ӘЛІБЕК ПЕН ӘЛІМДЕРДІҢ ӘЛЕГІ
ӘЛІБЕК ПЕН ӘЛІМДЕРДІҢ ӘЛЕГІ
Фестиваль басталды. Мерекелік іс-шаралардың бәрі театрда өтіп жатыр. Жалпы батыр Бауыржанның 100 жылдығына арналған іс-шаралардың ауқымы кең болды. Республикалық ақындар айтысы, батырға арналған жазба ақындар арасында мүшәйра, түрлі номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Айтыстан басқа іс-шаралардың барлығы театрда өтті. Өзім жаңадан тағайындалғандықтан алғашында біраз әбігерге түскенім де рас. Фестивальдің екінші күні кешкісін бірінші болып Баукеңе арналған ән-күйлердің жарысы мәреге жетті. Жарыс аяқталып, жиналған көпшілік концерттік бағдарламаны тамашалап отырған кезде театр алдына шықсам, сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әлекең, Әлібек Әмзеұлы қарсы ұшырасты. Әлекең салған жерден: – Сен Майра Әлімге хабарласшы, Жоламан Тұрсынбаев кешкі 22:00-де жедел Астанаға ұшу керек болды. Министр шақыртып жатыр екен. Ұшаққа билет алу керек, – деді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал композитор Жоламан Тұрсынбаев «Ән мен күй» номинациясы бойынша қазылар алқасының төрағасы болған. Сонымен не керек, театрға қайта кіріп, Майраның телефон нөмірін тердім де: – Майра, амансың ба?! Сен тездетіп Жоламан Тұрсынбаевқа Астанаға билет алуың керек, – дедім амандық-саулықтан кейін. – Мен неге билет алуым керек? – Сен Жоламанды білесің бе? – Естуім бар. – Естуің бар болса, билет алсын деп Әлібек Әмзеұлы саған тапсырма берді. – Неге маған Жоламан Тұрсынбавқа билет ал дейді. Мен тіпті ол кісіні танымаймын. Ол мені танымайды. Билет алып беретіндей ол менің құдам ба, әлде сыныптасым ба? – деп Майра шорт кетті. – Білмеймін, бастық сен алады деді, – деп қылқылдап қоймадым. Арадағы аз-кем үзілістен кейін Майра: – Әлекең айтқан соң әперетін едім. Дәл қазір баламды сүндеттетіп, соған Құдайы тамақ таратайын деп жатырмын. Қолым тимейді. Әлекеңе сәлем айт, – деп телефон тұтқасын қоя салды. Уақыт өтіп барады. Енді не істемек керек? Басым салбырап тысқа қайта шығып, Әлекеңе жақындай беріп едім: – Не болды, Майраға айттың ба? – деді. – Айттым, бірақ қазір қолым тимейді, баламды сүндетке отырғызғанмын, соған Құдайы тамақ таратып жатырмын деді, – деп Майраның айтқанын қайталап айтып бердім Сөйтсем, Әлекең: «Ол әтеңанәлет өзін сүндеттетпесе, оның жалғыз қызы бар емес пе, әкелші телефоныныңды», деп қолын соза берді. Апыл-ғұпыл Майраның телефонын теріп, Әлекеңнің қолына ұстата қойдым. Майра бірден телефон тұтқасын ала қоймады. Бір кезде телефонды көтерді-ау деймін, Әлекең «Әй, әтеңанәлет» дей бергені сол еді, екінші жақтан Майра Әлім: «Әлеке, жайша іздедіңіз бе?» деп шыға келді. Әлекең түк түсінбей телефонның экранына бір, ежірейіп маған бір қарады да телефонды өзіме қарай лақтыра салды. Сонда ғана қай Майра екенін түсіндім. Екі Майраның тектерінің ұқсастығы шатастырыпты. Халық шығармашылығы орталығының директоры Майра Әлім де, ал Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова екен. Әйтеуір, Жоламан Тұрсынбаев Астанасына уақытында ұшты. Ал Әлекең жазықсыз сөз естіген Майра Әлімбетованы фестиваль аяқталған соң кабинетіне шақырып, Бауыржан Момышұлының сыйлы қонақтарға арнайы тоқылған кілемін сайға тартты. «Әлекеңнің бір әтеңанәлеті бір кілем» деп кейін күліп жүрдік.
Асқарбек СЕЙІЛХАН, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, ҚР Құрметті журналисі