Жаңалықтар

«LOUIS VUITTON» КИІЗ ҮЙ ПІШІНДЕС СӨМКЕ ШЫҒАРМАҚ

«LOUIS VUITTON» КИІЗ ҮЙ ПІШІНДЕС СӨМКЕ ШЫҒАРМАҚ

Әлемге аты әйгілі бренд өкілдеріне мұндай ұсынысты қазақстандық студент Айнұр Полатова жасаған.

Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша магистратураның бірінші курсында оқитын бойжеткен ұлттық ойындарды насихаттап, «Talapai» бірегей жобасын сәтті жүзеге асырып, ақшалай сыйлық ұтып алды. Айнұрдың жобасы ерекше ұлттық дизайнмен жасалған. Айнұр «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар», «Тоғызқұмалақ» ойындарын қазақтың ою-өрнегі бар функционалды сөмке үлгісіне сыйдырған. Үш ай бұрын басталған «Talapai» жобасы қазірдің өзінде өте танымал. ЕҰУ магистрантының айтуынша, ұлттық ойынды сатып алуға өтініштер тек қазақстандықтардан ғана емес, Түркия, АҚШ, Нидерланды тәрізді шет мемлекеттерден де түскен. – Қазір шетелдік үстел ойындары өте көп. Мен біздің ұлттық ойындарымызды неге заманауи үлгіде дәріптемеске деп ойладым. Осылайша «Talapai» идеясы пайда болды. Әр ойын сөмке тәрізді ағаштан жасалған қорапта ұсынылған. Оны барлық жерде алып жүру ыңғайлы және өте жеңіл. Ең бастысы – ағаш сөмке функционалды, оны ашып, ойын ойнауға болады, – дейді Айнұр. Осы жылдың сәуір айында Айнұр «Louis Vuitton» өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. Оның киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсынысын әлемдегі әйгілі брендтердің бірі қолдап, дизайнды талқылауға Парижге шақырды. – Жарнамадан «Louis Vuitton» компаниясының біздің киіз үйге ұқсас дүкен ашқанын көріп қалдым. Бұл мені қызықтырды және мен оларға киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсыныс хат жаздым. Мен қазір ұлттық ойындарды дамыту үшін «Talapai» жобасын жүзеге асырып жатқанымды айттым. Оның сыртқы қоржын түріндегі қорабы біздің ата-бабаларымыздың көшпелі үйіне ұқсайды. Мен бұл дизайнды өзім жасаймын және «Louis Vuitton» үшін негізгі идея оған негізделген. Екі аптадан кейін компания ұсынысыма қызығушылық білдіріп, өздерінің жауап хатында идеяны одан әрі талқылау үшін Парижге шақырды, – дейді магистрант қыз. Айта кету керек, Айнұр Полатова «Кәсіби дизайн» мамандығы бойынша оқымаған. Биыл ол Германияда, Гете атындағы Франкфурт университетінде ЕҰУ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА