Жаңалықтар

Журналистерге жауап беруге міндетті: Мәжіліс төрағасы депутаттарды ашық болуға шақырды

Журналистерге жауап беруге міндетті: Мәжіліс төрағасы депутаттарды ашық болуға шақырды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарды белсенді әрі жауапты болуға шақырды, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Бүгінгі жалпы отырысқа 97 депутат қатысып жатыр. «Біріншіден, мемлекет басшысының реформаларының нәтижесінде елдегі негізгі саяси институттардың барлығы жаңғырды. Өткен мәжіліс сайлауы сол жаңарудың соңғы сатысы болды. Оған дәлел Мәжілісте алғаш рет 6 саяси партия және бірмандатты округтен сайланған депутаттар отыр. Біздің бағдарламаларымыз бен көзқарасымыз әртүрлі болғанымен елдің мүддесі, мемлекеттің мүддесі мәселелеріне келгенде бәріміздің ойымыз да, міндетіміз де ортақ. Сондықтан алдымыздағы мақсат-міндеттерді тізе қосып, бірге асыруымыз керек деп есептеймін. Күн сайын жұмысымыздың қарқыны да, салмағы да арта түспек», - деді Ерлан Қошанов. Екіншіден, ол заң шығару мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, қазір Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша жуық арада тағы да бірқатар заң жобасы келіп түседі. Оны депутаттар тез әрі сапалы түрде қабылдау керек. «Бұдан бөлек, депутаттардың заң шығаруға бастамашы болуға өкілеттіміз бар. Сол мүмкіндікті біз толық пайдалануымыз керек. Оның үстіне, бәріміз өңірлерді аралап келдік. Көптеген депутат сол өңірлерден келді, қызмет атқарып. Біз барлық түйткілді жақсы білеміз деп айта аламын. Өзекті мәселелерді де жақсы білеміз. Сондықтан депутаттар белсенділігін барынша арттырып, осы мәселелерді заңнамалық түрде реттеуге ат салысады деп ойлаймын», - деді Ерлан Қошанов. Үшіншіден, Мәжіліс төрағасы ашықтық мәселесі туралы айтты.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов заңдарды талқылауға қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды шақыру да өте маңызды екенін атап өтті. «Әсіресе, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы Мәжілісте өңірлердің де үні естіліп жатуға тиіс. Сонымен бірге қоғамдық палата да көп ұзамай жұмысын бастайды. Ол қызу пікірталас алаңына айналатыны сөзсіз. Ел болашағына бей-жай қарамайтын барлық азаматқа, қоғамдық ұйымдарға есігіміз айқара ашық. Менің ойымша, нағыз халықтық Парламент дегеніміз осы. Осының бәрі елімізде Парламентте жаңа саяси дәстүр, жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр», - деп сөзін түйіндеді төраға.