Руханият

«АНАМДЫ ШЕКСІЗ ҚҰРМЕТТЕЙМІН»

«АНАМДЫ ШЕКСІЗ ҚҰРМЕТТЕЙМІН»

Мейірхан Өмірбек, облыстық білім басқармасының басшысы:

Анамның аты-жөні – Өмірбекова Әшіркүл Нұртайқызы. Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тумасы. Біз Меркі ауданына қарасты Ақтоған ауылынанбыз. Қос ауданның шекарасында орналасқан бұл көршілес ауылдардың адамдары аралас, малдары қоралас өзара жақын. Әке-шешем 1956 жылы бас қосып, шаңырақ көтерген. Естуімше, әкем анамды атына мінгестіріп әкелген екен. Осылайша бір атқа мінгескендей екеуі өмір бойы тату-тәтті күн кешті. Аллаға шүкір, анамыз 10 құрсақ көтерген батыр ана болды. Қазір сол он перзенттің жетеуі бармыз. Екі ұл, бес қыз. Әкеміз 1930 жылғы, анамыз 1937 жылы дүниеге келген. Аралары 7 жас. Бірде Меркі ауданының әкімі қызметінде жүргенімде сырттан іссапармен келген бір инспектор сөз арасында менің қандай отбасыдан шыққанымды сұрады. Мен қарапайым шаруа отбасыда өскенімді айтсам, сенбейді, қазбалап қоймады. «Әкем – қарауыл, анам – қызылшашы» десем, «Олардың тұқымында атқа мінген кім бар?» деп індете түсті. Мен анамның әкесінің ағасы Әзімхан нағашым ауылдық кеңесті басқарғанын айтқанымда, «Бәсе, енді белгілі болды. Ер жігіттің бойындағы бар қасиет тұқым қуалайды. Саған нағашыдан келген екен ғой» дегені есімде. Анам қазір 86 жаста. Кіші ініммен бірге тұрады. Жас кезінде аурушаң болғанымен қазір денсаулығы жақсы. Аяқ-қолы жеңіл. Жан-жағын түгендеп отыратын ширақ кісі. Ауылға арасын ұзатпай анамның жағдайын білу үшін ғана емес, анамды сағынып барамын. Жоғарыда 7 ағайынды екенімді айтып өттім. Анам ойымен жеті қияны шарлап келеді құр отырмай. Анама барған сайын амандықтан кейін сұрайтын сауалы: «Бауырларыңның жайы қалай екен?». Өсіп-өнген әулет болған соң жиендеріміз де бір рулы ел. Сондықтан анама барар алдында жақындарына кіріп, алыста тұратындарына телефон соғып, жағдайларын біліп аламын. Барған соң олардың бәрінен хабар беріп, анамның құлағына жақын жерде отырып айтып шығамын. Егер анама барып, басқа бауырларымның жайын сұрағанда білмей қалсам, бұлардың арасы суи бастаған ба деп көңіліне қаяу түсіп қалуы мүмкін. Анамыз өзіміздің Сахира апамыздан бөлек, тағы бір кемпірді бағып, батасын алған. Әлгі апаның көз жанары сөнген, ғаріп жан еді. Қарайтын адамсыз қалған қамкөңіл қарияның аянышты халін көріп, әкем екеуі кеңесе келе, үйге кіргізіп алыпты. Сол, сауап жинайық, шарапаты балаларымызға тисін деген ниетпен деп ойлаймын. Сол қарияны бақандай 13 жыл бағып, азды-көпті бейнетін көрді. Қай жағынан алсаң да үлкен тәуекел, үлкен мейірім жатыр мұнда. Кісінің зағип анасын емес, өз анасын баға алмай қарттар үйіне өткізіп жатқандар қаншама?! Анам таң атқаннан күн батқанға дейін қызылшаның қара бейнетінде жүрсе де сол қарияны жуындырып, киімін тазалап, өз анасындай бағып-қақты. Әлі есімде, жұмысқа кетерінде әлгі қарияның қалтасына түрлі тәттілерді салып кететін. Зағип кісі ары-бері керегіне сол тәттілерді беріп, балаларды жұмсасын дегені ғой. Біз де анамның тапсырмасы бойынша қолынан жетелей дәретке апарып, қызметімізді жасайтынбыз. Кейін дәм-тұзы таусылғанда әкем мен анам жөн-жоралғысын жасап, жер қойнына тапсырды. Кейін сол апамыздың туыстары табылып, әкемізге алғысын айтыпты. Қызылша өсіру – машақаты көп жұмыс. Ерте көктемде еккеннен бастап жекелейді, шөбін шабады, суын салады. Қара күздегі қызығы өз алдына. Анам таңғы сағат төртте кетіп, кеш қарайып, көз байланғанда бір-ақ келеді. Онымен қоса үйде шиеттей бала-шаға. Өз енесі мен бағып алған зағип жанға қарауды айтсаңызшы! Кейін анамның достары: «Мейірхан, сен білмейсің ғой. Сенің анаң кезінде қызылшада жұмыс істеп жүргенде бригадирден сені емізіп келу үшін сұранып, кей кезде жұмыстан қашып барып емізіп келетін. Сені сөйтіп өсірді», деп айтып отыратын. Қайбір жылы анам, әйелім үшеуміз бір қонақтан қайтып келе жатқанбыз. Келіншегімнің қолында екі алма бар екен. «Біреуін жейін, әкел» десем, «Саған емес, балаларыма алдым» деп әзілдеп жатса, арт жақтан анамның «Балам, саған мен алдым» деп бір алманы ұсынып жатқанын неге екенін білмеймін, оңаша қалсам жиі еске аламын. Анам мені «Мыхай» деп атайды. Содан бауырларым, ауылдастарым да солай атап кеткен. Жақында анам: «Мыхай, сенің жаңа қызметке тұрғаныңа үш ай болды. Әлі бір «кәстөммен» жүрсің. Үш айлық пенсиямды жинап қойдым. Сол ақшаға жаңасын сатып алсаңшы», деп ақшасын ұсынды. «Жоқ, керегі жоқ. Керек затыңызға өзіңіз жұмсаңыз» деп алмай кетсем, «Кәстөмді» өзің сатып алып бер» деп әпкеме беріпті. Амалсыз ақшасын қабылдап, костюм алуыма тура келді. Бір жағынан «Анам әперген костюм» деп киіп жүргенімнің өзі не тұрады. Анам кез келген нәрсені әкеме айтып дағдыланған. Ештеңені ол кісіден жасырып қалмайтын. Ақша сұрасаң «Қазір әкеңе айтып келейін» дейтін. «Айтпай-ақ бере салсаңызшы» десең «Жоқ, айтамын» дейтін. Сол «Әкеңе» айтамын деген бірауыз сөзден сескенетінбіз. Әкем ескертпелерін кейде әзілдеп жеткізсе, кейде сұсты кейпімен ұқтыратын. Жалпы баланы жөнсіз еркелетіп, өбектей бермейтін. Әлі есімде, әкем маңдайымнан ең алғаш институтқа түскен кезде мейірленіп сүйді. Бала кезімде сүйген кезі болған шығар, бірақ сол риза кейіппен ержеткен кездегі сүйгені есімнен кетпейді. 2006 жылы әкем жүректен қайтыс болды. Ауылдағы дінді ұстанған салиқалы ел ағасы еді. Сол таза ниетіне қарай Рамазан айының бірінші күні Тарауық намазын оқып тұрып жүрегі тоқтап, жүріп кетті. Ауырмай-сырқамай аяқ астынан қайтыс болғанда «Бізге соңғы сөзінде нені аманаттады екен?» деп ойладым. Сөйтсек, костюмінің қалтасынан сарғайған хат табылды. Ақыретке дайындалып, ерте уақытта жазып қойса керек. Тақырыбын «Мен өмірден өткенде» деп қойыпты. Бәрімізбен қоштасып, ризалығын білдіріпті. Әкемнің әзиз жүрегі өмірден оқыс кететінін сезсе керек. Әкем не айтқысы келді екен дегенде осы хатты еске алып жұбанамын. Анам тамақты дәмді дайындап, талғаммен киінетін адам. Моншаға барып, мұнтаздай болып отырады. Әкем сияқты аяқ астынан үлкен сапарға жол түсіп қалса, дайын болып отырайын дегені шығар, кім білсін! Сағынып барып «Апа қалайсыз, ауырып жүрген жоқсыз ба?» десем, «Отырмыз ұзатылатын қыздай болып. Ажал қайдан келіп қалар екен деп...» деп әзіл айтып жауап береді. Қазақта «Анасы бар адамдар – ешқашан қартаймайды» деген сөз бар. «Балам» деген сөзді естіген адам есейсе де бәрібір бала болып қала береді. Неменеге жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнекей жағада тұр. Менен біреу «Елге бойыңыздағы қандай игі қасиетті үлгі етіп ұсынар едіңіз?» десе, «Анамды шексіз құрметтейтінімді» деп жауап берер едім. Бүгінде менің анам екеу десем де болады. Келіншегімнің анасы Айсұлу Қырықбаева ауылдың қадірлі ұстазы, өмір бойы бала тәрбиесімен айналысқан жан. Мен оқыған мектепте оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары болды, әрі маған сабақ беріп, бойыма білім нәрін септі. Яғни маған ұстаз болған кісі. Кейін келе ол кісінің қызымен сөзіміз жарасып, бас қостық. Сыйластықта ғұмыр кешіп, 3 перзент сүйдік. Бірақ тағдырдың жазуы солай шығар, келіншегім 2020 жылы бақилық болды. Енем маған туған баласы болмасам да аналық мейірімін берді. Қамқорлығын әлі күнге дейін көріп келемін. Сондықтан ол кісіге деген құрметім шексіз. Екі анам да өмірде жаманшылық көрмей, бала-шағасының, немере-шөберелерінің ортасында аман-есен жүре берсе деймін.