Ақпараттық жұмыс ақсамауы тиіс
Ақпараттық жұмыс ақсамауы тиіс
Алғашқы болып баяндама жасаған Арман Ташметов аймақ басшысына жетістіктер мен өзекті мәселелерді баяндады. Оның айтуынша, облыс спортшылары осы жылдың 3 айының қорытындысы бойынша түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 396 медальға ие болған. Оның ішінде – 141 алтын, 126 күміс, 129 қола. Олардың қатарында су добынан Сингапурда өткен Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасының негізін құрайтын «Айша бибі» су добы клубы жеңімпаз атанып, маусым айында өтетін Әлем кубогына және қыркүйек айында өтетін жазғы Азия ойындарына жолдама алған. Мұндай көрсеткіш Қазақстан тарихында соңғы рет 19 жыл бұрын болыпты. Сонымен қатар жамбылдық спортшылар көкпар, жамбы ату, дзюдо, еркін күрес түрлерінен де айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Басқарма басшысы есебінде биыл сәуір-мамыр айында Тараз қаласында өтетін ірі спорттық іс-шаралар жайынан да хабардар етті. Атап айтсақ, самбодан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу өту жоспарланған. Сондай-ақ кәсіпқой бокстан WBU және IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, тараздық Фируза Шарипованың титулдық кездесуі, 7 мамыр күні 1,5 мың адамның қамтылуын көздеген «Taraz HALF -2023» жартылай марафоны өтеді. Сонымен қатар биылғы 30 мамырда Тараз қаласында Қазақстан Республикасының жазғы Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Баяндамашы облыстағы спорт кешендерінің жайына да тоқталды. Оның айтуынша, облыста 18 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде өткен жылдан өтпелі 14 спорт кешенінің және жаңадан 4 спорт кешенінің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін 12 спорт кешені қолданысқа берілмек. Қалған 6 спорт кешені 2024 жылға өтпелі. Сонымен қатар аудандарда орналасқан стадиондарды «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден немесе қайта жаңғыртудан өткізу үшін басқарма бағынысындағы спорт мектептерінің теңгерімінен аудан әкімдігінің теңгеріміне беру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Алайда қазіргі таңда бұл бағытта тек Мойынқұм мен Қордай ауданы ғана белсенділік танытып, аудандағы стадионды теңгерімге және келісімге алған. Қалған Шу, Меркі және Жуалы аудандары стадиондарды теңгерімге алудан бас тартып отыр екен. А.Тәшметов осындай игі істермен қатар, спорт саласының бірқатар проблемалық мәселелерін де ашып айтты. – Аудандарда жасөспірімдер мен жастар арасында су спортын дамыту мақсатында жабық стандартты бассейн мүлдем салынбаған. Балалар-жасөспірімдердің денешынықтыру даярлығы клубын ашу қажет. Облыстағы 129 елді мекенде заманауи спорт алаңшалары жоқ. Оның ішінде 58 елді мекенде мүлдем спорт алаңшалары салынбаған. Облыстың барлық елді мекендеріне жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде облыстағы 369 елді мекеннің 175 елді мекені спорт секцияларымен қамтылса, қалған 194 елді мекен спорт секцияларымен қамтамасыз етілмеген. Мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында өтетін облыстық жарыстарға аудандар тарапынан қатысушылар саны өте төмен деңгейде және жергілікті жерлерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар саны аз. Бұқаралық спортты қаржыландыру көлемі Жамбыл және Меркі аудандарында тиісті деңгейде бөлінбей отыр. Құрылысы жүріп жатқан 2 спорт кешені бойынша, атап айтқанда, Қордай ауданының Қарасай ауылында, Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылындағы спорт кешенінде мәселелер туындап отыр. Құрылыс материалдары күрт қымбаттауына байланысты мердігер ұйым 2 жобаның сметасына түзету (корректировка) жұмыстарын жүргізу қажеттігі бойынша сотқа талап арызбен жүгінген. Осыған орай аудан әкімдері жоғарыда аталған проблемалық мәселелерді шешу үшін тікелей өз бақылауларына алулары қажет деп есептеймін, – деді Арман Бақытжанұлы. Басқарма басшысы баяндама соңында еліміздің құрама командасы сапындағы облыс спортшыларының халықаралық маңызды жарыстарда табысты өнер көрсетулеріне басқарма тарапынан бірқатар жедел шаралар қабылданатындығын жеткізді. Токиодағы Олимпиада ойындарынан сабақ ала отырып, алдағы уақытта 2024 жылы Парижде өтетін келесі Олимпиада ойындарына тиісті деңгейде дайындалып, халықтың үмітін ақтайтын нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс жүргізетінін айтты. Аймақ басшысы баяндамашы атап көрсеткен мәселелерді шешуге қатысты жоспар бойынша қала, аудан әкімдерінен жауап алды. – 129 елді мекенге заманауи спорт алаңшасы керек десек, 58 елді мекенде мүлде мұндай нысандар жоқ. Ең алдымен осы түйткілді шешуге баса назар аударып, күш салуымыз тиіс. Балаларды барынша спорт үйірмелерімен қамту, спорт инспекторларының жұмысын күшейтуге ден қою, бұқаралық спортпен шұғылданатын облыс тұрғындарының көрсеткішін 50 пайызға жеткізу маңызды. Бұл ретте нақты нәтижеге жұмыс істеу керек. Сондай-ақ алдағы ауқымды жарыстарға, оның ішінде 2024 жылы Парижде өтетін келесі Олимпиада ойындарына тиісті деңгейде дайындалу қажет, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов. Келесі кезекте ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, өткен жылға бекітілген ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, бірдейлендірудің деректер қорына енгізілген. – Бекітілген жоспар бойынша эпизоотия және энзоотияға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар өз деңгейінде орындалды. Бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу бойынша 5 миллион 117 мың манипуляция жүргізілді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан 36 елді мекендегі 3,6 миллион шаршы метр аулалар мен қора-жайлар, 138 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлығы 432 мың ауылшаруашылық жануары залалсыздандырылды, – деген басқарма басшысы салада атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Облыс әкімі ешқандай олқылыққа жол бермес үшін барлық сақтық шаралары сапалы әрі уақытылы орындалу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар қаңғыбас ит-мысықты аулаудың тиісті ережеге сәйкес жүзеге асуының маңыздылығын атап өтті. – Қаңғыбас иттерді аулауда барлық талаптар сақталуы тиіс. Бұл тұрғыдағы жұмыстар үшін бюджеттен қажетті қаражат қаралған. Олардың қоғамға қауіптілігін ескерусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан тұрғындар да ортақ жауапкершілікті түсініп, өздерінің үйдегі иттерін бақылауда ұстап, олардың ретсіз көбеюіне, күшіктерін кез келген ортаға тастап кетіп, иесіз қалдыруға жол бермеуі маңызды. Сонда ғана бүгінгі таңда өзекті болып отырған бұл мәселені шешуге, жабайы ит, мысықтардың қоғамға қауіптілігін азайтуға мүмкіндік туады, – дей келе, Нұржан Нұржігітов осы орайда ақпараттық, түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін жеткізді. Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ