Қоғам

Желімдей жабысқан желінің әлегі

Желімдей жабысқан желінің әлегі

Ғаламтор және ондағы ресурстар бүгінгі таңда адамдардың өміріне пайдасынан бөлек зиянын да тигізіп жатыр. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, әлеуметтік желілердің адам баласы үшін тигізер кері әсері көп-ақ. Әсіресе жоспарланған жұмыстардың дер кезінде орындалмауын, зая кеткен уақытты ойласаң іш қынжылады. Сонымен, әлеуметтік желілердің, соның ішінде «Instagram»-ның адамға, қоғамға тигізер пайдасы мен зияны қандай?

«Instagram»-нан бөлек, смартфонымыздағы әртүрлі мессенджерлер біздің тыныш ұйықтап, қамсыз оянуымызға айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр десек, артық айтқандық емес. «Ешкім хабарлама жазбады ма екен, күні бойы қандай оқиғалар болды?» деген ой телефонды жатар кезде де шұқыламасқа жанды қоймайды. «Маған ешкім хабарлама қалдырмады ма екен, бұл әлемде қандай өзгеріс болды екен?» деген тағы бір жылт еткен сәуле ұйқыдан тұра салысымен сананы торлайды. Жастар қауымы қоғамдық тамақтану орындарына барса да «Wi-Fi» іздеп, одан қала берді бес-он минут сайын телефондарына қайта-қайта үңілумен уақыт өткізеді. Жалпы қазіргі заманның адамдары өздерінің өмірінен ләззат алудың орнына, телефонға телмірумен уақыт өлтіруде. Мұндай жағдайда адам өз өмірінің мәнін жоғалтып алуы да мүмкін. Интернеттегі ақпаратты сүзгіден өткізе алмаған оқырман үшін оның зияны орасан зор. Себебі ондағы айтылған, жазылған ақпараттың барлығы дерлік шындыққа жанаса бермейді. Ал кейде қызықты контенттің артынан кетіп, еш пайдасы жоқ, тіпті зиянды платформаларға тап болуы әбден мүмкін. Әлеуметтік желі адамдарды уақыт өте келе, бірте-бірте күйзеліске ұшыратады. Ондай күйзелістің де себептері әртүрлі. Қазіргі күні желі қолданушыларына «Instagram»-дағы «stories»-ке әртүрлі форматтағы видео-фотоларды жүктеу де, оны бақылап отыратын оқырман жинау да сөз емес. Өйткені «Instagram»-дағы блогерлерді тамашалайтын адамдар саны басқа әлеуметтік желілердегі оқырман санынан басым. Енді «Әлеуметтік желі адамды қалайша күйзеліске түсіреді?» деген сұраққа қайта оралайық. Мәселен, жұрт желіде еш уақытта өздерінің өмірінің сәтсіз тұстары мен қарабайыр тірліктерін жарияламайды. Ал бұл өзгелерді жетістікке жету «мінсіз, қиындықсыз, оңай» деген тұжырым жасауға итермелейді. Осыдан кейін әр адамның миында өзін-өзі бағаламау көзқарасы пайда болып, оның соңы «менің істеп жүргенімнің бәрі бекер, мен түкке тұрғысыз адаммын» деген сынды эмоционалды күйге ұласады. Мысалы, 16 жастағы бір блогер қызды сөз етсек, ол өзінің парақшасында тек сәтті шыққан жұмыстары мен керемет өтетін демалысын, қымбат брендтер бойынша жасалып жатқан шопингтерді ғана жүктейді. Айлық табысын 1 000 000 теңге деп көрсетіп, әрі «мен ата-анама да, өзіме де көмектесіп жүрмін» деген посттарын ылғи жариялап отырады. Бұл қыздың аудиториясын бақылайтын әртүрлі оқырманға да «мен қаншама еңбектеніп келе жатсам да неге бұндай қаржы таппаймын?», «неге менің өмірім сәтсіздікке толы?» деген сынды ойлар қалыптасады. Мұндай ой адамды күйзеліс арқылы шырмап, көкейін негативті эмоцияларға толтырып тастайды. Қазір осындай жайттардан кейін жастардың арасында «табысты табыс», «успешный успех» деген жаңа лексикон пайда болды. Осы арқылы адамдар өзінің жеткен жетістіктерін бағаламайды. Себебі оларға әр кез бір нәрсе жетпей тұрғандай көрінеді. Өзі қалаған мақсатына қол жеткізсе де ісінде бір кемшілік бардай, керемет бір қызылды-жасылды ғажайып дүниеден қалып қалғандай күйге душар етіп, адамды өз өмірінің қуанышты сәтінен ләззат алудан айырады. Десе де әлеуметтік желі арқылы көптеген өнерлі жастардың жұлдызы жанып жатқанын атап өтуіміз керек. Мұны үлкен мүмкіндіктерге жол ашу деп те айтуға болады. Кез келген дүниенің жақсы жағын меңгере алар болсақ, жетістіктерге жетуімізге болады. Өйткені әлеуметтік желінің бір жақсы жері – көпшілікпен тіл табыса алмайтын адамдар хабарламалар арқылы өздерінің бизнесін дамытып жүр. Әлеуметтік желі бос жүрген кейбір пендені онлайн жұмыспен қамтып отыр. Мұны заман талабы деп білемін. Мен осы жазбам арқылы жастарға және аға буынға әлеуметтік желідегі виртуальді өмір сүру мен шын өмірде бақытты болудың айырмасы көп екенін айтқым келді.

Әмина ЕСКЕРМЕС, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті