Сіз қалай тамақтанасыз?
Сіз қалай тамақтанасыз?
Вегетариандық – еттен бас тарту. Ғылым тілімен айтқанда, жануар текті тағамдарды мүлде тұтынбау. Вегетариандықты ұстанатындар мал, құс, балық етін, сүт өнімдерін, жұмыртқа, тіпті балды да тамақтарына қоспайды. Олар жануарлардың терісі мен жүнінен тігілген киім кимей, өнімді шығарарда алдымен жануарларға зерттеулер жүргізіп барып нарыққа шыққан өнімдерді де қолданбайды. Қазіргі таңда вегетариандықтың 4 басты бағыты бар. Біріншісі, лакто-ово-вегетариандық. Етті тағамдардан тек жұмыртқа мен сүтті тұтынады. Екінші түрі, лакто-вегетариандық. Мал текті тағамдардан тек сүт ішуге рұқсат беріледі. Үшіншісі, ово-вегетариандық. Жануар текті тағам түрлерінен тек жұмыртқа жеуге болады. Төртіншісі, вегандық. Сүт, жұмыртқа, тіпті бал жеуге болмайды. Ет қосылған кез келген тағамға тыйым салынған. Мұнша тағам түрлерінен бас тартудың да өз пайдасы бар екен. Мысалы, вегетариан болу арқылы ағзаға қажетті элементтерді байытуға болады екен. Мәселен, ет тағамдарынан шектелу өзіңді сергек сезінуге септігін тигізеді. Вегетариандықтар басқаларға қарағанда жүрек-тамыр ауруларына, гастрит, астма, тіпті қатерлі ісікке аз шалдығады. Олардың өмір жасы да ұзағырақ екен. Бұның басты себебі, вегетариандықтар етпен бірге берілетін токсиндерді қабылдамайды. Алайда ет тағамдары – ақуыз және В12 витаминінің жалғыз көзі. Жануар тектес тағамдардан бас тартқан адамды көз алдымызда елестеткенде қаны аз, әлсіз адамды көбіміз елестететін шығармыз. Бірақ бұл фактті спортшылар мен кино жұлдыздары жоққа шығарды. Мысалы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин мүлдем ет жемейді. Еттің орнын өзге тағамдармен алмастыру ағзаға өзіндік пайдасын тигізіп, күш беретінін де дәлелдеген жанның бірі. Дзюдодан Азия біріншілігінің алтын жүлдегері Мұхамеджан Шәріпханов та Ильямен келісетіндігін және вегетариандық тамақтануды қолдайтындығын айтты. – Спорт түрлеріне байланысты спортшылар әртүрлі тамақтанады. Мәселен, жеңіл атлеттердің рационы ағзаға сіңімді жеңіл қайнатылған тағамдар мен көкөністен жасалған салаттардан құралса, ауыр атлетика және жекпе-жекке қатысатындар көбінесе ақуызға бай ет өнімдерін тұтынады. Бірақ ақуызды тек еттен аламыз деп ойлау қате пікір. Өйткені біз әртүрлі бұршақ тектес, жаңғақ, саңырауқұлақ сынды өнімдерді тұтынамыз. Өзім диетолог мамандардың кеңесімен күнделікті өмірде де қайнатылған жарма, жеміс-жидектен және көкөністерден әзірленген ас ішемін. Жарысқа қатысар алдында ағзаға ауыр тиетін етті тағамдардан бас тартамын, өйткені еттен бас тарту адамның шапшаң болуына септігін тигізеді, – дейді спортшы. Ал дәрігерлер не дейді? Еттен түпкілікті бас тарту адам ағзасына пайдасын тигізе ме әлде жоқ па? Шығыс медицина дәрігері, инерефлексотерапевт Виктория Еркебаевамен арнайы әңгімелестік. – Азық-түлік те біздің киіміміз сияқты, яғни ол да «жазғы» және «қысқы» болып бөлінеді. Сәйкесінше әрбір ас өнімдері «ыстық» және «суық» энергия бөледі. Жыл мезгілдеріне байланысты денемізге қажетті қуат беретін тағамды даярлау ұзақ уақыт бойы деннің сау болуына ықпал етеді. Егер вегетариан және ет жейтіндерді энергия бойынша талдайтын болсақ, онда вегетариандар көбінесе суық энергиямен тамақтанады. Ал ет жейтіндер керісінше ыстық энергияны қолданады. Адам қалыпты өмір сүру үшін екі энергия бөлетін аспен қоректенуі қажет. Дұрыс тамақтанудың өзі бір философияны қажет етеді. Егер бұл мәселеге философиялық көзқараспен қарайтын болсақ, адам өзінің штрих кодына қарама-қарсы өнімдермен өз рационын қамту керек. «Ол қандай дәмдерден тұрады?» деп сұрасаңыз, ол – теңіз өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидектер. Бұл өнімдер ағзада тез қорытылып, асқазан, ішек құрылысының дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі. Байқап қарасаңыз, бұл өнімдер вегетариандық тамақтануға жатады. Бірақ ет өнімдерін де жеу маңызды, аптасына 1-2 рет тұтынсаңыз болады. Егер вегетариан боламын деп шешім қабылдасаңыз, бірінші дәрігермен тілдесуге кеңес беремін, – дейді Виктория Борисовна. Қорыта айтсақ, жалпы кішігірім ізденіс барысында вегетариандық тамақтанудың өзіндік пайдасы бар екеніне көз жеткіздік. Бірақ етсіз тамақтану да адам ағзасына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан тамақтанудың қай үлгісін таңдасаңыз да деніңіздің сау болуына назар аударыңыз!
Аяулым ЖАМАНҚАРА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4 курс студенті