Түп-тегімізді білу– тектіліктің белгісі
Түп-тегімізді білу– тектіліктің белгісі
Қазақтың жанына жылқы жақын
«Жылқыны алғаш қолға кім үйретті?» деген сұрақ дау-дамайға айналғанда әлем ғалымдары, оның ішінде ағылшын оқымыстылары зерделей келіп, мұны қазақтың еншісіне түбегейлі жатқызды. Сондай-ақ Көкшетау өңіріндегі Ботай қонысындағы алғаш қолға үйретілген жылқыға 5 500 жылдай болған екен. Бабаларымыз жылқыны үйретіп қана қоймай, бие сауып, қымыз сапырып, етін азық еткен. Тұрмыстық шаруашылығына пайдаланған. Аттың құлағында ойнап, байтақ даламызды аласапыранда жаудан қорғап, халқы қоныстанған аумақты да ұлғайта отырып, ұшы-қиыры жоқ кеңістікке ие болған. Атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы мығ жылдықтың басында-ақ көшпенділерді айбарлы мемлекетке айналдырды. Бұрын-соңды болмаған үстемдікке қол жеткізді. Бүгінгі Қазақстан аумағы бүкіл түркі әлемінің орталығы, бесігі болғандығын біз әсте естен шығармауымыз керек. Ұлы даланың ежелгі металлургиясы Ғалымдардың зерттеуінде энолит немесе мыс заманында (б.д.д. 3-2 мыңжылдықта) адамдар өмірге қажет құралдарды алғаш рет мыстан жасай бастады. Одан соң мырыш, қорғасын, қалайы сияқты түсті металдарды қорытып, тұрмыста қолданды. Алғашқы темір кезеңі (б.д.д. VІІІ-ІV ғасырлар) біздің дәуірімізбен жалғасып, өркениеттік техниканың заманына тікелей жол ашты. Әуелі Есік қорғанынан, содан соң Қазақстанның бірнеше жерінен табылған «Алтын адамдар» әлемдік ғылым үшін сенсациялық жаңалық болды. Ондағы алтыннан апталған киімдегі өрнектер біздің бабаларымыздың асқан шеберлікпен алтын өңдеу техникасын меңгергенін білдіреді. Бұл дала өркениетін әйгілейтін бірден-бір фактор. Бұдан да басқа ежелгі шеберлердің сәнсалтанатты жасау-жабдықтары, ою-өрнек, жазу-таңбалары дала эстетикасынан, ілім-білімнен мол хабар береді. Әлемге әйгілі жеті кемеңгердің бірі деп танылған Анахарсисті (Қазақтар Анарыс дейді) «Тарихтың атасы» аталған ежелгі грек тарихшысы Геродоттың (б.д.д. 484- 425 жылдар) дерегіне қарағанда, Элладаға білім алу үшін сақ патшасы арнайы жіберген. Ілімбілім жинаған сақ тайпаларының ішіндегі ең құдіреттілерінің бірі – арыс тайпасы туралы көп деректер бар. Мыс, қола заманында тау-кен ісін шебер меңгерген арыс тайпалары (б.д.д 339 жыл) жарты Еуропаны жаулап қана қоймай, бізге бет алған Александр Македонскийдің (мүйізді Ескендір Зұлқарнайын) арынын басып, бетін қайтарған. Жебесінің құрыштан жасалған сауытбұзар ұшы Александрдың сауытынан өтіп, денесіне терең батып кетеді. Қаратаудың тумасы арыс тайпасының қастерлі ұлы одақ құрып, қайтпай қарсыласуы да жаулаушылардың шегінуіне себепкер болады. Сақтар жайында жұрт арасында мынандайда аңыз бар. Бірде Ескендір Зұлқарнайын әскерімен кешқұрым тыныстауға бір төбе аумағына жайғасады. Шолғыншылар қырдың астында алаңсыз демалады. Ертеңіне тұрып қарағанда қалың елді орнынан таппай қалады. Көшіп кетіпті. Тек екі аттылының ерсілі-қарсылы ойқастап шауып жүргенін көреді. Әлгілерден «бұларың қалай, не істеп жүрсіңдер?» деп сұрағанда «әншейін, қоян қуып жүрміз» дейді. Сөйтіп, әпсәтте көзден ғайып болады. Сірә, «Сайғақты жатыр деме, сақтарды отыр деме» деген сөз содан қалса керек-ті. Арыс өзенінің оң жағындағы Түркібасы (қазіргі Түлкібасы аталатын) жоталарынан тау-кен ісі – мыс, алтынкүміс өндіріп, қару-жарақтар мен тағы басқа еңбек құралдарын жасаған. Өте берік сауытбұзар құрыш қорытқан. Аттылы, бесқарулы, құрыштан соққан қару-жарақ иесі – Үйсін мемлекеті жауынгерлерінің айбынын асырған. Қазіргі Қаратаудағы тастардағы түрлі таңба-иероглифтер көп нәрсені аңғартады. Мұндай белгілер Хан тауы, Жамбыл тауының Қаражартас, Балатеңіз, Молалы жарқабақтарында да көптеп кездеседі. Ту ұстаған салт атты, садақ тартқан жауынгер, мүйізі өте ұзын, ірі денелі мақұлыққа жегілген арба, соқа тартқан өгіз бейнесі сақтардың егіншілікпен де мықтап айналысқанын көрсетеді. Қазақ тарихында өзіндік ерекшелігі бар өлке – Шу өңірі. Шу өзенінің теріскейіндегі (өзеннен 40-50 шақырым бойлай отырып) Хан, Жамбыл, Болат тауларында өз дәуірінде үйсіндер металлургиямен мықтап айналысқан. Жамбыл тауының Күйген жотасында түрлі-түсті кен қорытқан. 2012-2014 жылдары кен зерттеушілер бірнеше қапшық дорбасына ірілі-уақты тастар мен қиыршық қорытпа-рудаларды салып алып кеткен. Өздерінің қондырғы аспабымен балқытып та көрген (Бұл жайында жолбастаушы мойынқұмдық 72 жастағы Исан Төлегенов қария жақсы біледі). Бұл өңірдегі Шу қағанның да тарихтан алатын орны ерекше. Шу қаған да арыс, асы тайпаларымен тізе қосып сыртқы зор жаудан елін, жерін қорғауда аса ерлік көрсеткен. Александр Македонскиймен бетпебет шайқасқан тұстары да болған.
Бізге ілім-білім, жазусызу жат емес
Жалпы жазу-сызу өнерінің дамуы – адамзат қоғамының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Әлемдік өркениеттер осы жазудың пайда болған кезінен бастау алады десе де болғандай. Адамзаттың дами түсуіне түркілік өркениеттің қосқан үлесі орасан. Көктүріктің ұрпақтарының 1500 жылдай бұрынғы сына жазулары соған нақты дәлел бола алады. 35 әріптен тұратын әлемдегі ең көне жазба ескерткіштердің бірі саналатын Орхон-Енисей жазбалары да біздің қастерлі, қасиетті рухани мұрамыз. Сондай-ақ бұл түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келеді. Күлтегін жазуы да түркі халықтарының ғана емес, адамзаттың баға жетпес мұрасы болып есептеледі. «Павлодар облысындағы Буровое селосы маңынан табылған қорымның барлық белгілері мен сипаттарын зерделей келе, ол жаңа жыл санауға дейінгі V-IV ғасырдың мұрасы екені анықталды. Қорымның құпия сырын ішке бүккен түрлі бұйымдар, батырдың және ол мінген аттың сүйектері, тұтынған қару-жарағы табылды. Солардың ішінде ерекше көңіл аударарлығы, мүлік-жүгін сағалдырығына тағылған, марал пішіндес етіп ойылған, өрнекті жазуы бар тұмар сүйек еді. Жазуды мамандар түріктің жазуы деп тауып, оны оңынан солға қарай оқыды. «Ақмарал», деген сөз екен» (археолог Ф.Х.Арсланова). Сондай-ақ қазақ зерттеушісі О.Сүлейменовтің осыдан 6 мың жыл бұрын Ефрат пен Тигр өзендерінің арасын мекендеген шумерлердің сына жазуында түркі тілінің ізі сақталғанын өзі жасаған сөздер кестесі арқылы көрсетіп берген («Аз ия я Я», 1975 жыл, 191-192-беттер). Түркі ғалымы Әдилә Аиданың жаңа жыл санауға дейінгі бір мыңжылдықта Апенин жартыаралының терістік батыс бөлігіндегі Римге дейінгі өркениетті өмірге келтірген этрускилердің тегі де түрік екенін, этруски жазуларында түркі сөздері бар екендігін дәлелдеген («Ұлы қағанат», 86-бет, Қ.Салғараұлы).
Арғы тегіміз кім болған?
Шынтуайтында, біз көшпелі ғана емес, жазу-сызуы, ілім-білімі, мәдениеті дамыған өркениетті, рухы биік отырықшы да ел болғанбыз. Оған әр өңірдегі ондаған қаламыз, қыштан жасалған жерасты су құбырларымыз бен жүргізілген жылу жүйелеріміз дәлел бола алады. Данышпан ұлы бабамыз Жүсіп Баласағұн: «Болған талай қалалар да, халық та, Уақыт көмді бәрін бірдей табытқа. Болған талай ауылымыз, тайпамыз, Енді оның ізін тауып байқаңыз», деген. Кезінде шығыс шекарасы – Қытаймен, батысы – Византиямен, түстігі – Парсы елімен, бір шеті – Үндістанмен шектесіп жатқан «Ұлы Түрік қағанатын» ғалымдарымыз ататегіміздің аумағы болғанын ғибрат етіп айтып та, жазып та келеді. Түріктің күші – еркіндігінде. Жердің сонысын, судың тұнығын таңдап көшіп, сонымен өзін де, малын да асыраған. Аң қуып, көкпар тартып, күн сайын соғыс ісіне жаттыққан. Ат үстіндегі түрік жауынгерлеріне ешкімнің тең түсе алмайтыны да содан. Қазіргі жыл санауымыздан бұрынғы V- I I ғасырларда-ақ бабаларымыз Сақ (скиф те дейді), Массагет, Ғұн, Түрік –көктүріктер болып келген. Рим империясына жасаған жорықты басқарған ғұн көсемі Еділ (Атилла) бірнеше ірі мемлекеттерді басып өтіп, атақты Рим империясын бағындырып, 395 жылы оны ресми түрде Шығыс және Батыс империя етіп екіге бөліп тастаған. Әйгілі «Қытай қорғанын» да салуға мәжбүр еткен де осы Ғұн патшалығы. Атилла-Ғұн империясын құрған Мөде қағанның ұрпағы Атилла да, Мөде қаған да, Шыңғыс хан да ғұн халқының перзенттері. Бұл жайында Мағжан Жұмабаев: «Ерте күнде отты күннен ғұн туған, Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам. Жүзімді де, қысық қара көзімді, Туа сала жалынменен мен жуғам. Қайғыланба, соқыр сорлы шекпе зар, Мен – Күнұлы, көзімде күн нұры бар. Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар», деп жырлаған. Екінші Шығыс қағандығының көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, Түркі әскеріндегі ең жоғары атағын алған Аға тархан иегері Тоныкөк (646-731жылдар), Күлтегін (684-731жылдар), Білге қаған (685-734 жылдар) елін қорғаған әскери қолбасшы ғана емес, ілім-білімнің, мәдениеттің, руханияттың зор иелері болды.
Алтын Орда туралы не білеміз?
Орыстардың өз есебі бойынша, Бату ханның 250 мың әскерінің ішінде төрт-ақ мың моңғол текті сарбаз болған екен. Оның өзі түгел моңғол емес, бергі шеттегі ойраттар. Мен Ресейде шығатын «Новая время» деген газеттен оқыдым. Бізді 300 жылға жуық моңғол билеп тұрды дейміз. Бірақ орыс тілінен енген бірде-бір сөз жоқ, ал оның есесіне мыңдаған түрік сөзі еніп кеткен (Бұл жайлы О.Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабынан, «Игорь жасағының жорықтарынан» да анық көруге болады). Қазіргі ғалымдардың айтуынша, Шыңғысханды қазақ-қият, ұлт қолбасшысы қазақ-жалайыр Мұқылаймен туыстас деп те жазып жүр. Жазушы Мұхтар Мағауин: «Шыңғыс ханның түркі екені айдан анық. Отаршылдықтың тәлім, ықпалының әсерінен біз Шыңғысхан мен түріктердің басын қоспау, түрікке жолатпау ұстанымындамыз. Әйтпесе моңғол екі миллионнан енді ғана асты. Шыңғысханнан бері 9 ғасыр өтті. Шыңғысханның тұсында шағын тайпа моңғолдар ел санатына әлі кірмеген-ді», деген болатын. Иә, Батыс Еуропа, Ресейді 300 жыл билеген Алтын Орда тағдыры еске түссе қай қазақтың болсын өзегін өкініш өртейтіні рас. Түркі ұлысының алауыз бақталастықпен өзара қырқысуы, Тоқтамыс, Мамай, Едігенің және олардың ұрпақтарының өзара ауызбіршілігінің болмауы, қарадан шыққан Ақсақ Әмір-Темір (хан емес) мен Едіге ұлы ұлыстарды ыдыратып тынды. Алтын Орданың түбіне жетті. Яғни бүкіл шығысты, түркілер дәуірін қолдап күйретті. Ақырында ұсақ хандықтар бекерге бөлініп, боршаланды. Осы кезеңдегі өзара қырғиқабақ шайқастан екі жарым миллиондай еркек кіндікті жер жастанды, ұлы дала иесіз қалды. «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кейпі келіп, керісінше біз 300 жылдай орыстың боданы болдық. Бұл – тарихи шындық. Бұл да Ұлы даланың бір қыры Біз өзіміздің тарихымызға жателдіктердің көзімен қарап, солардың пайымдауымен біліп келдік, білім алдық. Қазақтар туралы қытай жылнамашылары Қытай империясының, ал орыс ғалымдары Ресей империясының саяси мүддесіне бейімдеп жазған. Ал Кеңес заманында жүргізілген солақай саясат қазақ халқының ежелгі тарихын арнайы зерттеуге мүлдем тыйым салды. Он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бастап Ресейдің: «...низшие народы человечества никогда не будет занимать высокого поста во всемирной истории» деген идеясын жүргізгені жасырын емес. Әлі де кейбір шовинистардің Ұлы дала көшпенділеріне – бізге «жабайылар» (варварлар) деп қарап, мәдениетімізге, ілімбілімімізге мән бермеуін, менсінбеуін бүкіл ұлттық тарихымызға жасалған қиянат деп түсінгеніміз жөн. Жалған тарих қанша шебер жасырынса да, уақыт өте келе, менмұндалап көріне береді. Белгілі ақын О.Сүлейменов «Орыс халқы тарихының басты куәгері» деген рус жылнамаларының түпнұсқалары (древнерусские летописи) түркітілді болғанын дәлелдеп берген. Орыстардың мықты деген академик ғалымдары оны жоққа шығара алмайды. Мұнымен өзге елдің тарихын төмендетіп отырған жоқпыз, өз тарихымызды аспандатайық деген ниеттен туған ой. Ұлы даламыздың бар қыр-сырын, тарихи шындығын, ақиқатын ашық айтып, ашып жазайық. Осыдан мыңдаған жыл бұрын Геродот, Страбон, Анахарсистер, Мөде тәңірқұты Ұлы дала тарихын зерттеп, жазып кеткен. Біздегі жаман бірнәрсе – бүгінгі болмысты бүгін емес, ертең айтып, ертең жазамыз. Бір кем дүние...
Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ, еңбек ардагері, Мойынқұм ауданы