесіне түсу үшін емтихан қабылдау Алматы қаласында өтті. Кеңес одағының әр аймағындағы ұшқыштарды даярлайтын оқу орындарында оқығысы келетін қазақстандық жастардың барлығы алдымен осында келіп құжат тапсырады екен. Ол 1967 жылы болатын. Комиссия төрағасы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов екен. Өзім де батыр Бигелдиновті сол кезде алғаш көрдім. Ол кісі менің үздік аттестатыма көз жүгіртіп, риза болды. Сонымен Украинаның Кременчук қаласындағы ұшқыштар училищесіне түсуге кеңес берді. Не керек, үш-төрт жора-жолдасыммен бірге «Қайдасың, Украина?» деп барғаныммен, бізді ұшақ жүргізу мен тікұшақта ұшуға бөліп, мені тікұшаққа жіберді. Бірақ менің балалық арманым нағыз ұшқыш болу еді. Арманыма қол созым жер қалғанда аянып қайтейін? Құжаттарымды алып, Кеңес одағының келесі бір қиырындағы азаматтық авиация мамандарын даярлайтын оқу орнына ауысуға бел будым. Сөйтіп, Саратов қаласындағы Красный Кут азаматтық авиация училищесіне түсіп, үш жылдан кейін ойдағыдай бітіріп шықтым. Мәселен, оқу бітірген 450 студенттің ішінен 14-і үздік бітіріп, сол үздіктер қатарында мен де болдым. Сол білімімнің арқасында біраз белеске жеттім. Оқуды бітірген соң Қиыр Шығыстан, Магаданнан, Камчатка түбегінен шақыртулар түсті. Тіпті Саратов училищесіне оқытушы болуға да ұсыныс болды. Алайда мен өз оқытушыларымды таңғалдырған қадамға бардым. Жолдаманы туған жерге алдым. Өйткені мен оқуға кетер алдында анама қайтып оралуға уәде еткенмін. Оқуымды тәмамдаған соң ауылыма оралып, сол кездегі Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы әуежайдың бастығы Александр Шукиннің бұйрығымен «АН-2» ұшағына екінші ұшқыш болып қабылдандым. Әуелі алқаптарды дәрілеуге арналған ұшақта ұштым. Кейін ұшқыштарға арналған жоғары мектепті бітіріп, «ЯК-40» ұшағына, көп ұзамай «ТУ-54» ұшағына ауыстым. Бірге оқыған басқа әріптестерімнен бұрын үлкен ұшақтарды басқарып, экипаж капитаны болдым, үлкен ұшақпен шет мемлекеттерге ұштым. Жүзден аса елде болдым. Жалпы 47 жыл ұшқыш болдым. 27 мың 249 сағат ұшыппын. Дүниеге қайта келсем, тағы да ұшқыш мамандығын таңдар едім. – Талғат Бигелдинов емтихан қабылдады деп қалдыңыз. Ол кісімен кейін жолыңыз түйіскен жоқ па? – Бір қызық айтайын. 1991 жылы «Тұрғынүй-1991» деген бағдарлама бойынша Тараз қаласының әуежай аумағында үйлер салынып, мен де сол жерден үй алдым. Сонда ең бірінші көшені Талғат Бигелдинов көшесі болсын деп мен қойдым. Сол бойы солай аталып кетті. Беріректе бір күні әуежайға барсам, жігіттер күту залында Талғат Бигелдиновтің отырғанын айтты. Ести сала шауып бардым. Рейсі біразға кешігіп жатыр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Аға, көлігіме отырыңыз, бірнәрсе көрсетейін» деп көлігіме отырғызып алып, өзім тұратын көшеге алып келдім. Көшенің бойында «Талғат Бигелдинов» деп жазылған тақтайшаны көріп ол кісі бір жағынан таңғалып, бір жағынан қуанып қалды. Ондайды күтпесе керек. Бірақ ол көшенің жолы нашар еді. Ертесіне топырақ түсіртіп берді. – Перзенттеріңіздің арасында жолыңызды қуғандар бар ма? – Жұбайым екеуміз 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде әрқайсысының өз отбасы бар. Ұлым Қайрат – ұшқыш. «Air Astana» компаниясында «Airbus-320» ұшағында экипаж командирі. Одан кейінгі ұлдарым сақтандыру компанияларында еңбек етеді. Қыздарым да қызметте. Балаларымның бәрі жоғары оқу орындарын оқыды. – Аспан жолдарында қауіпті сәттер аз болмайды ғой. Қауіппен бетпе-бет келген сәттер болды ма? Жалпы жолға шығарда ырым-тыйымдар қолданасыз ба? – Дегенмен мен әрқашан өз-өзіме сенімді болдым. Өзімнің біліміме сенемін алдымен. Бірде Шымкенттен Сирияға бара жатқан едік. Жолай Түркіменстанның Түркменабад қаласына қонып, жанармай құйып алатын болдық. Ол кезде майдың тапшы кезі. Бар болғаны 10 тонна ғана құйып берді. Ұшып кеттік. Чарджоуға жақындай бергенде көкті тұман басқаннан әуежай жабылып, қондырмай қойды. Қырсыққанда Самарқан, Мары қалаларындағы әуежайлар да жабылып қалды. Болмаған соң Ашхабадқа бардық. Сонда Құдайға жалбарындым. «Мені жеткізші, аман-есен жолаушыларымды жеткізейін» деп сұрадым. Сонда 1 сағат 20 минуттың майы 1 сағат 45 минутқа жетті. Ең қызығы әуежайға қонып, тірелген кезде майы таусылып, өшті де қалды. Бортта 164 адам бар еді. Міне, сол оқиға маған үлкен ой салды. Сол секілді 1996 жылдың 11 қарашасында болған мына оқиға есімнен кетпейді. Шымкенттен ұшып, Үндістан астанасы Делиге қону үшін үндістандық әуежай әкімшілігінен рұқсат алуды күтіп тұрмын. Сол кезде ұшу жолағында тұрған маған жүк тасымалдаушы әуе кемесінің командирі Черепанов деген досым келіп, рейсті ауыстыруым туралы өтініш айтты. Алғашында көнбегеніммен, жеме-жемге келгенде дос көңілін қимадым. Содан «Ил-76» ұшағын тізгіндеген Черепанов 28 жолаушымен Үндістанға бет алды. Алайда бекітілген хаттама бойынша Делиге ұшуы тиіс ұшақтың экипаж командирі болып мен бекігенмін. Ертеңіне ұйқыдан оянып, жаңалыққа құлақ түрсем «Командир Орынбек Жорабеков тізгіндеген ұшақ Дели қаласында апатқа ұшырап, ұшақта болғандардың барлығы қаза тапты», деп хабарлап жатты. Сол хабарды естігендегі түрімді көрсеңіз. Үйге қоңырау шалып, мені іздегендер көбейіп кетіпті. Не үшін екені белгілі ғой. Кейін өз-өзіме келген соң достарыма, қатарларыма өзім қоңырау шалып, «пейіштемін» деп әзілдеп жағдайды түсіндіргенім бар. – Өзіңіз секілді ұшқыш болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз? – Ұшқыш болу үшін білімге барынша ден қойған дұрыс. Әуе кемесін жеңіл көлікпен салыстыра алмайсыз. Оны тізгіндегенде қателікке мүлде жол беруге болмайды. Шет тілін меңгеру де маңызды. Денсаулығың да мықты болуы керек. Салауатты өмір салтын ұстанып, таза жүрген абзал. Және мамандыққа деген адалдық, махаббат бірінші орында тұруы керек деп ойлаймын! – Әңгімеңізге рақмет!

Айжан ӨЗБЕКОВА