Тері өңдеу ісіне де пәрмен керек
Тері өңдеу ісіне де пәрмен керек
Бұл бір үрдіс осы ғасырдың алғашқы жылдарына дейін жалғасқаны белгілі. Одан кейін мал терісі өңірде кәдеге жараудан қалып, ауыл-ауылдың іргесінде үйіліп жататын болды. Негізінде біздің елдегі тері өңдеу ісінің тұралау кезеңі тәуелсіздік алған жылдары басталды. Ал қазір бұл саланың жағдайы тіпті нашар. Өткен жылы елімізде сиыр мен қой терісінің 13,4 пайызы ғана өңдеуге жіберілген. Қалған құнды шикізат қайда? Ол полигонға тасталып немесе өртелген болуы мүмкін. Қойдың жүні жайлы дерек те осылай. Өткен жылы 40,6 мың тонна жүн алынған. Оның 6,6 мың тоннасы немесе 16 пайызы ғана өңдеуге кеткен. Былғары аяқкиім тігу өнеркәсібінде сұранысқа ие шикізат өзімізде жеткілікті бола тұра теріні неге кәдеге жарата алмай жүрміз? Біздің облыстағы жағдай қандай? Міне, осы сауал ел азаматтарын ойландыруы тиіс. Өткен жылдың мамыр айында өңірде «Тараз былғары зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы қайта жанданды. Кәсіпорын директоры Олег Мускафидидің айтуынша, зауытта шикізат тапшылығы байқалмайды. Әрине, бұл түсінікті жайт. Тері-былғары зауыты әлі де толық қуатына шыққан жоқ. Өйткені жабдық пен қазандық толық жөнделіп бітпепті. Кәсіпорын басшысының сөзіне сүйенсек, қуаттылықтың артуымен терінің түсу көлемі де арта түспек. – Теріні арнайы жасалған келісімшартпен жеткізушілер тасымалдайды. Сондықтан шикізат қорын тікелей фермерлерден сатып алмаймыз, – дейді О.Мускафиди. Естеріңізге сала кетейік, жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласының өткен жылға қатысты қорытындысын шығарды. Министрлік таратқан мәлімет бойынша, былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі 3,7 пайызға өскен. Бүгінде Қазақстанда жылдық қуаттылығы төрт миллионға дейінгі 10 былғары кәсіпорны жұмыс істейді екен. Өткен жылдың қаңтар-қазан айларында елімізде 2,6 миллион тері, оның ішінде 1,8 миллион ірі қара мал терісі өндірілген. Сонымен қатар кәсіпорындар 5,8 миллион ұсақ мал терісін өңдеген. Бұл ретте ірі қара мал терісінен тері өндірісі 24 пайызға артып, 130,1 миллион шаршы дециметрді құрады. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы берген дерекке көз жүгіртсек, өткен жылы өңірде 848,1 мың тері, оның ішінде 146,1 мың ірі қара мал терісі, 701,9 мың уақ мал терісі алынған. – Бүгінгі таңда Қордай ауданында «Золотое Руно» жеке кәсіпкерлігі ірі малдың терісін 800-4000 теңге аралығында қабылдай бастады. Тауар өндірушілер осы уақытқа дейін бұл кәсіпорынға 16,5 мың тері тапсырған. Сонымен қатар өңірде «Тараз былғары зауыты» ЖШС жұмыс істейді, – деді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы қайта өңдеу бөлімінің басшысы Дулат Оспанов. Алайда біз аймақтың былғары өндірісі тері өнімдерін қанша көлемде алатынын біле алмадық. Ауылшаруашылығы басқармасы, мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сражаддин Сүлейменовтің мәліметінше, сойылған малдың есебі жүргізілмейді екен. Ал статистикалық мәліметтер тек тірі малға немесе сою салмағындағы малдарды есепке алады. Етке сойылған түліктің санын нақты біле алмадық. Дегенмен қандай жағдайды алып қарастырсақ та бұл үлкен көрсеткішті құрайтыны анық. Өйткені аймақта етке деген сұраныс артпаса, кеміген емес. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының осы жылғы 1 қаңтардағы мәліметі бойынша, өңірде 502,4 мың бас ірі қара және 3,447 миллион қой мен ешкі бар. 2021 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш сәйкесінше 499,1 мың ірі қара және 3,256 миллион уақ малды құраған. Яғни ірі қара мен ұсақ мал санының өсуі ресми статистикамен расталады. Қанша мал сойылса, сонша тері алынатыны белгілі. Ендеше фермерлер оларды қайда өткеріп жатыр? Осы сұрақтар бойынша «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» републикалық жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының төрағасы Мырзаим Тойшыбековпен тілдестік. Ол шаруалар терінінің басым бөлігін текке тастайтынын айтты. – Бұрын бұл теріні өңдеушілер фермерлерден алатын. Ірі мал терісі 4000 теңгеге дейін, ал ешкі немесе қойдың терісі 700-800 теңгеге бағаланатын. Бірақ коронавирус пандемиясының кесірінен бұл іс тоқтап қалды. Кейбір мал өсірушілер теріні арнайы сақтап, аудандық орталық базарларға сатуға апарады. Бірақ бұл мәселені толық шешіп жатқан жоқ, – дейді ол. «Тараз былғары комбинаты» кәсіпорнының директоры Олег Мускафиди жергілікті терілер неліктен тікелей тері былғары зауытына жіберілмейтінін түсіндірді. – Жеке шаруашылықтардан үлкен көлемде тері қабылдау қиын. Өйткені ірі деген шаруашылықтар шамамен күн сайын 20 мал соятын болса, шағын қожалықтар айына бес-алты малды ғана қажетіне жаратады. Сондықтан мұндай аз көлемді өнімді тасымалдаудың еш мәні жоқ. Оның үстіне оны жеткізу қымбатқа түседі. Бұрын қалалық жерде ет комбинаты жұмыс істеген кезде оңайырақ болатын. Барлық терілер былғары зауытына тікелей түсетін. Ал бүгінде зауыт негізінен ірі қара малдың терісін өңдейді. Қой мен ешкіден шикізат алуға да мүмкіндік бар. Кәсіпорынның қуаты үлкен, бірақ біз әлі толық іске қосылған жоқпыз. Қазандық әлі қосылмады, онсыз да толық өндірістік циклге шыға алмай отырмыз, – деді серіктестік директоры. Кәсіпорыннан қайта өңделіп шыққан терілер тікелей «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС-на түседі. Былғары сапасына өте жоғары талаптар қойылады, өйткені аяқкиімнің сапасы теріге байланысты. – Егер малды сою кезінде пышақ қолданылса, көп жағдайда тері зақымдалады. Мұндай шикізаттан біз сапалы өнім ала алмаймыз. Сондықтан фермерлерден теріні қабылдау кезінде кедергілерге тап боламыз. Қатты кесілген теріні өңдеудің пайдасы жоқ. Химиялық заттар да қымбаттады. Бұрын тері қымбат, ал химия арзан болатын. Сондықтан біз кез келген шикізатты өңдей беретінбіз, – дейді Олег Мускафиди. Ол сондай-ақ мал сою кезінде малшылар еттің тауарлық бейнесін бұзбауға тырысатынын түсіндірді. Нәтижесінде тері бүлінеді, соның салдарынан кәсіпорын зиян шегеді. Бірақ кесілгеннен басқа, ит-құстың малды жаралауы, кененің немесе басқа да улы жәндіктердің шаққан ізі секілді басқа да жарақаттар теріде тыртық қалдыруы мүмкін. – Біздің кәсіпорын мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Зауыттың шағын цехы ғана жұмыс істейді. Оның өніміне сұраныс жоғары. Бірақ ескі құрылғылармен жоспарды жүзеге асыру оңай емес. Әрі маман тапшы. Бір тері өңдейтін құрылғының құны 350 мың еуро тұрады. Бір кездері осы іс үшін жоғары пайызбен коммерциялық несие алғанмын, оны әлі күнге дейін төлеп келемін. Иә, біз кейбір субсидияларды алатынымыз рас, бірақ бұл мәселені түпкілікті шешпейді. Егер мемлекет қандай да бір гранттар бөлсе немесе басқа қолдау көрсетер болса, онда бізге сол тиімдірек болады. Нәтижесінде өндіріске қажетті заманауи жабдықтар сатып алар едік. Бұл өндіріс көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беретін еді. Мысалы, біздің өндірісті қажетті құрал-жабдықтармен толықтыру үшін шамамен екі миллион доллар қажет. Біздің көптеген құралдарымыз ескірген, – дейді О.Мускафиди. Былғары кәсіпорындары жұмыс істеуге толық дайын және олардың басшылығы былғарыдан аяқкиім мен тігін өндірісін қамтамасыз ете алатынына сенімді. Бірақ бұл үшін тек шикізатқа ғана емес, жабдықты жаңартуға да көмектесу керек. Сонда біздің еліміз өзін сапалы аяқкиіммен, былғарыдан жасалған киіммен қамтамасыз ете алады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ