Күрестен Азия чемпионаты: Қазақстан 4 медаль алды
Күрестен Азия чемпионаты: Қазақстан 4 медаль алды
. Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, Азия чемпионатында алғашқы күні грек-рим күресінен бес салмақ дәрежесінде чемпиондар мен жүлдегерлер белгілі болды. Қазақстан құрамасында бес бозкілем шебері жүлде үшін күресіп, төртеуі тұғыр биігіне көтерілді. Аманғали Бекболатов (55 келі) қытайлық Хайфенг Жангты таза ұтып, биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Отандасымыз күндіз ширек финалда үндістандық Рупинге есе жіберді. Алайда жұбаныш белдесуінде қырғызстандық Сардарбек Конушбаевты жеңіп, медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. Аманғали былтыр Моңғолиядағы Азия чемпионатының финалына шығып, жапониялық балуаннан ұтылған болатын. Ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысқа қатысқан Мұхамедәлі Мамырбек (63 келі) Астанадағы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ол жүлде жолында жапониялық Кьезо Маруйаманы таза ұтты. Мұхамедәлі алғашқы кездесуінде қытайлық Хаодонг Танды таза жеңген. Бірақ жартылай финалда өзбекстандық Шермұхаммад Шарибжановтың мықты екенін мойындауға мәжбүр болды. Кеше финалға шыққан жалғыз қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсыновқа сәттілік жолдас болған жоқ. Ол финалда былтырғы сары құрлық чемпионы, ирандық Насер Гасем Əлизадеден ұтылып қалды. 87 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін отандасымыз күндіз ширек финалда былтырғы күміс жүлдегер, өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтан, сосын қырғызстандық Атабек Азизбековтен басым түскен. Нұрсұлтан Тұрсынов – биыл ақпанда Алматыда өткен Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасының чемпионы. Ол былтыр Моңғолия астанасында өткен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Насер Гасем Əлизаде былтыр Моңғолия астанасында болған сары құрлық чемпионатының бас жүлдесін иеленген. Осылайша, ол Астанада өз атағын қорғап қалды. Аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов (130 келі) екінші жыл қатарынан Азия чемпионатында медаль алды. Былтыр Моңғолияда кореялық Минсекок Кимнен басым түсіп, алтын жүлдені алған балуан бұл жолы дәл сол қарсыласын тағы ұтып, үшінші орыннан көрінді. Əлімхан күндіз ширек финалда түрікменстандық Айбегшада Куррайевты ұтқанымен, жартылай финалда қытайлық Линчжэ Мэгқа есе жіберді. Әлімхан Сыздықов та биыл ақпанда Алматыда өткен Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасының чемпионы. Қазір жалпыкомандалық есепте бірінші орынға Иран құрамасы шықты. Олар Азия чемпионатының алғашқы күні 4 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алды. Одан кейін 1 алтын, 1 қола жүлдемен Қырғыз Республикасының құрамасы келеді. Ал Серік Жұмашев жаттықтыратын Қазақсан командасы үшінші орында тұр. Біздің елдің қоржынынада 1 күміс, 3 қола медаль бар. Бес күнге созылатын бәсекеге құрлықтағы 24 елден 400-ден аса спортшы жиналды. Оның ішінде Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары бар.