Қоғам

ТАҚИЯ ТІГІП ТЕ ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ

ТАҚИЯ ТІГІП ТЕ ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ

Соңғы жылдары ұмыт қалған ұлттық бұйымдарымыз қайта қолданысқа еніп, сәнді тақия киген қыздарымыздың қатары көбейіп келеді. Әдеттегідей тек Наурызда ғана емес, күнделікті өмірде де тақияны басынан тастамайтын жастардың өсіп келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлады.

Ұлттық бас киімді ұлықтап жүрген жас кәсіпкердің бірі – Шынар Ертазаева. Айтуынша, кәсіпкер тың кәсіпті ойда жоқта қолға алған екен. Әлеуметтік желі арқылы өзіне тақияға тапсырып беріп отырғанда көпшілік қызығушылық таныта бермейтін кәсіпті облысымызда дамытуға белді бекем буады. «Басқа облыстағы кәсіпкерге тапсырыс беріп, тақиясын алғанша неге өзім тігіп, сатпаймын» деген ой келіп, бірден іске кірісіп кетеді. Алдымен тақияны тігу әдісін, қоғамдағы сұранысты, бағасын, бір сөзбен айтқанда болашақ кәсібі жайлы жан-жақты зерттеп, зерделеп, мәліметтер жинай бастайды. – Тақия тігіп, сату идеясы ойламаған жерден келді. Өзім бұрыннан босқа қарап отырғанды ұнатпаймын. Кіші балам ауруханаға түсіп, күтімімен айналысып жүргенмін. Әлеуметтік желіні ашқан сайын тақия киген сұлу қыздарды көріп, қызығушылығым ояна түсті. Сөйтіп бір тақияға тапсырыс беріп отырғанда «неге өзім де жасап көрмеске?» деген ой келді. Осылайша командама тігінші қыздар тауып, жұмысты бастап кеттік. Қазір жастардың ұлттық дүниелерге, әсіресе әшекейлі тақияларға қызығушылығы жоғары. Сондықтан біздің қолөнеріміз сұранысқа ие деп сеніммен айта аламын, – дейді Ш.Ертазаева. Кейіпкеріміз күн санап дамып келе жатқан кәсібін небәрі 20 тақиямен бастаған. Сатып алушылардың ықыласы жақсы болғандықтан көрсеткішті 3 күннің ішінде 2 есеге арттырған. Осы орайда Шынардың кәсібінің дамуына көп ықпал еткен әлеуметтік желінің пайдасы жайлы да айта кеткен жөн болар. Шынардың кәсібі «Instagram» (тakiya_taraz08) әлеуметтік желісімен тығыз байланысты. Себебі әзірге өнімін желі арқылы жарнамалап, саудалап отыр. Кәсіпкердің тақиялары тек Жамбыл облысында ғана емес, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Ақтау, Атырау өңірлерінде де үлкен сұранысқа ие. Шынардың айтуынша, тақия тігу бірнеше сатыдан тұрады. Әуелі үлгісін ойлап табу керек. Одан кейін тігін тігудің технологиялық картасы құрылады. Мұнан соң дайындық кезеңіне кірісіп, материалдардан бөлшектерін кеседі. Ең соңында дайын үлгіні тігіп шығарады. Кейін үлгіні қиялына қарай өңдеп-әрлейді. Мата таңдау (киіп жүргенде қолайсыздық тудырмайтыны, басты терлетпейтіні таңдалады), әшекей бұйымдармен сәндеу, дайын тақияны арнайы дизайнмен шығарылған орамамен орау жұмыстары да зор шеберлікті қажет етеді. Тақияның бағасына келер болсақ, қызығушылық танытқан нәзікжандылардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейді. Бағасы қолжетімді. Түрлеріне қарай бағасы 5 500 теңгеден басталады. «Kaspi Red»-пен бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Парақшасына оқырман тарту, тұтынушылар санын арттыру мақсатында әртүрлі жеңілдіктер жасап тұрады. Әзірге Шынар тақия бизнесін дамытуды қолға алған алғашқы кәсіпкерлердің бірі деуге лайық. Шынар Ертазаева алдағы уақытта кәсібін дамытып, ұлттық нақыштағы бұйымдар сататын дүкенін ашып, жеке брендін қалыптастырғысы келеді. Мақаланы жазу барысында ғаламтордан ұлттық нақыштағы тақия жайлы мәліметтерді іздестіріп отырып бір қызықты дерекке көзіміз түсті. Еуропа мемлекеттерінде ұлттық бас киіміміз тақияға, көздің жауын алатын әшекей бұйымдарымызға ерекше қызығушылық танытады екен. Көбісі әдемілігіне тамсанып, өздері де сол бұйымды тағуға құмартатын көрінеді. Осыны ескере отырып келешекте ұлттық қолөнеріміздің бүкіл әлемге танылатынына сеніміміз нығая түсті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ