Әлеумет

«ОСКАР» ЖАЙЛЫ ОЙ

«ОСКАР» ЖАЙЛЫ ОЙ

Өткен аптада дәстүрлі «Оскар» сыйлығының 95-марапаттау рәсімі өтті. Лос-Анжелестегі «Dolby» театрында өткен салтанатты шарада «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» кинокартинасы осы сыйлықты жеті номинация бойынша ұтып алды. Дәл осы фильмнің бас кейіпкері Эвелинді сомдаған 60 жастағы малайзиялық актриса Мишель Йео бірінші рет «Оскардың» «Үздік актриса» сыйлығына ие болды. Осылайша ол «Оскардың» «Үздік актриса» номинациясын иеленген алғашқы азиялық артист атанды.

Актер Брендан Фрейзер «Кит» («The Whale») драмасындағы рөлі үшін «Үздік актер» атағын алды. «Үздік қосалқы актриса» атағы Джейми ли Кертиске («Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильміндегі образы үшін) бұйырды. Актер Ке Хюи Куан «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильміндегі образы үшін «Оскардың» «Үздік қосалқы актері» марапатына ие болды. Онда ол бас кейіпкер Эвелиннің күйеуі Уэймонд Вангты ойнайды. Жыл сайын «Үздік режиссер» номинациясы тек бір режиссерге бұйыратын. Дегенмен биыл бұл марапатқа бірден екі режиссер – Дэн Кван мен Дэниэл Шайнерт «Бәрі барлық жерде және бір уақытта» фильмін түсіргені үшін ие болды. Биылғы ерекшеліктің бірі осы болды. Жалпы «Оскар» марапаты – 1929 жылдан бері өткізіліп келе жатқан, әлемнің ондаған елінде тікелей эфирде көрсетілетін киноиндустриядағы маңызды оқиғалардың бірі. Осы орайда «Оскар» жүлдесін кім ойлап тапты? «Жүлденің қандай маңызы бар?» деген сұрақтарға жауап беріп көрсек.

«Оскар» премиясын кім ойлап тапты?

1926 жылы қарашада «Metro-Goldwyn-Mayer» атты кинокомпанияның көшбасшысы Луи Б.Майер бірнеше актер мен режиссерлермен кездесіп, режиссерлер арасындағы еңбек дауларын шешуге және жақсы фильмдер түсіргені үшін марапаттарға ие болатын ұйым құру идеясын талқылады. Бір жылдан кейін құрылған «Кино өнері және ғылым академиясы» ресми корпорацияға айналды. Оның құрамына кино өнеріне ерекше үлес қосқан кино саласының 36 өкілі кірді. Дәл осы адамдар «Үздік фильм», «Үздік ер адам рөлі» және тағы да басқа номинациялар бойынша жеңімпаздарды таңдаумен айналысады. Алғашқы марапаттау рәсімі 1929 жылы 16 мамырда Лос-Анджелесте «Hollywood Rouzvelt» қонақүйінің залында өтті. Лауреаттар 1927-1928 жылдардағы фильмдер үшін 12 номинация бойынша таңдалды. Барлық жеңімпаздар марапаттауға үш ай қалғанда жарияланды. Сыйлықтың алғашқы жеңімпазы неміс актері Эмиль Яннингс болды.

«Оскар» атауы қайдан шықты?

«Оскар» сөзі алғаш рет 1939 жылы алтыншы марапаттау рәсімінде қолданылды. Бұл атауды кім ұсынғаны әлі күнге дейін белгісіз. Бұл туралы пікірлер мен аңыздар да көп. Мәселен, актриса Бетт Дэвис алғаш рет мүсінді «Оскар» деп өзі атағанын айтады. Өйткені әйгілі статуэтка өзінің бұрынғы күйеуі Гармон Оскар Нельсонды еске түсіреді екен. Ал кино академияның жауапты хатшысы, кітапханашы Маргарет Херрик 1931 жылы ол есімді өзі ұсынғанын мәлім етеді. Алғаш рет мүсінді алғаннан кейін ол оған мұқият қарап: «Ия, бұл менің Оскар ағам!» деген. Оның Оскар Пир атты немере ағасы болған екен. Ал Сидни Скольский өзінің газетінде бұл туралы былай деп жазды: «Академия қызметкерлері мүсінді «Оскар» деп сүйіспеншілікпен атады». Алайда Скольскийдің айтуынша, ол бұл сөзді бірінші болып келесі себептермен қолданған: «Мен өз мақаламда бет-әлпетті мүсін деп жазудан шаршадым. Мен оның есімін жазуды жеңілдетіп қана қоймай, оны жеке адам ретінде ұсынғым келді. Оның атын бренд еткім келді. «Оскар» есімі швед тілінде «Құдайдың найзасы» деген мағынаны береді, осы атау бойынша ол сыйлықтың кереметтілігін көрсеткім келген».   МҮСІНДІ КІМ ЖАСАДЫ?   Мүсінші Джордж Стэнли сыйлықты өндіріс дизайнері Седрик Гиббонстың эскизі негізінде жасаған. Сыйлықта ұзын қылыш ұстаған рыцарьдің мүсіні бейнеленген. Седрик Гиббонс модель ретінде актер Эмилио Фернандесті таңдаған. Академиядағы бес бөлімнің негізіндегі (дөңгелекшелердегі) бес шеңбер: продюсерлер, сценаристер, режиссерлер, актерлер мен техниктер. «Оскар» мүсіншесінің биіктігі 33 жарым сантиметрге жетеді және салмағы үш жарым келіні құрайды.   «ОСКАРДЫ» БІРНЕШЕ МӘРТЕ АЛҒАН АКТЕРЛЕР   Кино тарихындағы ең үздік актерлердің бірі – Даниэл Дэй-Льюисте қазіргі таңда «Оскардың» алты номинациясы және үш жеңіс бар. Ол «Менің сол аяғым», «Мұнай» және «Линкольн» сияқты фильмдерде «Ең үздік ер рөлі» үшін осы сыйлығына ие болды. Дэй-Льюис киноакадемия сыйлығына үш рет ие болған жалғыз актер. Актер Джек Николсон «Оскарға» 12 рет ұсынылып, тек 3 рет ие болды. Екі рет «Ең үздік ер рөлі» номинациясымен және «екінші жоспардағы ең үздік ер рөлі» номинациясы бойынша сыйлықты иеленген. Ол ер актерлердің арасында номинация саны бойынша рекордшылардың көшін бастап тұр. Уолтер Бреннан 1937 жылдан бастап 1941 жылға дейін үш мәрте «Оскарды» жеңіп алған «Алтын Голливуд» дәуірінің америкалық актері. Ол «Екінші жоспардағы ең үздік ер адам рөлі» үшін үш рет жеңіске жеткен жалғыз адам. Әлемнің сүйікті актерлерінің бірі – Том Хэнкс «Филадельфия» және «Форрест Гамп» фильмдеріндегі рөлі үшін екі рет жеңімпаз атанды. Ол екі жыл қатарынан осы марапатты алған әлемдік кинематография тарихындағы алғашқы адам. Актрисалар арасында Кэтрин Хэпберн төрт ұлы жеңісімен ерекшеленеді. Хэпберн төрт рет «Үздік актриса» ретінде марапатталды. Мэрил Стрип 21 номинацияны иеленіп, атақты Гиннестің рекордтар кітабына еніп, тарихта аты қалды. Бірақ осының барлығына қарамастан, ол «Оскар» сыйлығын тек үш рет иемденді. Голливудтық актриса Ингрид Бергман «Газға ұқсас түс», «Анастасия» және «Шығыс экспресіндегі кісі өлімі» фильмдері үшін үш рет «Оскарды» жеңіп алды. Ең маңызды киносыйлық бола тұра, атақты «Оскардың» бүгінгі беделі аса мәз емес сияқты. Негізінен оны академия өкілдері фильмдерді әрдайым әділ бағаламайтыны үшін сынға алады, тіпті пара алу даулары да болып тұрады. Қалай десек те кино актерлері осы сыйлықты алуды үлкен мәртебе санайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА