Жамбыл жаңалықтары

Инвестициялық штаб отырысы өтті

Инвестициялық штаб отырысы өтті

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінде инвестициялық штабтың отырысы өтті.

Инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады. Бақыт Алпысбайұлы өз есебінде Байзақ ауданында осы жылы 10 миллиард 808 миллион теңгеге 130 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып жатқандығын айтты. – Ауданымызда өнеркәсіп саласы бойынша темір-бетон бұйымдарын, гофрокартон қаптамаларын, түйіршіктелген аралас жем өндіру, құс етін өңдейтін фабрикалар салуға қатысты бірқатар жобалар бар. Олардың біразы аяқталуға жақын. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында құны 2 миллиард 30 миллион теңгені құрайтын 21 жоба аясында 125 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отар, – деді аудан әкімі. Одан әрі Қ.Қорғанбаев баламалы энергетика саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы баяндап, бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Ол өңірдің инвестициялық тартымдылығы туралы айта келіп, облысымыздың орташа жылдық инсоляциялық әлеуеті Еуропа елдерімен салыстырғанда жоғары екендігін жеткізді. Жиын соңында аймақ басшысы инвестиция тарту жұмысын күшейтіп, отандық және шетелдік компанияларға қолдау көрсетуді және орталық атқарушы органдармен бірлесе отырып, түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ