Кенеден келер қауіп көп
Кенеден келер қауіп көп
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру көктем-жаз мезгілінде болады, бұл сырқатқа шалдыққанда тоқтаусыз қан кетіп, арты өліммен аяқталады. Яғни медициналық көмекке уақытылы жүгінбесе науқас өліп кетуі мүмкін екендігін айтты. КҚГҚ-ның негізгі таратушысы – иксод кенелері. Жұғу жолы – кене шаққанда немесе малды күтіп-бағу барысында кенені жаншығанда, сондай-ақ КҚГҚ-мен ауырған науқастың дене сұйықтықтарынан жұғуы мүмкін. Облыс аумағында КҚГҚ-ның табиғи ошағы Мойынқұм, Талас, Сарысу, Жамбыл, Байзақ және Шу аудандары аумағының 33 елді мекенінде орналасқан. Өткен жылы КҚГҚ-мен 2 жағдай тіркелді, осы жылы індет тіркелген жоқ. Көктем мезгілінде және күннің ерте жылуына байланысты кенелер төңірекке қаптап шығады. Сол себепті КҚГҚ-ны жұқтыру қаупін алдын алу мақсатында төмендегі профилактикалық шараларды қаперіңізде мықтап ұстаңыз. Табиғатқа шыққан болсаңыз ұзын жеңді, шұлықтың ішіне салатындай ұзын балақты шалбар мен ашық түсті киім киген жөн. Одан бөлек жәндіктерді үркітетін аэрозоль, репелленттер сынды препараттар қолдануға болады. Мал бағу және қырқын жүргізетін орынды, онымен қоса малды алдын ала кенеге қарсы дәрі-дәрмектермен залалсыздандыру қажет. Теріге жабысқан кенені мүмкіндігінше тез арада алу қажет. Теріге жақынырақ қысқышпен қысып, кенені езіп жібермеу үшін қатты қыспай, жаймен жұлқыламай тарту қажет. Кене жабысқан орынды спиртпен сүрту керек. Алынған кенені жақсы жабылатын ыдысқа салып, қақпағын жабу қажет және медициналық мекемеге көмекке жүгінген жөн.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті