Спорт

ДҮНИЕ-ДҮБІР

ДҮНИЕ-ДҮБІР

Қысқы олимпиада ойындарының тұмары таңдалды

Милан мен Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының бойтұмары ақ және қоңыр түсті дулығалы ақкіс (ақ тышқан) болмақ. Бойтұмарды Италияның Катанзаро провинциясында тұратын мектеп оқушылары салған. Ақкістің бірі ақ болса, екіншісі қоңыр түсті. Олимпиаданың бойтұмарлары жалпыхалықтық дауыс беру арқылы таңдалған. Қатысушылардың 53 пайызы тышқандарға дауыс берген. «Inside the Games» басылымы нақтылағандай, екінші орын Эдельвейс гүліне бұйырған. Конкурсқа Италияның 81 провинциясынан 681 сынып пен 82 мектептен барлығы 1 600 өтінім берілді. Итальяндық студенттер Олимпиада мен Паралимпиадаға екі кейіпкердің кескінін ұсынған. Жеребе тартылды Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан УЕФА-ның штаб-пәтерінде футзалдан әлем чемпионатына жолдама беретін іріктеу турнирі негізгі кезеңінің жеребесі тартылды. Осы күнге дейін Еуропа құрлығы бойынша әлемдік доп додасына қатысатын 16 команда анықталып қойған еді. Олар – Әзербайжан, Армения, Грузия, Испания, Италия, Қазақстан, Польша, Португалия, Румыния, Сербия, Словакия, Словения, Украина, Финляндия, Франция және Хорватия құрамалары. Аталған ел өкілдерінің барлығы да іріктеу турнирінде табысты өнер көрсетіп, кіл мықтылар бас қосатын бәсекеде бақ сынауға лайық екендерін дәлелдеді. 10-19 сәуір аралығында Бельгия мен Мажарстан, Нидерланд пен Молдова, Швеция мен Германия, Чехия мен Литва футзалшылары күш сынасады. Осы жұптардың жеңімпаздары жоғарыдағы 16 команданың қатарына қосылады.

Фифа президенті сайланды

Руанда астанасы Кигалиде өткен жетпіс үшінші Халықаралық футбол қауымдастықтарының (ФИФА) конгресіне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, бас хатшысы Олжас Абраев және халықаралық департамент директоры Аян Әлжанов қатысты. Конгрестің күн тәртібінде 2022 жылдың қорытындысы мен қаржылық есебі қабылданып, 2024 жылдың бюджеті бекітіліп, 2023-2025 жылдарға аудиторлар тағайындалды. Қазақстандық делегация конгресте өзге ұлттық қауымдастықтармен ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыру бойынша бірқатар маңызды кездесу өткізді. ФИФА президентін сайлау жиынның ең маңызды бөлігінің бірі болды. Джанни Инфантино 2027 жылға дейін ұйымның басшысы лауазымына қайта сайланды. ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов Джанни Инфантиноны жаңа мерзімге қайта сайлануымен құттықтап, әлемде футболды дамыту жолында табыс тіледі. Келесі ФИФА конгресі 2024 жылдың 17 мамырына жоспарланған. Өтетін жері кейінірек белгілі болады.

Месси жаңа ұсыныстан бас тартты

«ПСЖ» шабуылшысы Лионель Месси париждіктердің келісімшартты ұзарту туралы алғашқы ұсынысын қабылдамады. Дереккөздің хабарлауынша, 2022 жылғы әлем чемпионатына дейін тараптар жаңа келісімшартқа отырған. Бірақ қазір ойыншы ұсынылған жалақыға қанағаттанбайды. «ПСЖ» аргентиналыққа fair play қаржылық мәселелерін болдырмау үшін төмен жалақы ұсынған. Осы маусымда форвард барлық турнирлерде «ПСЖ» үшін 28 матч өткізіп, 17 гол соғып, 16 нәтижелі пас берген. Мессидің клубпен келісімі осы маусымның соңына дейін есептелген.