Жамбыл жаңалықтары

Басты мақсат – халықтың тұрмысын жақсарту

Басты мақсат – халықтың тұрмысын жақсарту

Облыс әкімдігінде инвестициялық штабтың кезекті отырысы облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өтті. Басқосуға бірқатар облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиында алдымен «TargetAІ limited» компаниясы қалалық бейнебақылау камераларына арналған аналитикалық платформасын ұсынды. Аталмыш платформа қаладағы жұмыс істемейтін жарықтандыру құрылғыларын анықтау және тоқтаусыз жұмыс істеу уақытының статистикасын жинау, мектептерде қауіпсіздік жүйесін орнатуға мүмкіндік береді. Қанатбек Қайшыбекұлы бұл мәселе бойынша цифрландыру және білім басқармаларына зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Штаб отырысында сонымен бірге «China CAMC Engeerring Co., LTD» атты қытайлық компаниямен инвестициялық жоспарлар түзілді. Бұдан соң Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндады. Айтуынша, өткен жылы ауданда 24,3 миллиард теңгеге 30 инвестициялық жоба іске асырылып, 155 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биылға жалпы 15,4 миллиард теңге қаржыға 105 жоба іске асырылып, 806 жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде 31 жоба ауылшаруашылық саласы бойынша, 60 жоба кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы және 14 жоба «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша іске аспақ. Іске асырылғалы отырған ірі жобалардың бірі «КнауфГипсТараз» ЖШС кәсіпорны осы жылы Ақбастау ауылдық округінде гипсокартон және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты жобасын жүзеге асырмақ. Қаражат көлемі 7 миллиард теңге. Кәсіпорын биылғы жылдың 4-тоқсанында іске қосылатын болады. Ауданда тағы іске асырылғалы отырған көлемді жобаның бірі – «Аса агро» серіктестігі жылына 5000 тонна құс етін өңдейтін фабрика салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Фабриканың жалпы аумағы 15 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда құс фабрикасының 3 базалық корпусы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 240 тонна өнім өндірілді. Жобаның құрылыс жұмыстары кезінде 15 адам жұмыспен қамтылса, іске асырылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Ерлан Қыдыралыұлы баяндамасында бұдан басқа да жаңартылатын энергия көздері, білім, балық өнеркәсібі салаларындағы іске асырылатын жобаларымен таныстырып, жұмыс барысын баяндады. Жиын соңында аудан басшылығына инвестиция тарту бойынша межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу тапсырылды.

Айжан ӨЗБЕКОВА