Жаңалықтар

Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді

Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді

Тараз қаласын екі ауданға бөлу жоспарланып отыр. Яғни қаламыз алдағы уақытта оңтүстік және солтүстік болып қос аумақтан тұратын болады. Бұл туралы Жамбыл облысының əкімі Нұржан Нұржігітов Тараздың 11-округ тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Бас жоспарға түзетулер енгізілген соң ауылдың 44 551 халқы қала тұрғынына айналады. Тараз халқының саны 408 235 болып, қала аумағы 11 755 гектарға ұлғаяды. Осылайша облыс орталығының жалпы ауданы 30 542 гектарды құрайды. – Жоба жүзеге асқанда Таразда сәйкесінше бір қала әкімі, екі аудан әкімі болады. Сонда көне шаһардағы әлеуметтік мәселелерді шешу де жеңілдей түседі. Біздің бұл бастамамызға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірді, – деді Нұржан Молдиярұлы. Облыс басшысы бұған дейін де Тараз қаласының аумағын кеңейтіп, әкімшілік аудандарға бөлу мәселесі бойынша кеңес өткізген болатын. – Қаланы аудан-ауданға бөлу бұрыннан бар тәжірибе. Қателеспесем, көршілес Шымкент қаласының өзі 5 ауданнан тұрады. Алматы қаласы да бірнеше ауданға бөлінген. Сол секілді басқа да қалалар бар. Шаһарымыздың аумағы күннен-күнге кеңейіп келе жатқанын БАҚ беттерінен оқып, біліп отырмыз. Бұл жаңалық Тараз қаласы тұрғындарының өмір сүруін бақылауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашады деп ойлаймын. Себебі бүгінде қаланың шеткі аумақтарында қордаланған, шешімін күтіп отырған мәселелер аз емес. Егер қала екі ауданға бөлініп, екі басшы басқаратын болса, аталмыш проблемалардың тез шешімін табатынына сенімдімін, – дейді қала тұрғыны Роза Сұраншықызы. Қала маңында орналасқан 11-округтің қазіргі таңда 25 мың тұрғыны бар. Келер жылы мұнда үш бірдей мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Қаланың екі ауданға бөлінуі туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Яғни бұл жергілікті биліктің түбегейлі шешімі емес. Алдағы уақытта қоғамдық тыңдаулар өтіп, облыстық мәслихаттың сессияларында қаралатын болады. Айжан ӨЗБЕКОВА