Руханият

МАЛШЫЛАРДЫҢ МАРШАЛЫ

МАЛШЫЛАРДЫҢ МАРШАЛЫ

Даңқты шопан, «дала академигі», малшылардың маршалы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев десе Мойынқұм, Мойынқұм десе Жазылбекті еске алмайтын қазақ аз-ау, сірә, Тәуелсіз Қазақстанда. Еңбектің шыңына шыққан Жаз-атаның еңбектерін зерттеп, дәріптеп жүрген «Білім беру ісінің үздігі», «Мәдениет қайраткері» төсбелгілерінің иегері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Мақсат Сейдалыұлы ағамыз хабарласып, халқымыздың біртуар дана ұлдары Д.Қонаев пен А.Асқаровтың және халық батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың Жаз-ата жайында жазған еңбектерін мойынқұмдықтардың назарына ұсынсақ деген өтінішін айтқан болатын. Өтініш айтып қана қоймай, жоғарыда айтқан азаматтардың Жаз-ата жайлы естеліктерін екшеп, жинастырыпты. Осыған орай төмендегі естеліктерді тағы бір жариялап қоюды жөн көрдік.

Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ, «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы

«Төрт еңбек ардагеріне айрықша тоқталып өткенді мақұл көріп отырмын. Олар – Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Смағұл Шабдарбаев. Шынымды айтайын, бұл төрт кісіні халқымыздың төрт бәйтерегіндей көремін, ол кісілердің елінің шетіне аяғымды іліктірсем соқпай өтпейтінмін, сәлем бермей кетпейтінмін. Қай-қайсысымен әңгімелессең де жан семіртіп, рухыңды биіктете түсетін. Бір-біріне ұқсамайтын тұлғалар, бірақ бір-бірін толықтырып тұратын, қазақ деген халықтың ақсақалдары қандай болады дегенде осы төртеуін атар едім. Қарапайым, бірақ кісілігі жоғары, мінезге бай еді. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген нақылға мойынсынсақ, өмірден түйген тәжірибесі мол, аңғарымпаздығы, адалдығы мен әділдігі туа біткен осы кісілерге арқа сүйеуге болатын еді. Даналықты сырттан емес, іштен іздей бермейтін, жаттың таңсығына тамсанып, өзіміздің асылымыздан айырылып қалатын әдеттен арыла алмай жүргеніміз жасырын емес. Сол асылдың сынығы да, еңбек деген ұлы мектептің төрт арысы да – осылар (369-бет). Жазекең мыңғыртып мал өсірген шопан ғана емес, өз саласының ой-шұқырын көре білген, елінің, жұртының жоқ-жітігін бүтіндеп, бар-жоғын түгендей жүретін кісі еді. Ауылда туып-өскен, көп ішінде ысылған жағдайы бар. 1967 жылы зейнеткерлікке шықса да атакәсіптен шеттеп кетпей, Жазылбек мектебінің өмірімен біте қайнасып, қатардан қалмай жүрді. Талай тарлан еңбеккерді тәрбиеледі. Мен ол кісімен жиі жүздесіп жүрдім. Қойшыбай мен Тойшыбайының шілдеханасына да, тұсаукесеріне де шақырды. Жазекең «Димашжан, енді сүндет тойына келіп, кейін оқуға түсуіне ақ батаңды берсең, қартайғанда көрген күлшашар егізім есейгенде аузынан тастамай айта жүрер, мен де бұл жалғаннан армансызбын деп кетермін» дегені бар. Сөйткен қайран Жазекем екі ұлын ертіп Алматыға арнайы келіпті. Тілегін орындадым. Тіпті олардың жайлы пәтер алуына жәрдемім тиді. Елі үшін жарты ғасырдан астам бел шешпей, маңдай терін төккен қарапайым, бірақ қадірлі қарттан бір нәрсе аяп қалуға кімнің дәті жеткендей. Жақсымызды қадір тұтпай жаманнан арыла алмаймыз» (371-бет).

«Ақиқаттан аттауға болмайды», Дінмұхамед ҚОНАЕВ

«Адамдар! Адамдар! Адамдар! Иә, адамдар! Былайынша таңданатындай ештеңе жоқ сияқты. Жоқ, олай емес! Әрбір адам былайғы жұртпен қарым-қатынаста бола отырып, өмір мектебінен өтеді. Ол өзінің айналасындағы адамдардан күнделікті әрі үздіксіз сабақ алады. Өйткені әр адам – әртүрлі. Біреулер – өркөкірек, менмен, біреулер адамгершілігі мол, қарапайым, дарқан жүректі келеді. Олардың қоғамдағы жағдайы әртүрлі, әлеуметтік деңгейі де бірдей емес. Міне, осындай ортада өзіңнің орныңды таба білуің керек. Қиын міндет. Бірақ бұл міндетті өзің шешуің керек. Иә, өзің ғана! Біздің бәріміздің жолымыздың басталуы ұқсас. Балалар бақшасы, мектеп, институт және еңбек ұжымы. Қайда болса да адамдар өздерінің мұң-мұқтажымен, талап-тілегімен жүреді. Біз адам тәрбиесі туралы айтқанда оның өмірінің барлық кезеңін еске аламыз. Кез келген адам өзінің ортасынан, оның ықпалынан, ешқашан оқшаулана алмайды. Ол ортаның ықпал-әсері адам бойына сіңеді. Міне, сондықтан да адамның қалыптасуын оны қоршаған ортасынан оқшау қарай алмайды. Иә, бұл шындығында солай. Бірақ мен қазір өзімнің дүниетанымымның қалыптасуына тікелей немесе жанама ықпал еткен адамдар туралы әңгімелемекпін. Менімен қатарлас адамдардың қазан революциясы, азамат соғысы, социализм ісін ұйымдастырушылар мен жүзеге асырушылар туралы түсініктері негізінен әдебиет арқылы қалыптасты. Біз балалық шағымыздан бастап аға ұрпақтың ерлік дәстүрлері үлгісінде тәрбиелендік. Есейе келе, беріректе олардың кейбіреулерімен кездестік те. Солардың бірі – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев болатын. Ол көптеген жылдар бойы Мойынқұм ауданының «Көктерек» кеңшарында аға шопан болып жұмыс істеді. Мен Жазылбекті 1947 жылдан бастап білемін. Ол кезде облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып жұмыс істедім. Сол кезде ол көптеген шопандардың бірі еді, олардан ешқандай айырмашылығы жоқ-ты, бірақ айтарлықтай жастау болатын. Орта бойлы келген, мығым денелі, көп сөзге жоқ еді. Ауыр жылдар еді. Бүкіл ел бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан, материалдық-техникалық базалар қайтадан жасалып жатты, ауылшаруашылығын, әсіресе малшаруашылығын жедел қарқынмен көтеру жолындағы күрес кең қанат жайды. Бүкіл Қазақстан бойынша қой санын өсіру жолындағы жарыс қыза түсті. Міне, сонда ол қой шаруашылығында бастама көтерушілердің бірі болды. Малшылардың, әсіресе шопандардың еңбегі жеңіл емес. Қазақтарды ата-бабасынан бері қойшы болған деуге болады. Иә, бұл – шындық. Бірақ революцияға дейінгі қой шаруашылығы мен социализм еліндегі қой шаруашылығын, малшаруашылығын жүргізудің түрлері мен әдістері жағынан салыстыруға болмайды. Бүгінде мүлде өзгеше өндірістік қатынастар мен өзгеше өндіргіштік күштер қалыптасқан. Сондықтан да адамдар өздерінің міндеттеріне басқаша қарайды. Біздің елімізде малшаруашылығының, оның ішінде қой шаруашылығының мүлдем өзгеше базада дамығанын айта кету орынды. Ол жекеменшікке орын қалмаған социалистік материалдық базада дамыды. Социалистік өндірістік қатынас жағдайында әр еңбеккердің орны қоғамдағы жағдайымен және оның қоғам алдындағы міндеттерімен айқындалады. Шындығында, әр еңбек озатының істерінен кеңес адамдары еңбекке жаңаша көзқарасты көреді. Ол коммунистік көзқарас деп аталады. Олар үшін мынау –менікі, анау – сенікі деген сөз жоқ, алыс-жақын деп айырып жатпайды, олар ортақ іске, социалистік қоғам үшін еңбек етіп жатқандарын біледі. Міне, солардың бірі Жазылбек Қуанышбаев болды. Ол өмірдің қиын мектебінен өткен адам. Қаншама ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтті десеңші! Бірақ бір нәрсе айқын да ашық. Ортақ Отанымыздың гүлденуі үшін көп істер атқарылды» (123-125-беттер).

«Көзқарас», Асанбай АСҚАРОВ

«Сынаптай сырғып қаншама жыл өтсе-дағы сол күнді ұмытқан емеспін. 1984 жылы шілде айының 17 жұлдызы, түс ауа есіктің қоңырауы сылдырлады, барып аштым. – Ассалаумағалейкум! – деп даусын соза шаңыраққа сәлем беріп кірген кісіні бірден таныдым. Бұрын жүзбе-жүз кездеспесем де шатастыруым мүмкін емес. Оң тіземді бүгіп, басымды иіп, қазақшалап сәлем жасадым. – Өркенің өссін! Ырысты бол, қарағым! – деп ризашылығын білдіріп, артынан іркес-тіркес кірген серіктеріне қарап: – Көрдіңдер ме, Бауыржанның келіні осылай болуы керек еді, – деді. Сөздері нық, дауысы ашық. Мен жанындағы адамдарды енді анық көрдім. Мына жақтан Бақытжан келіп, қонақтармен қолдасып сәлемдесіп, қошеметпен төр бөлмеге бастады. Шамасы, ол да бірден таныған секілді. Үйге сәлем беріп кірген кісі – Қазақстанның мақтанышы, екі мәрте Еңбек Ері атағын алған қос жұлдызды әйгілі «Шопан ата» – Жазылбек Қуанышбаев еді. Табан аудармай отыз жыл қой бағып, зейнетке шыққан соң өзінің бай тәжірбиесі мен әдіс-тәсілдерін кейінгілерге үйретіп, тарататын «Жазылбек мектебінің» іргесін қалаған. Қойдың санын өсіріп қана қоймай, тұқымын асылдандыру, сапасын жетілдіру, өнімін арттыру жөнінде құнды жаңалықтарды айналымға енгізген «дала академигі». Қонақтар жайланып отырған соң Жаз-ата қоңыр үнімен баптап әңгіме бастады. – Қартайған кісінің орнынан оңай көтеріліп, жүріп-тұруы қиын екен, шырақтарым. Жердің шалғайланғаны емес, тұсаулы аттай кібіртіктеген ұлғайған жас пен сыр берген денсаулық ойлағаныңды орындауға мүмкіндік бермейді. Сендермен бірге аралас-құралас іліктес болмасақ та, қазақ қадірлейтін шаңыраққа сырттай тілеулеспіз, – деп сәл іркіліп барып қайта сөйледі. – Тал құласа – шөп майысады, бәйтерек құлағанда жалпақ жұрттың қабырғасы қайысты, бір-бірімізге көңіл айттық. Ол елі үшін туған ер еді, қазақтың атын шығарған қаһарман еді. Алланың берген аманат жанын алып қалатын амал жоқ. Бәріміз ажалды пендеміз, біріміз – ерте, біріміз – кеш топырақ томпайтамыз. Батыр інім Бауыржанның алды – пейіш, арты – кеніш, иманы салауат болсын! – деп әкемізге көңіл айтып, жүрегімізді толқытып тастады. Мен тездетіп дастарқан жасадым. Шай үстінде Жаз-ата Алматыға келу сапарының жайын әңгімеледі. – Ай деген аунап тұрғанша, жыл деген аттың басын бұрғанша көз ілеспей өте шығады екен. Байқасам, астананың дәм-тұзы бұйырмағанына едәуір уақыт болыпты. Бір-біріне себепкер, бір-біріне байланысты тіршілік қой, көз жанарым нашарлап, соны біраз емдетіп ауруханада жаттым. Содан бүгін ғана шығып тұрмын. Алматыға аяғым жетсе, батырдың отбасына бір кіріп шығуды ойыма алушы едім. «Арқан бойы жердің, тұсау бойы төтелігі бар» дегендей, бүгін соның орайы келіп, сәті түсті. Жүз сәлемнен бір күнгі дидар артық, сендерді көріп, төрлеріңде отырмын. Құдайға шүкір! – деп өзіне жарасымды ақ күмістей әдемі сақалын бір сипап қойып әңгімесін жалғастырды. – Мына қасымда отырған жігіт – туысым, аты – Марат, ал мына жаман қара егізімнің сыңары – Тойшыбай. Қойшыбай да осында, бір тығыз шаруаның қамымен бізге ілесе алмады. Бұлар биыл мектеп бітірді, енді үлкен оқуға кіреміз деп талаптанып жатыр, – деп сөзін бір қайырды. Бақытжан ол кісінің әр сөзіне басын шұлғып, құшағына кіріп кетердей емініп отыр. Менің де қарай бергім келеді. Аты ел аузындағы қазақтың қазыналы қариясының мен құйған шайды ішіп отырғанына сенер-сенбес күйдемін. Көзімнің астымен ұрланып қарап қоямын. Не деген әдемі қартайған жан! Ойлары қандай орнықты, сөздері қандай жүйелі десеңші! Үсті-басында бір қыртыс жоқ, тап-тұйнақтай жинақы, тап-таза иманды жүзінен нұр төгіліп, айналасына мейірім шуағын шашыратып, үйіміз сәулеленіп кеткендей сезімде болдым. Әттең-ай, әттең, қайталанбас мына сәттерді суретке түсіріп алар ма еді, бірақ оған мүмкіндік қайда. Өкініштен өзегім өртеніп-ақ тұр. Қазіргі дәуірдің жастары мен тірелген бұл тығырықты түсінбейді. Алақандай электронды құралмен кез келген уақытта қалағанын баса береді. Ал біз «фотосалон» деген жазуы бар арнайы орынға барып суретке түсетінбіз. Жарайды, сурет болмаса да атадан бір естелік белгі алып қалуым керек. Бірақ оның ретін қалай келтірем? Үйде «Қазақстан комсомолы» деген фотоальбомда Жаз-атаның кеудесінде қос алтын жұлдызы жарқырап, жүзі жайнап жастардың ортасында тұрған суреті есіме түсті. Шай аяқталған соң сол кітапты алып келдім де: – Ата, мектепте оқитын Ержан деген бір тал баламыз бар. Соған ескерткіш болсын, мына суретіңіздің астына қолтаңба жазып беріңізші, – деп өтіндім. Ата суретке үңіле қарап: – Япырай-а, мына ақ қалпақты, сақалы желбіреген шал шынында да маған ұқсайды екен, – деп бәрімізді бір күлдіріп алды. Қонақтар кетуге қамданды. «Тағы баратын жерім бар, одан кейін жолға шығам, елге қайтамын» деп, ата менің қазан көтеруіме үзілді-кесілді келісім бермеді. Әйтпесе бұлар келген замат тоңазытқыштан ет шығарып, мұзы ерісін деп дайындап қойғам. Амал қанша, жағдайына қарауымыз керек, бірақ үйден құр шығаруға болмайды. «Ұятты қонақ келгенде ұн таусылыпты» дегендей, не берерімді білмей, лайықты, жөні түзу бұйым таба алмай сасқалақтадым. Өткенде Бақытжанның досы Мәскеуден оған арнап ақшыл түсті, үш түймелі шетелдік тоқыма жейде әкеліп еді. Орау қағазы бұзылмаған күйі тұрған. Содан өзге ұсталмаған зат көзіме түспеді. Түспеді емес-ау, түсетіні жоқ болып тұр ғой. Әйтсе де «Орамал тон болмайды, жол болады» деп көңіл сыйлап тұрғанымды Жаз-ата секілді парасатты адам түсінер. Бірақ сый-сияпаттың небір көкесін көрген кісінің көзіне қораш, көңіліне олқы соғар ма екен деп тағы қобалжыдым. Ақыры не де болса тәуекелге басайын деп: – Жаз-ата, шаңырағымызға бір келгенде ат мініп, қамқа тон киетін жөніңіз бар еді, бәрі тығыз-таяң асығыс болды. Ағаш та көздеген жерден сынбайды, көңілдегіні орындай алмасақ та үйден құр шықпаңыз, – деп амалсыздан тоқыма жейдені имене тұрып ұсындым. – Әй, бәрекелді! Ниетіңе рақмет, айналайын! – деп ықыластана қолымнан жейдені алып, Тойшыбайға қарап: – Көріп ал, текті отбасының балалары осындай болады, бұл – қазақ жолы, – дегенде қуанғанымды айтпаңыз. Атақ-даңқтың белортасында жүрген белгілі кісінің кішіпейіл, ұлылыққа тән қарапайым болмысына бас идім. Енді кәдімгідей батылданып, келесі ойымды іске асырмақ болдым. – Ата кебісіңізді мен кигізейін, рұқсат етіңіз, – дедім. Қария таңырқап қалғандай жүзіме көз тоқтатып қарап, сәл жымиды да, басын изеп-изеп қойды. Жұмсақ жеңіл мәсінің сыртынан галош-кебісін өз қолыммен кигіздім. – Өркенің өссін, қарағым! Балаңның баласы сенің де кебісіңді кигізуге нәсіп етсін. Жаратқан жар болсын! – деп бата берді. – Әумин! Әумин! Айтқаныңыз келсін, – деп бетімді сипадым, көзімнен еріксіз жас шығып кетті. Қонақтар разы. Қош айтысып кеткен соң маған Бақытжан: – Халқымыз «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп үйіне келген құдайы қонақтың өзін құрметтеген. Ал бүгін біздің үйге Жазылбек атаның бейнесінде Қыдыр баба келгендей болды. Мен соған шынайы сеніп тұрмын, – деді. – Мен де сенемін, – дедім. Беу, дүние, жалған-ай! Содан бері азайғаны білінбей, аққан судай өмірімнің талай-талай жылдары өтіп кетіпті. Аллаға шүкір, тағдырыма ризамын. Исі қазаққа ортақ қара шаңырақтың әлі отын жағып, қазанын қайнатып отырмын. Немеренің алды ат жалын тартып мінер жігіт болды. Өткеннің бәрін қозғап, сөзді созып қайтейін, тек айтайын дегенім, бұл күнде немерем Сұлтан кейде мен сыртқа шығып бара жатсам: «Әже, тоқтай тұрыңыз, туфлиіңіздің шаңын сүртейін», дегенде жаның жаннатта болғыр Жазылбек атаның баяғы маған берген батасы есіме түседі де тұрады» (61-65-беттер). «Теңбіл тіршілік» («Қырықтың бірі – Қыдыр»),

Зейнеп АХМЕТОВА