Білім

Мектеп түлектері «Алтын белгіні» қалай қорғайды?

Мектеп түлектері «Алтын белгіні» қалай қорғайды?

Биылғы оқу жылы да аяқталуға таяу. Күзде мектеп табалдырығын аттаған әрбір түлек мамыражай мамыр келсе демалысқа асығады. Асықпайтын бір ғана сынып бар, ол – мектеп бітіруші түлектер. Алда – ҰБТ.

Жоғары оқу орнына түсуге талпынған әрбір бала ҰБТ тапсыруға міндетті. Ол – мамандық таңдауға мүмкіндік беретін бірден-бір жол әрі сынақ. Түлектің одан кейінгі тағдыры да осы Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты. Түлектерге психологиялық қысым жасайтын маңызды емтихан оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де қиын кезең. Әсіресе «Алтын белгіге» үміткер түлектерге жүктелетін жауапкершілік тіптен жоғары. Себебі 11 жыл бойы оқуда үздік атанған ұл-қыздар бекерге «Алтын белгі» иегері емес екендігін дәлелдеп, білімдерін сынға салады. Естеріңізде болса, өткен оқу жылында да «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты үлкен дау шыққан болатын. Анығын айтсақ, былтыр мектеп бітірушілер рекордтық «Алтын белгі» алды. Сол «Алтын белгі» иегерлерінің кейбіреулері ҰБТ нәтижесі бойынша төмен балл нәтеже көрсеткен. Ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен балл алып, нашар нәтиже көрсеткен «Алтын белгіге» үміткер оқушы білім алған мектеп басшылығы, жауапты ұстаздар да жазаға тартылған болатын. Осылайша ҰБТ-ға қатысты күшейтілген қатаң талап түлекерге үлкен үрей сыйлады. Биылғы оқу жылындағы ҰБТ қаңтар-ақпан айлары аралығында өтті. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып жүру әрекеттері былтырғы жылға қарағанда азайған. Қаңтар айында осындай заңбұзушылықтарға жол берген 160 өтініш берушінің қорытындысы жойылды. – Айта кетейік, қаңтар айында ҰБТ тестілеуін 123 000-ға жуық талапкер тапсырды. Оның ішінде 95 мыңы – қазақ тілінде, 28 мыңы – орыс тілінде, 91 оқушы ағылшын тілінде тапсырды. Сонымен қатар 274 ерекше оқу қажеттілігі бар бала тест тапсырды. Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, 102 000 талапкер шектік балды жинады, бұл 83 пайызды құрайды. ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 76 балды құрайды, ең жоғарысы – 139 балл. Мониторинг жұмыстары әлі де жүргізілуде, егер қандай да бір ережелерге сәйкес келмейтін фактілер анықталған жағдайда талапкерлердің нәтижесі жойылады. Тестілеу кезінде 98 адам аудиториядан шығарылған және олардың нәтижелері жойылды. Ал 62 талапкер тестке кіру барысында тыйым салынған заттарды алып кірмекші болғандықтан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен шеттетілді. Айта кететін жайт, биылғы қаңтардағы ҰБТ тапсыру барысында бөгде адамдардың кіріп, тест тапсыру фактісі анықталмаған. Тестілеуден өткендердің ең көп саны, яғни 19,2 пайызы математика, физика пәндерінен тапсырған. Талапкерлердің 18 пайызы «Биология-химия» комбинациясын, 10 пайызы шығармашылық емтиханды таңдаған. IT-бағыттарына түсу үшін қажет «Математика-информатика» жаңа комбинациясын ҰБТ қатысушыларының 10 пайызы таңдады, – дейді Руслан Емелбаев. ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды – үш міндетті және екі факультативтік. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде ҰБТ-2023 жаңа форматы бойынша Қазақстан тарихы – 20, математикалық сауаттылық – 15, оқу сауаттылығы – 15 және екі бейіндік пән бойынша әрқайсысында 35 сұрақтан берілді. Ең көп ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатқа созылады. Сонымен қатар 2022-2023 оқу жылында «Алтын белгі» иегерлеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Оқу-ағарту министрлігі «Алтын белгі» беру туралы қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізді. Оған сәйкес, яғни биылғы оқу жылынан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша үздік оқушылар және соңғы үш жыл бойы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер қажет болған жағдайда қорытынды емтихандардан босатылып, үздік белгісін алады. Бұл туралы ҚР Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев айтты Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, 11-сынып түлектері халықаралық олимпиадаларға дайындалу үшін оқу-жаттығу жиындарына қатысқан жағдайда қорытынды аттестациядан босатылуы мүмкін. – Қазіргі таңда дарынды балаларды қолдау мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Оқу-ағарту министрлігі «Алтын белгі» беру туралы қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізуге бастама жасап, биылғы оқу жылынан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша үздік оқушылар және соңғы үш жыл бойы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер қажет болған жағдайда қорытынды емтихандардан босатылып, үздік белгісін алады. Бұған дейін «Алтын белгіге» үміткер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары қорытынды аттестация кезінде жазғы оқу-жаттығу жиындарында болып, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға дайындалып, емтихан тапсыра алмаса автоматты түрде «Алтын белгі» белгісінен айырылатын. Енді түлектер оны ала алады. Ол үшін «үздік» деген баға болуы керек. Бұл өзгерістер тек балалардың мүддесі үшін қабылданып, жүзеге асырылып отыр, – дейді Мейірхан Азатұлы. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің атап өтуінше, өткен оқу жылында президенттің тапсырмасымен халықаралық пәндік олимпиадалардың 27 жеңімпазы алғаш рет 76 миллион теңгеден астам сыйақы алған. Сондай-ақ оқушылар жергілікті жоғары оқу орындарында оқуға грант алған. Алтын медаль алған оқушы 1 500 АЕК, күміс медаль 1 000 АЕК, қола медаль 500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Оқушыларды олимпиадаға дайындаған тәлімгер ұстаздар да бірреттік сыйақыға ие болған. Биылғы оқу жылында облыстағы орта мектептерде 11 936 мектеп бітіруші түлек бар болса, оның 304-і «Алтын белгіге» үміткер. Олар да ҰБТ-ға қатысты жағымды жаңалықты қуанышпен қабылдады. – Бұл жеңілдікті үлкен толқыныспен қабылдадық. Расында да 10, 11-сыныптан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатты дайындаламыз. Тест болмай жатып-ақ бойыңдағы үрей, миыңдағы қорқыныштың өзі біздің рухымызды сындырып тастайды. Енді міне, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықаралық пән олимпиадасынан жеңімпаз болған «Алтын белгіге» үміткер оқушылар ҰБТ-дан босатылып, бірден аттестат алады. Әрине, мұның да өз ережелері бар. Десе де талапкерлерге қатысты осындай жеңілдік қарастырылғанына айрықша қуаныштымыз. Барша бітіруші сыныптарға тестілеуде сәттілік тілеймін, – дейді Ойық ауылындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Ақмейірім Сәкенқызы. «Алтын белгіге» үміткер 304 түлектің арасында нақты неше бала халықаралық пәндер олимпиадасының жеңімпаздары екендігін анықтай алмадық. Десе де жас түлектерімізге сәттілік тілей отырып, халықаралық пән олимпиадасының жеңімпаздары тестілеуден босатылып, жеңілдіктің жемісін көреді деген сенімдеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ