АНАСЫ БАР АДАМДАР...
АНАСЫ БАР АДАМДАР...
Өз ұрпағын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсіріп, жеткізген аяулы жандар әрқашан шексіз құрметке ие. Дүниедегі ең жоғары, қымбат сый-сияпатқа лайық жандар – аналар. Әркімнің түсінігінде ананың орны әртүрлі. Менің пайымдауымша, бұл түсінік патшайым ұғымымен парапар. Өзіңіз ойлап көріңізші, барлық аналар баласы таңертең оқуға барар алдында ас-ауқатын беріп, күнделікті киер киімдерін жуып, үтіктеп, ақ батасын беріп шығарып салады. Ал біз осының бәріне соншалықты үйреніп кеткенбіз. Кейде анамызға рақметімізді айтуды да ұмытамыз. Егер мен өзімді айтсам, менің осы өмірдегі ауыз толтырып айтар жетістіктерімнің бәрі де тікелей анамның арқасында. Тек бір өкініштісі, сол анамыздың біз үшін сіңірген еңбегін, бізді өсіріп, жеткіземін деп ағарған шашын, бізге деген ыстық махаббатын көп жағдайда ескере бермейміз, ұмытамыз. Менің анам сырт көзге қатал болып көрінсе де жүрегі жұмсақ болатын. Қанша қателікке бой алдырсам да кешірім танытатын. Сол себепті ол мен үшін ең қымбат жан. Менің осы өмірде түсінгенім, әке-шешенің бала тәрбиесінде, әсіресе ұл баланың тәрбиесінде қатал болғаны жөн сияқты. Қорытындылай келе айтайын дегенім, анасы бар адамдар қартаймайды. Өйткені олар бақытты жандар. Тек сол бақытты бағалай білсек болғаны. Анамызды ардақтайық, адамдар, олар сол құрметке лайық.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті