Әзілдесе білесіз бе?
Әзілдесе білесіз бе?
Қазақта жезде мен балдыз, жеңге мен қайны, нағашы мен жиен деген сынды туыстарға тән тапқырлықты талап ететін, арадағы татулықты нығайтатын қалжыңдасу түрлері көп. Ол қалжыңдардың да өзіндік дәстүрі, жарасымды жолы бар. Қисынын келтіріп әзілдей білетін қалжыңбастардың да бар болғаны – бұл да бір ғажап нәрсе. Көңілге қуаныш сыйлап, тұла бойымызға қан жүгіртетін күлкінің төркіні түрлі әзілдерден тұрады. Әртүрлі жағдайлардан туындайтын, езу тартқызатын елеулі сәттер адам өмірінде күнделікті кездеседі. Әсіресе әзілдің ошағы ауыл екені белгілі. Күнделікті ағайын, көрші, дос, жекжат арасында болып жататын езуге күлкі үйірер сәттердің бағасы алтынға бергісіз. Қарапайым тұрғындардың тіршілігінде орын алатын қалжыңдар – халық қазынасы. Бір жолы бір жігіт жеңгесіне әзілдеп, бала бөленген бесікті байқатпай жоғарыға іліп қойыпты. Балалы бесікті іздеп, әбден әбігерге түскен жеңгесінің бұл әрекетін қызық көрсе керек-ті. Бесіктегі бала жылаған кезде ғана іздегенін тапқан жас келін қайныларының қалжыңы екенін түсініпті. Жездесінің құлағын бұрап, айттық сұрайтын қайны-балдыздардың да әзілге толы оқиғалары көп. Бұл қазақы қалжыңдар біздің оңтүстік өңірлерде дамыған. Халық болмысынан бөліп, ажырата алмайтын, қанға сіңген қасиет десе де болады. «Жездем адам болсын деп әпкемізді бергенбіз» деп міндетсініп, еркелейді. Қайны-балдыздардың еркелік назын көтеруге міндетті жезделер олардың шартын орындауға барын салады. Тіпті қайынжұртқа алғаш келген кезден-ақ тоналғандар бар. Ұнаған киімін немесе бір қымбат затын жасырып қойып, есесіне ақы талап етеді. Амалсыз ол талапты орындайды. Сол әулетке сіңіскенше осындай сынақтардан өтуге тиісті жезденің аздап қиналатыны да жасырын емес. Нағашы-жиен арасындағы көркем әзіл ежелден қалыптасқан бір бөлек дүние. Жиендерде «нағашылау» деген дәстүр бар. «Жиендік жасау» деген еркелік әдісін мәрттікпен түсіне білетін нағашылар олардың қақысын беріп құтылған. Қыздың баласы болғандықтан оған үлкен құрметпен қараған. Бір затын сұрамай алып кетсе, «жиендік» жасады деп ұққан. Жалпы әр әзілдің астарында тәрбие мен шындық жататыны ақиқат. Ал енді қатар-құрбылардың қалжыңына осы әзілдің бәрі сыяды. Бала кезден бірге өскен құрдастар бас қосар болса, қалжыңсыз жүрмейді. Сөзбен де, іспен де бір-бірін әжуа, мазақ қылу арқылы қыран-топан күлкіге бататын олардың ішінде әзіл-қалжың жиі орын алады. Онсыз той-думандары қызық емес. Халық көп жиналған той-думандарда айтылатын әзілдерге тоқталар болсақ, бүгінгі таңда той тізгінін ұстаған асабалар қалжыңы жайында өңірлік коммуникациялар қызметі директорының орынбасары, белгілі тележүргізуші, асаба Ринат Нұрақбаевпен тілдестік. – Қазіргі тойларда орынсыз әзіл айтатын асабалар көбейіп кетті. Өздері не айтып тұрғанын ұқпайды. Елді «күлдіремін» деп бүлдіріп жататын оқиғалар жиі орын алып жатады. Қазақтың әзіл, әжуа, сықақ, мысқыл деген қуақы қалжыңына қатысты мінездемелері көп қой. Жалпы комедия жанрының өзінің әр жікке бөлінетін салалары бар. Олардың аражігін көбісі ажырата білмейді. Ол деген «оқымаған, тәжірибесі жоқ» деген сөзден шығады. Сондықтан әзілді айтатын адам алдымен орынды ма, орынсыз ба, осы жайды анықтап алу керек. Көпшілікке айтуға бола ма, болмай ма деп ойланғаны жөн. Қандай топқа айту керектігін анықтап алу басты орында. Тойда отырған халықтың ішінде орынсыз әзіл айтып тұрған асабаға қой дейтіндер де азайып келеді. «Нем бар, өзі білсін, қонақпын ғой» деп немқұрайдылық танытамыз. Бірен-саран ақыл айтатындар бар. Бірақ оны тыңдайтын асаба бар ма қазір? «Айтқаным халыққа жағып тұр» деп, жағы тынбай не болса соны тықпалай беретіндер көбейді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағандықтан қазіргі той басқарушы жастар да білгенін істейді, – дейді Р.Нұрақбаев. Жалпы дәстүрімізге сай қазақы қалжыңдарымыз салтанат құра берсін. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» демекші, қалжыңдаса білу де – өнер. Дұрыс әзілдесе білейік, ағайын.
Нұржан ӘЛІШ