Білім

Ұлттық жоба – ұрпақ қамы

Ұлттық жоба – ұрпақ қамы

Елімізде білім сапасын арттыру, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту, білім ошақтарының инфрақұрылымын жақсарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл мен қала мектептерінің алшақтығын, апатты, үш ауысымды мектептерді жою, жастардың техникалық және кәсіптік білім игеруіне жағдай жасау, жоғары оқу орындарын бәсекеге қабілетті ету секілді шаруаларды атқару кезек күттірмейтін мәселе.

Жалпы ұлт болашағын ұшпаққа шығаратын осы тектес білім-ғылым саласына қатысты тағы да басқа игі істерді жүзеге асыру – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында нақты айқындалған. Тарқата айтқанда, аталған ұлттық жоба 4 бағыт пен 5 негізгі міндетті, 15 нәтижелі көрсеткішті қамтыған. Біздің өңірде осы жобаны жүзеге асыруда кейбір міндетті орындау мен тиісті көрсеткішке қол жеткізуде былтыр бірқатар кемшіліктерге жол беріліпті. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде айтылды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек ұлттық жобада атап көрсетілген 5 негізгі міндеттің төртеуі, 15 нәтижелі көрсеткіштің 12-сі білім саласына қатысты екенін айтты. – Бүгінде басқарма тарапынан белгіленген 11 көрсеткіш толығымен орындалды. 1 көрсеткіштің орындалуы халықаралық салалық стандарттарға сәйкес 2025 жылға тиесілі болып тұр. Ұлттық жобадағы 2-міндет – орта білім беру сапасын арттыру, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту. Осы мақсатта кешенді шаралар қабылдануда. Соның бірі – Қазақстанның білім беру жүйесіндегі оқу жетістіктерін бағалау құралдарына – білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі. Бұған халықаралық зерттеулер жатады. Осыған сәйкес өткен жылы білім алушылардың білім жетістіктеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 4-сынып оқушылары 21,52 балл, 9-сынып оқушылары 48,5 балл жинап, республикалық көрсеткіштен жоғары болды. 4-сынып бойынша Қордай ауданы, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов аудандары, 9-сынып бойынша Талас ауданы мен Тараз қаласының оқушылары облыстық деңгейден төмен көрсеткіш көрсетті. Аталған аудандардағы білім беру ұйымдары бақылауға алынып, білім сапасын арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Осы жылы мониторинг сәуір айында өтеді. Мониторингке жалпы мектептердің 25 пайызы қатысады, – деді Мейірхан Азатұлы. Сондай-ақ аталған басқарма басшысы ҰБТ нәтижесі облыстық көрсеткіштен төмен болған кейбір аудандарды атап, аталған міндеттер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Тараз қаласы «Арай» алқабындағы орта мектептің құрылысы 1 маусымға дейін толық аяқталмаса 1 қыркүйекте оқу процесіне кесірі тиюі мүмкін. Мейірхан Азатұлы мұндайда мектептің құжаттарын әзірлеу, педагогтарды қабылдау жұмыстарын жүргізу жаңа оқу жылы қарсаңында мүмкін болмай қалатынын айтып дабыл қақты. Сол үшін облыс әкімінен құрылыс басқармасына арнайы тапсырма беруін сұрады. Шу ауданындағы үш ауысымды бір мектептің мәселесін шешу үшін алдағы жылы құрылыс жұмысын жүргізу қажеттігіне де тоқталып, мектеп оқушыларының олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарындағы жетістігі секілді басқа да оңды істерді егжей-тегжейлі әңгімеледі. Өз кезегінде облыс әкімі кейбір істің өз шешімін табу қаржы мәселесіне байланысты болатынын атап өтіп, М.Өмірханнан индикаторлық көрсеткішке қол жеткізуде биыл республика және облыстық бюджеттен қанша қаржы қаралғанын сұрап білді. – Білім сапасына қатысты жүргізілген монтиторингке сәйкес облыстың 4-сынып оқушыларының нәтижесі бойынша республикада 5-орында боламыз, ал 9-сынып бойынша 7-орынға түсеміз. Сонда 5 жылдың ішінде біз білім сапасын қалай жоғалтып алдық? Егер облыстағы педагогтар өз жұмысын «біз 5-орында қалуымыз керек» деген ұстаныммен атқаратын болса, бұлай болмас еді. Ал біз 5 жылдың ішінде нәтижені екі сатыға төмендетіп алдық. Мұны қалай түсінуге болады? – деді Нұржан Молдиярұлы. Облыстың бас ұстазы барлық мәселе терең талдаудан кейін туындайтынын айта отырып, қазіргі таңда мектеп олимпиадаларының көрсеткіштері бойынша қай мектепте қай мұғалімнің қандай жетістігі барына, ҰБТ дәрежесі бойынша қай мектеп төмен дәрежеде тұрғанына талдау жасалып жатқанын сөз етті. Оның айтуынша, тіпті білім сапасында ілгерілеу жоқ мектеп басшысының қызметіне сәйкес еместігі мәселесін қарауға дейінгі шаруалар қолға алынып жатыр екен. – Облыста 26 мың мұғалім бар болса, олардың кәсіби деңгейі, яғни ең жоғары дәрежелісі – «педагог-шебер». Бұл бізде екі пайызға да жетпейді. Өңірде 485 мектеп бар болса, сонда орта есеппен алсақ, бұл кейбір мектепте «педагог-шебер» жоқ деген сөз. Ең бастысы педагогтардың кәсіби деңгейін көтеруіміз керек. Мұғалім үнемі өзінің кәсібилігін арттырып отыруы қажет. Ал мынандай көрсеткішпен біз облыстағы білім деңгейін қалай көтереміз? Әр мектепте кем дегенде 1 «педагог-шебер» болуы керек. Қателеспесем, Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылында 4-5 «педагог-шебер» бар. Елді мекен шалғайда орналасса да ол мектеп, ондағы ұстаздардың білімге деген талпынысы жоғары. Біз осындай мектептерді өзгелерге үлгі етуіміз керек. Әр мектепте бір «педагог-шебер» болса, олар ұжымды алға сүйрейді. Сонда жоғарыда аталған мәселелер орын алмайды. Мысалы, 60-тан астам мектеп жұмыс істеп жатқан Тараз қаласының білім саласында айтарлықтай проблема бар. Бұл ойланарлықтай мәселе. Осы ретте динамикасы жақсы Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарын атап өткен жөн, – деді Н.Нұржігітов. Жиында Нұржан Молдиярұлы оқушылардың қолымен жасалған қылмыстарды азайту мәселесіне де назар аударды. Осы және басқа да кемшіліктер бойынша тиісті аудан әкімдері мен сала қызметкерлерінен жауап алды. Ауылдық жерді жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз ету ісіне мән беріп, мектептерді техникамен жабдықтауды облыс әкімдігінің цифрлық даму басқармасына тапсырды. Осы тектес басқа да міндеттерді жауаптыларға жүктеді. Басқосуда екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің бірқатар басқармаларының қаулы жобалары қаралды. Нұрым СЫРҒАБАЕВ