Жаңалықтар

ҚОС БІРДЕЙ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ҚОС БІРДЕЙ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Салауатты өмір салты мен спортты дамыту – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл үшін елімізде барлық жағдайлар жасалған. Осыған байланысты қазақстандықтар арасында салауатты өмір салты белсенді түрде насихатталып, заманауи спорт кешендері бой түзеуде.

Жуырда Бірлік, Шығанақ ауылдық округтерінде спорт кешені қолданысқа берілді. Қос ауылдық округтегі спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Әлихан Балқыбеков және бөлім, мекеме басшылары және ауыл ақсақалдары мен ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен Бірлік ауылдық округіндегі спорт кешені ауыл ақсақалы Оңтай Мүлкібаевтің батасымен ашылды. Онда аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы жиналғандарды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, ұқыпты пайдалануға шақырды. Сонымен қатар Бірлік ауылының Төбе биі Кемпірбай Сыздықбаев ашылып отырған спорт кешеніне шын қуанып, ауыл жастарын спортпен тұрақты айналысуға шақырып, ақжарма тілегін білдірді. Спорт кешенінің ашылу рәсімін аудан әкімі Ә.Балқыбеков пен ауыл ақсақалы О.Мүлкібаев жасады. Мұнан соң ғимараттың ойын залдарын аралап, қазақ күресі бөлімшесінің қатысушыларының жаттығу сәтіне куә болды. Бұдан кейін Шығанақ ауылдық округіндегі спорт кешені тұрғындардың қолданысына берілді. Мұнда спорт кешені ауыл ақсақалы Төлеухан Жұмабековтің ақ батасымен және ауыл әжелерінің шашуымен ашылды. Содан соң аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы жиналғандарды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, салауатты өмір салтын дамытып жас чемпиондар шығуына тілектестік білдірді. Спорт кешенінің ашылу лентасын қию рәсімін аудан әкімі Ә.Балқыбеков пен ауыл ақсақалы Т.Жұмабеков орындады. Содан соң ғимараттың ойын залдарын аралап, қазақ күресі бөлімшесі қатысушыларының жаттығу сәтіне куә болып, волейбол ойынына допты қосты. Сондай-ақ аудан әкімінің ауыспалы кубогын табыс етті. Бұдан кейін ауыл жастары өз араларында жолдастық кездесу өткізді. Жалпы қос спорт кешенінде ауыл тұрғындары мен жастары футбол, волейбол, баскетбол, күрес секцияларына қатысып, үстел теннисін үйрене алады. Нысан заманауи үш қабатты болып салынып, жаттығу залдарына қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша соғылған нысандарға, яғни Бірлік ауылдық округіндегі спорт кешеніне 278 миллион теңге, ал Шығанақ ауылдық округіндегі спорт кешенге 391 миллион теңге бөлінген. Оны мердігерлер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС мен «Нурбек» ЖШС ұтып алып, құрылысты сапалы орындаған.

Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ, журналист, Мойынқұм ауданы